- Advertisement -

Мағжан Жұмабаевтың бауырлары Әулиеата жерінде тұрған

457

- Advertisement -

Әуелі ақын жайында

«Тек ел деген сөз үшін, ергенде ердім ұранға…» деп «Толғау» атты өлеңінде өзі өмір сүрген өмірі, соқтықпалы, соқпақты ғұмыры жайлы ағынан ақтарылған Мағжан Жұмабайұлы 1893 жылы бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Сарытомар ауылында) дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады.

Ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавловск) медресеге оқуға түседі. Бұл медреседе араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңерген, Стамбулда оқып, дәріс алған, ауқатты семьядан шыққан жергілікті интеллигент Мұқамеджан Бегешов ашқан екен.

Атасы Жұмабай діндар, қажылыққа барған қазақ. Мағжанның әкесі Бекен сол өңірге белгілі көзі ашық, көңілі ояу адам болғанға ұқсайды. Оның кіндігінен төрт ұл, бір қыз тарайды. Өкінішке орай, Бекеннің алғашқы екі ұлының және қызының аты-жөні бізге мәлім емес. Тегі – Арғын тайпасы, руы – Атығай, оның ішінде Есентаңырық. Үшінші ұлының аты Мағжан, ал кенже ұлының есімі Сабыржан екен.

Шынында да Мағжан өзінің әрбір өлеңінде халықтың мұң мен зарын, қайғысы мен қуанышын жан-тәнімен сезініп, ұлтының Ұлы Түркілік рухын көтеруге жан-тәнімен қызмет еткен ақын. Кеңес өкіметінің алғашқы аласапыранды кезінде 1917 жылы Алаш Орда өкіметі құрылғанда қазақ халқының теңдігі мен бостандығын ту етіп көтеруге ұмтылған қайраткер. Небәрі екі жарым жыл-ақ өмір сүрген Алаш Үкіметінің сөзін сөйлеп, сойылын соққан Мағжан ақтық демі біткенше «елім», «ұлтым» деп өмір сүрді. Адалдығынан айныған жоқ.

Өршіл рухты, ойшыл ақын Ташкентте жүрген кезінде «Батыр баян» поэмасын жазады. Ол туралы әңгімеміз кейінірек. «Байшыл ақын» деп қаралап, Кеңес өкіметінің сойылын соққандардың жаласынан бойын аулақ салған Мағжан 1923 жылы Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет – көркем өнер институтында оқиды. Осында оқып жүргенде оның шығармалары тағы да орынсыз сынға ұшырайды.

1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері Университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1912 жылы Қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр-жинақтарын талқыға салады. Жиналыс Мағжанның шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылдайды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын «Сәлем хат» деген өлең жазды. Ақынның бұл өлеңі «Тілші» газетінде жарияланды.

Көп ұзамай «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 19 желтоқсандағы санында Сәбит Мұқановтың «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабаевқа» деген ескертпемен «Сәлемге сәлем» деген жауап өлеңі басылды. Байқап отырсаңыз, Мағжанды ақын демейді азамат дейді. Өлеңінде жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, «уралап айқайламадың» деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен М.Жұмабаев қатаң сынға алынды.

Сәбит Мұқанов сол кезде Мәскеуде Рабфакта оқитын. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші Сәбит те жинағын кітап етіп шығаруға сол кездегі тәртіп бойынша ең әуелі Орталық Партия Комитетінің баспасөз бөліміне рецензия алу үшін ұсыныпты. Сәбит ол қолжазбаны сол бөлімде істейтін Ғаббас Тоғжановқа табыстайды. Ертеңіне Тоғжанов оған өлеңдер жинағы туралы рецензияны береді. Онда өлеңдерге талдау жасалынып, оны ішіндегі жақсыларын іріктеп, Шығыс баспасынан шығаруға болатынын айта келіп, рецензияның бұрыштамасына Сталиннің қолымен жазылған «Московскому Восточному издательству! Отобрать лучшие стихи из сборника товарища Сабита Муканова и издать сборник. И.Сталин» деп пәрмен беруін көрсетеді. Ғаббас оған: «Орынборыңа қайта бер, қолжазбаны Шығыс баспаханасының меңгерушісі Нәзір Төреқұловқа өз қолыммен тапсырамын»,– дейді.

