- Advertisement -

Ән тербеген Әулиеата

52

- Advertisement -

Композиторға деген көпшіліктің құрметі шексіз болды

Әйгілі композитор, белгілі қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның және Қырғыз мемлекетінің еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов Жамбыл жерінде болып «Баласағұн» концерт залында «Жайлаукөл кештері» атты шығармашылық кеші өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен өнер кеші Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымының театрландырылған көрінісімен ашылды. Әсерлі сазға толы кешке облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.

Мұнан соң Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының және Сарысу аудандық мәдениет үйінің әншілері қазақ ұлт- аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Илья Жақановтың сырлы әндерінен концерт берді. Концерт «Фердаус» төрттігінің орындауындағы «Еділ мен Жайық» әнімен басталды.

Танымал өнерпаз Әсел Уашева орындаған «Алматы кешінде» әні де көптің көңілінен шықты. Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағымбекова және Жазира Сметова қосыла шырқаған көпшілікке кең танымал «Нені ойладың?», «Тараз» триосы орындаған «Қазығұрт» әндері де барша көрерменге жақсы әсер сыйлады.

Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадіров «Балқантау аққулары», «Қызыл гүлі Таластың», Динара Диқанбаева «Сырдария вальсі», Дулат
Жасұзақов «Әсел» әндерін орындап, көрермен көзайымына айналды. Концерт барысында әйгілі композитордың жары Тиыш Әлтайқызының, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың осы іс-шараға арнайы келгені айтылып, құрмет көрсетілді. Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған кеш иесінің «Менің де дауысым
естілер», «Арысым» атты жаңа әндерін елімізге танымал эстрада жұлдызы Шаба Әденқұлқызы шебер шырқады.

Сарысу топырағынан келген «Сарысу» үштігінің және Сарысу аудандық мәдениет үйінің әншісі Мөлдір Мұсаеваның әндері де көпшіліктің көңілінен шықты. Әсерге толы концерттен соң сахнаға Илья Жақанов құрметпен шақырылды. Әйгілі композиторды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. «Қадірлі жерлестер! Бүгін өздеріңіз куә болғандай, «Баласағұн» концерт залында керемет сазды кеш өтіп жатыр. Ол бәріміздің жүрегімізден орын алған Илья Жақанов ағамыздың кеші. Осы ән мен өлең әр қазаққа алпыс жылдан бері таныс. Осы Илья ағаның әнін тыңдап өстік.

Бүгінгі және болашақ ұрпақтар да осы әндермен сусындап, әсерге бөленетіні анық. Елдің мұратын, жердің кеңдігін, туған өлкенің қасиетін, өзен мен көл, таулардың табиғатын осы әндер арқылы біліп отырмыз. Келешек ұрпаққа да мұндай шығармалар – таусылмас тәрбие.

Биыл біз әйгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдық, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойларын өткіздік. Әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешін осы залда өткіздік. Ғажайып күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кешіне өздеріңіз куә болдыңыздар. Мұндай үрдіс алда да жалғасады. Біз Илья ағаны мақтан тұтамыз. Сіздің әндеріңіз халықтың талай толқындарын тәрбиеледі. Сіз – барша қазаққа үлгі болдыңыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сізді «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары марапатымен марапаттады. Құтты болсын! Барша жамбылдық жерлестеріңізге де жақсылық тілеймін! – деді Нұржан Нұржігітов.

«Бүгін өмірімдегі ұмытылмайтын сәттерді бастан кешіп, бақытқа бөленіп тұрмын. Елге келгенімнің өзі үлкен сағыныш. Осынша құрметтеріңіз, осынша бағалау мен ардақтау ерекше толқытады екен. Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы қай кезде де хабарласып, құрметтеп тұрады. Кісілігі мен кішілігін танытады. Облыс әкімдігіне, мәдениет саласындағы азаматтарға, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевке және сарысулықтарға ерекше алғысымды білдіремін. Былтыр Сарысуда керемет жоғары деңгейдегі кешім өткен. Бүгін де сондай әсерге бөлендім. Бұл әншілер елорда мен Алматыда жүрген танымал әншілерден еш кем емес. Бүгін тамаша орындауларға куә болып, ризашылық күй кештім. Баршаңызға рақмет! Ерекше ықыласпен әнімді қосыла шырқап отырған көрерменге рақмет. Мен сіздерді сағынамын, сіздерге келіп тұрамын. Өнер мен ән, шығармашылық жасай берсін», – дей келе Илья Жақанов барша көпшілікке, өнерпаз жастарға батасын берді.

Келесі сәтте барша өнерпаздардың орындауында автордың кеңінен танымал «Жайлаукөл кештері» әні шырқалды. Бұл әнді көпшілік қосыла шырқап, орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Сондай-ақ көпшілік өнер көрсеткен барша әншілер мен өнер ұжымдарына деген ризашылықтарын білдірді.

Кеш соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Бұл – әйгілі композитордың шығармашылығына деген үлкен құрмет екені сөзсіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support