- Advertisement -

Қазақстанды әлемге танытқан жаһандық бастамалар

273

- Advertisement -

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде көпвекторлы саясатқа иек артатынын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дүниеге мәлімдеген еді. Егемендік алғалы бергі 31 жыл ішінде «тоғызыншы территория» әлемдік аренада осы ұстанымына берік екенін сан рет дәлелдеді. Қазақстан көтерген бастамалар әрдайым халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып келеді.

Ядролық қауіпсіздік жолындағы
алғашқы қадам

Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырған бастамалары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі әрі елеулісі, еліміздің жаһандық имиджіне тікелей әсер еткен оқиғаның бірі – Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы. Бұл бастама шартараптың түкпір-түкпірінде ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті халықаралық қоғамдастық та одақ тарағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күдікке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.

Бұл күтпеген қадам еді. Өйткені Қазақстанның оқтұмсықтары Батыстың бетке ұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны белгілі. Түрлі себепті сылтауратып олар Қазақстанға жиі-жиі ат басын бұратын. Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер- министрі Маргарет Тэтчер сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, Президентпен кездесті.

Келіссөздер барысында «темір леди» ядролық қару туралы сұраған екен. Назарбаевпен емен-жарқын әңгімелескен Тэтчер ханым кейінірек ағынан жарылып, «қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», дегені ел есінде.

Қазақстан басшылығының Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуын халықаралық ұйымдар бұрын-соңды тарихта болмаған тың және батыл бастама деп мойындады. Ядролық қарудан бас тарту – Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жолындағы алғашқы қадамы болды. 2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария еткен болатын. Сол уақыттан бері бұл күнді бүкіл әлем елдері атап өтіп келе жатыр. Айта кетерлігі, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін белгілеу туралы ұсынысты қазақ елі жасаған еді. Ал 29 тамызға таңдаудың түсуі де кездейсоқ емес. Өйткені сонау 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан біржақты тәртіппен Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатқан болатын.

Адамзат баласына орны толмас қайғы мен қасірет әкелген зұлмат қару ең алғаш рет 1945 жылдың 16 шілдесінде Американың Нью- Мексика штатындағы Аламогордо қаласына тақау жерде сыналғаны тарихтан белгілі. Сол уақыттан бастап 1996 жылы ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанға дейін жер бетінде 2 мыңнан астам ядролық сынақ жасалыпты.

Нақты деректерге жүгінсек, АҚШ 1945-1992 жылдары аралығында 1032, Кеңес одағы 1949-1990 жылдары 715 сынақ жасаған екен. Ал Кеңес одағында жасалған ядролық сынақтардың басым бөлігі қазақ жерінде өткізілгені де белгілі. Иә, кеңес заманында Қазақстан одақтың ең ірі ядролық қару базасына айналды. 40 жылдың ішінде республика аумағында 456 жерасты және жерүсті сынағы жасалды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Айта кетерлігі, бүкіл әлемде жасалған барлық сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында болған.

«ХХ ғасырдың 80-шы жылдарының соңына қарай Қазақстанда «Невада- Семей» антиядролық қозғалысы белең ала бастады. Антиядролық қозғалыс төңірегіне топтасқан қоғам үніне құлақ асқан ел басшылығы Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Полигон тарихымен баланысты мәліметтер жаға ұстатады. Чернобыль атом электр стансасындағы реактор жарылысы жантүршігерлік апат болғаны белгілі. Бірақ ол бір-ақ рет орын алған. Ал Қазақстанның полигонға тақау облыстарының тұрғындары бірнеше ондаған жыл бойы ядролық қару зардабын тартып келді», – дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин.

Осы орайда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, PhD докторы Далелхан Айболат КСРО-ның ыдырауы мен қоскіндікті әлемдік тәртіптің жойылуы Қазақстанға қызыл империяның құрсауынан құтылып, азат ел ретінде көк Туымыз көкке көтерілген қуанышымен қатар көптеген сын-тегеуріндерін қоса алып келгенін айтады. «Солардың біреуі де бірегейі Кеңес одағынан елімізге енші есебінде қалған ядролық қарулардың төңірегіндегі мәселе болатын. Тәуелсіздік алған тұста еліміздің иелігінде қалған кеңестік ядролық қару-жарақтардың саны мен әлеуеті Қазақстанды әскери тұрғыдан алғанда бірден супердержавалар қатарына қосарлықтай еді. Атап айтқанда, КСРО ыдыраған тұста Қазақстан территориясында, нақтырақ айтқанда Семей, Сарыөзек және Байқоңырда әрқайсысында 10 оқтұмсық қондырылған 108 зымыран тұрақты кезекшілікте тұрды. Ал ядролық заряды бар оқтұмсықтардың жалпы саны 1400 дана болатын. Сонымен қатар 240 ядролық қанатты зымырандармен жабдықталған 40 «ТУ- 95 МС» стратегиялық бомбалаушы ұшақ болды. Осынша сұрапыл қару-жарақтың тәуелсіздігін жаңа алған, 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын, көрші-қолаңдарымен әлі шекарасын айқындамаған, ішкі-сыртқы саяси-экономикалық ұстанымдары нақтыланбаған жас мемлекеттің қолында қалуы кім-кімді де алаңдатқаны рас. Сонымен қатар Қазақстанда қалған кеңестік ядролық қару-жарақтардың мәселесі еліміздің жас дипломатиясы үшін үлкен сын- тегеурін болғанын да атап өту қажет», – дейді сарапшы.