Сөйтіп Сталиннің өзінен «Бата» алған Сәбең көңілі көтеріліп, Қазақстанға қайтады. Бірақ Нәзір Төреқұловпен екеуінің арасында қатынастарына сызат түсірген оқиға жөнінде жасырмай жазыпты. Кеңесшіл ақындар Сәбит мен Сәкеннің «Жаңа өмірді жырлаңдар» деген ақылдарын Алаш Ордашылар алған жоқ.

Мағжанның шығармаларын зерттеген филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаев оның 1927-1938 жылға дейін шығармашылықпен айналыспағанын, айналысқан күнде қолжазбаларының жоқтығын айтып, ақынның «Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі» деуінде үлкен мән жатыр дейді. Сол заманның құрбаны, ақын Бернияз Күлеевке Мағжанның арнап жазғанын меңзеп:

Өмір, өлім – мәңгі аңдысқан екі жау,

Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау.

Сол жыр таппай, садақ тартпай, сабыр ғып,

Қан майданда күңіренсең еді, сор бала-ау, – деп адамның өміріндегі орнын бәрібір биік қойғанымен, осы өлеңін өзінің өмірі мен өліміне арнағандығын мысалға келтіреді.

Біз мақаламызда өзіміз жақсы сыйлайтын Сәбит Мұқановтың естелігін еске алуымыздың өзіндік мәні бар. Меніңше, қазақтың зиялылары өзі сүрген ортаның жетегінде кетпей, саясаттың құрбанына айналмағанда, жағымпаздық пен жарамсақтыққа салынбағанда, халқының мұңы мен зарын бірге жоқтағанда, бірін-бірі сатпағанда, қазақ халқы мұншама рухани құндылықтан ажырамас еді-ау.

Ақиқатты айтқанды жау көрмегенде қазақ халқы алыптарынан айырылмай, ашаршылыққа, қуғын-сүргінге жол бермей, ұлттың ақыл-ойын сақтап қалатын ба еді? Олай дейтінім, қазақ халқы қынадай қырылып жатқанда, бауырлас қырғыз, өзбек, түркімен жұртында мұндай ақылға сыймайтын сұмдықтардың орын алмауы соны аңғартады. «Жеке басқа табынушылықтың» қай заманда да – халыққа зор кесапат әкелетіні тарихтан белгілі. Соның бір құрбаны Сабыржан Бекенұлы туған атамекеніне жете алмай «іштей тынып, қазақ болып туып, орыс болып өлді».

Әрине, қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Мұқановтың Мағжандар ақталғаннан кейін өкінген сыңай танытып: «Біз ол кезде Сталиннің саясатын қолдап, дұрыс екен деп қалдық» деп ақталуы қазақ шеккен қасіреттің орнын толтыра алады ма?

 Қарабастаудағы құпиялар

Қаратау қаласынан Тараз қаласына қарай беттесеңіз Билікөл көлінен өте бере тас жол екіге айырылады. Сол жағына бұрылсаңыз оң жағыңыздан жасыл желекке бөленген Қарабастау ауылын көресіз. Қаншама жыл жүріп осы ауылдың тыныс-тіршілігін жете зерделеп, танысып көрмеппін. Әйтеуір көлдің атауымен елді мекеннің Билікөл ауылдық округіне қарайтынын білуші едім. Шымыр руының Қойгелді, Ақша, Қожық, Құттық бабалардың ұрпақтары тұрады деп естимін.

Осыдан отыз жыл бұрын Шымырдың ұрпақтары Тамды ауылының шығысындағы көгалға жүз қаралы үй тігіп қолбасшы Қойгелді бабаларының 300 жылдығын атап өтті. Той үстінде белгілі жазушы Бақытяр Әбілдаев жинақтаған «Төле би және Қойгелді батыр» туралы кітапшасын оқып, біраз дерекке қаныққанбыз. Кейіннен ұзын жолдың бойында Құттық баба мен Қожық батырдың кесенелері пайда болды.

Екеуі де жоңғар басқыншылығы кезінде Қойгелді батырмен тізе қосып шайқасқанын кейінірек білдік. Бір рулы емес, ұлы жүздің ұстынына айналған қос батыр туралы өзім жақсы танитын Сайлаухан Ашановтың «Асқақ тулы Қожық батыр» деген кітабын оқып біраз жайға қанықтым. Сайлаухан бауырым мамандығы ұстаз, математик болғанымен тарихқа, шежіреге бір табан жақын азамат болып шықты.

Сайлауханның жазуынша жаугершілікте қолға түскен қалмақтың батыры қызды азғырып, Алтай өлкесіне қарай алып қашады, құлдың қашып кеткенінен хабарланған Баян батыр оларды соңдарынан түсіп қуады. Екеуіне Көкше жерінде қуып жетіп, дала заңы бойынша жекпе-жекке шығып, құлды өлтіріп, қызды Талас жеріне алып оралады. Сөйтіп оған үйленіп, Баян батыр жоңғардың қызынан Жантелі, Жапек атты екі ұл сүйген. Ол екеуі де әкелеріне тартқан батыр болып өседі.

Мұның қайсысы жөнге келеді десек, қиссаларда Уақ Баян батыр жайлы деректер көп кездеседі. Оның ұрпақтары да Солтүстік өңірде өсіп-өніп жатқан сияқты. Әрине, екеуіне де құрметпен қарауға тиістіміз. Ташкентте жүргенде Мағжанның «Батыр Баянды» жазуында үлкен мән бар сияқты. Өйткені қуғын-сүргінге түскен Мағжан жасы 10-нан асқан інісі Сабыржанды әуелі Ташкенттегі, содан кейін Бішкектегі мектеп-интернатқа өткізіп, басыңа іс түскенде қазақ жеріндегі Қожық, Құттық бабалардың елін сағаларсың деп айтуында бір сыр жатқаны анық. Себебі Қожықтың әйелі Шәкизада Уақтың қызы екен.

Кеңестік белсенділер Мағжанды қойып оның үрім-бұтағына да қырғидай тиіп, тоз-тозын шығарды. Ең кіші інісі Сабыржан Бішкекте интернатта оқып, Қырғыздың Ауыл шаруашылығы институтынан «зоотехник» мамандығын алып шыққандығын енді біліп отырмыз. Енді бұл жерде заңды сұрақ туады? Мағжан неге Сабыржанға «Шымырларға бар» деп өсиеттеген. Біздің долбарымыз бойынша Мағжан Шымыр батыры Қожықтың баласы батыр Баян жайлы да аңызды естіп, білген тәрізді. Өзі Орта жүз Арғынның Атығайынан тараған ұрпақ болса да, Уақ және Шымыр батырлары саналатын Баян жайлы аңызды естіп, қызығушылық танытты ма екен? Бірақ толғанған сәтте бала күнінен естіп өскен Уақ батыры Баянға тоқтаған сыңайлы.

Қош, сонымен Сабыржан қырғыз елінде өсіп-өнеді. Колхоз, совхозында басшылық қызметтер атқарады. Тіпті қызметі өрлеп, Қырғыз Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметтер атқарады. Сөйтіп жүріп орыс қызы Нефедовамен бас құрайды, екеуінен 4 ұл дүниеге келеді.