«Тағы бір фактіге назар аударғанымыз жөн болар. Сол уақыттарда Қазақстан бірқатар мұсылман мемлекетінің ядролық қаруды сақтап қалу ұсыныстарынан бас тартты. Жас мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ядролық қарудан айырылмау қажеттігін табандап тұрып жақтаған ел ішіндегі күштерге де тойтарыс берілді. Осы орайда Семей полигонын жауып, әрі әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық қару арсеналынан бас тартқан Қазақстанның ауқымды әлемдік бастамаларды ілгерілетуге толықтай моральдық құқығы бар. Қазақстан бұл бағыттағы белсенді саясатын ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық жаһандық саммиттерде жалғастырып келеді», – дейді М.Лаумулин.

Еліміздің бұл қадамын шетелдік саясаткерлер жоғары бағалағаны мынадан байқалады. БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған Пан Ги Мун бір сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевқа былай деген еді: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көреген шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге ықпал еттіңіз».

БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Кофи Аннан да еліміздің бастамасын жоғары бағалады. «1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты», деген еді ол.

АӨСШК мен ШЫҰ – жетекші ынтымақтастық ұйымдар

Еліміздің сыртқы саясаттағы, әлемдік аренадағы келесі бағыты халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. Бұл міндетке Қазақстан елеулі үлес қосып келеді. Қазақстанның бастамасымен іске қосылған ұйымдар сөзіміздің дәлелі.

Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренадағы Қазақстан беделін арттыратыны айтпаса да түсінікті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көп салалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдардың біріне айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.

Қазақстанның маңызды жаһандық бастамасы ретінде Азиядағы өзара іс- қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру ұсынысын атап өткен абзал. Бұл маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам еді. Н.Назарбаев осы ұйымды құру туралы ұсынысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген болатын. Бастама Азия өңіріндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.
Уақыт АӨСШК процесінің өзектілігін көрсетті.

Оның аясында саяси диалогты институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың күрделілігін айқын түсінді. Бүгінгі күні АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум.

Қазақстан өңірде жалпыазиялық ортақ қауіпсіздік құрылымын құру бойынша өзінің мақсатты жұмысын жүргізіп келеді. Тұңғыш президенттің басшылығымен көптеген жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде, АӨСШК идеядан практикалық және нақты жұмыс істейтін құрылымға айналды.

Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қаланды

Көршілес елдер интеграциялық құрылымдар ұйымдастырғанда ғана экономика өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, елдің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақсатта құрылғаны белгілі. Кеңес одағы тарағаннан кейін Қазақстан басшылығы Еуразия құрлығын қамтитын алпауыт ұйым құру қажетін жете түсінді.

Еліміздің тұңғыш президенті 1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық интеграция идеясын жария етті. Ол профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер алдында оқыған дәрісінде «Еуразиялық экономикалық одақ – құлаған Кеңес одағын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің нақты ұстанымы. Саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды», деген болатын.

Осылайша, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін 2000 жылғы 10 қазанда елордада өткен саммитте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Аталған құжатта сауда-экономикалық ынтымақтастықты тығыз әрі тиімді жүргізудің тұжырымдамасы бекітілді.

2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Біртұтас экономикалық кеңістік жобасының шеңберінде Кеден одағын құру туралы келісім жасады. Соған сәйкес, болашақ интеграцияның жол картасы қамтылып, Еуразиялық экономикалық комиссияның және 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістік негізі қаланды. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда- экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 миллиард АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 миллиард долларды еңсерген.

Дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастама

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату.

Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан өз астанасында бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де тәуелсіз елдің сыртқы саясаттағы беделіне байланысты деуге болады. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.

Сириядағы азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік-биік мінберлерде айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда, Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Астана процесі ретінде танылған бұл жиынның тиімділігі бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Сирия келіссөздерінің оңтайлы жүргізілуіне бейтарап Қазақстан алаңының тиімді болғанын кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран және Ресей елдері президенттерінің жылы лебіздерінен-ақ байқауға болады. Мәселен, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты. Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды», дегені есімізде. Кремль басшысы Владимир Путин Сириядағы дағдарысты шешу мақсатында Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президентке алғыс білдірді.

Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Қазақстанның бейтарап позициясы, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпауы беделді бітімгер екенін көрсетеді. Қазақстан басшысы барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп Астана процесіне лайықты бағасын берді.

2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстанбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.

2012 жылдың тамызында елордада «Ядролық сынақтарға тыйым салу, ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция өтті. Іс- шара барысында Қазақстан «АТОМ» халықаралық жобасын ұсынды. Бұл жобаның атауы «Abolish Testing. Our Mission», яғни «Сынақтарды жою – біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы жер бетіндегі кез келген адам онлайн- петицияға қол қоя алады.

2014 жылдың наурызында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммитте Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құру туралы шешім қабылданып, 2015 жылдың 27 тамызында елімізде төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды. 2015 жылы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы қабылданды. Құжатқа 35 мемлекет теңавтор болды.

Қазақстанның ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта елордада өткен «EXPO- 2017» көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге күш салды. 2019 жылы қарашадағы Astana Club отырысы аясында Қазақстан тарапы ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды.

Қорыта айтқанда, еліміздің жаһандық деңгейдегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, әлемдік аренадағы абыройын асқақтатты. Қазақстан төрткүл дүние мойындаған мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын ел атанды.


Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support