– 1960 жылы Мағжан Жұмабаев алғаш рет ақталды, – дейді ауылы «анықтама ағай» деп атап кеткен Мәдіхан Рахманқұлов бауырымыз Сабыржанның отбасы осы Қарабастауға көшіп келді. Ересек болып кеткен екі ұлын танымаймыз. Одан кейінгі екі ұлының бірін «Мишка» деп атаймыз (қазақша есімі Махамбет) 6-сыныпта онымен бірге оқыдық. Сайлаухан бәріміз қатармыз. Ол қазақ сыныбында, Мишка екеуміз орыс сыныбында бірге оқыдық. Махамбет өте алғыр бала болып өсті. Сабыржан аға фермаға зоотехник болып орналасты. Өте зиялы, таза жүретін кісі еді. Шашы бұйра, маңдай жағы ашықтау, орта бойлы, дөңгелек жүзді, көрікті кісі болатын. Әйелі Нина Нефедова машина-трактор шеберханасында өлшеуші болып еңбек етті. Сабыржан аға мен мына Сайлауханның әкесінің інісі Кенжехан екеуі дос, әрі сырлас. Бірақ Сабыржан аға еш уақытта «мен Мағжан Жұмабаевтың інісімін» деп айтқан емес. Айтпайтыны, Мағжан ақталғанымен әлі оның шығармаларын оқуға, насихаттауға тыйым салынғаннан біз хабарсыз едік.

Мәдіхан Сабыржанның Қарабастауға көшіп келгенін өзінше топшалайды. Әрине, кезінде Мағжан ақын оған тап осы өңірге көшіп бар деп айтқан жоқ шығар. Алайда ақынның «Батыр Баян» поэмасын жазған кезде Әулиеата өңірінде болғаны, сөйтіп осы өңірден шыққан Баян батыр жайлы да естіген болуы мүмкін. Егер бұл Баян батыр Қожықтың баласы болса, онда Мағжан оны естіген жағдайда поэмасына арқау етпеуі мүмкін емес. Оның үстіне біз оқыған қиссаларда Уақ батыр Баян мен оның інісі туралы нақты деректер бар.

Тарихты зерттеуде көп еңбектенген жазушы Сарбас Ақтаев «Ақиқат» журналының 2022 жылғы №5 санындағы «Баян – Ноян хикаясы» деген мақаласында поэмаға арқау болған оқиға жайлы нақты дәлелдер келтіреді. Онда Баян батырдың Абылай ханның бас батыры болғанын, оның қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзені бойында 1714 жылы дүниеге келгенін, жоңғарлармен шайқаста талай ерлік көрсетіп, ауыр жарақаттан 1759 жылы қаза тапқанын нақты дәйектермен дәлелдейді. Оның інісі Ноян да Абылайдың қас батырларының бірі. Баян батыр бірде қалмақпен соғысып жүріп, батырларша киінген, бес қаруын бойына ілген, он бестер шамасында айдай ару қалмақ қызын қолға түсіріп, еліне алып келеді.

Сыр тартып байқаса, қыздың анасы қазақ, Кіші жүз, Жетіру Жағалбайлы, жаугершілікте қолға түсіп, тілі жат, діні жат қалмақпен еріксіз қосақталып ғұмыр кешсе де, жалғыз қызын, қалмақша есімі Лағданы, (қазақша есімі Құралайды) әдейі қалмақтарға қосып, ретін тапсаң туған жеріне барып, сол жақта қал десе керек. Қолға түскен Құралай қыз Баян батырға: «Қаласаңыз қарындасыңыз болайын», – дейді. Баян батырмен еншісі бөлінбеген Қойбағар көлдің жағасын бірге жайлаған ауылы аралас, қойы қоралас Сары ағасының жеті ұлы болғанымен, қызы жоқ екен. Ол Баяннан өтініп Құралайды табанда өзіне өкіл қызы етіп алып, ұлан асыр той жасайды. Сол екі ортада Сары батырдың тоқалдан туған кенжесі, тұлғасының төтенше ерлігіне қарай құрдастары Ноян деп атап кеткен Қыстаубай өкіл қарындасына ғашық болып қалады.

Қазақтың салты бойынша туыстар жеті атаға дейін біріне-бірі үйлене алмайды. Сол жолдан таймаған Ноян елден қашып, жат-жұртқа қарай бет түзейді. Осыны естіген бойда Сары батыр ашуланып, шөбере інісі батыр Баянды шақырып алып, қашқындарды қуып жетіп, өлтір деп жұмсайды. Аға сөзін екі ету дағдысында жоқ батыр дереу атқа қонып, екінші күні екінді кезінде қашқындарды Жолдыөзек бойында (Қызылжар қаласынан түстікке таман қазіргі Аралағаш ауылы маңында) қуып жетеді. Содан Ноян да, Құралай да: «Қылша мойнымыз талша» деп Баяннан кешірім сұрайды. Сөздің қысқасы, батыр Баян: «Мен сен екеуіңді өлтіргелі келген жоқпын. Жөн сілтеуге келдім» деп екеуіне батасын беріп, қалмаққа барсаңдар мазаққа ұшырайсыңдар, одан да нағашыларың Жағалбайлыларға тарт дейді.

Содан сол жерде бір қоянды өлтіріп, Ноянның жейдесін шешіп, оған қоянның қанын жағып, Сары ағасына әкеліп көрсетеді. Осы мақаланы жазып отырған Сарбас Ақтаев ағамыз сол төңіректің тумасы, аңыз әңгімеге өте қанық адам. Баян батырдың ұрпақтары Солтүстік Қазақстанның Омбы облысымен астасқан жеріндегі Абыл, Жарбол ауданында тұрады. Сол өңірдегі «Қарағанды» кеңшарында батыр Баяннан тараған отбасында болып, көзімен көріп, үйден дәм татқаным бар деп жазады. Ноян батыр Әбілқайыр ханның беделді батырларының бірі болған. Хан қосынымен «Жаубасарлап» жауға шауып, талай жеңістерге қол жеткізді. Сондай шайқастардың бірінде әкесі Сары жеті жерден жараланып, аты оққа ұшып, шолақ найзамен шайқасып жүріп, қоршауда қалғанда Ноянның көзі шалып қалып, төніп тұрған қалмақтың шенді батырын шаншып түсіріп, әкесін қоршаудан алып шығады. Есін жиған қарт батыр баласын танып: «Әй, арамсідік, сен әлі тірі жүр ме едің, кет жолымнан!» деп, жарасынан қаны сорғалап, жалт бұрылып жүре беріпті. Әкесіне өкпелеген Ноян қайтып қарасын көрсетпейді.

Тек араға 120 жылдай уақыт салып ХІХ ғасырдың аяғына таман оның ұрпақтары Ақ Жайықпен қош айтысып, Сарының Есіл бойында тұратын әулетіне келіп қосылыпты. Олардан тараған біраз ұрпақ бүгінде Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданында тұрады. («Ақиқат», 2002 №5) Осы мақаласында Ноянның тікелей ұрпағы кинодағы оқиғаның дұрыс еместігін Сарбас Ақтаевқа айтқан. Оқиғаларды ой елегінен өткізген Мағжанның кейіпкерлердің келбетін ашу үшін кейбір деректерді бұрмалағанын атап көрсетеді Сарбас ағамыз.

Ендеше, батыр Баянға таласпай ақиқатқа жүгінгеніміз жөн сияқты. Оның үстіне Қожықтан туған батыр Баянның жоңғар шапқыншылығынан кейін дүниеге келгенін де ескеру керек, әрі оның анасы Шахизаданың тегі – Уақ руы. Олай болса, Қожық баласының есімін батыр Баянға тартып өссін деп ырымдап қойғаны және белгілі. Енді Қанай есіміне келер болсақ, ол батыр Баяннан да бұрын Уақ тайпасына белгілі би. Оның да есімін Қожықтың баласына ырымдап қойғаны анық.

Тағы бір ескеретін жайт, қырғыз елінен келген Сабыржанның руы Арғын. Жалпы Орта жүз демесеңіз, Уақпен үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Дегенмен сонау жоңғар заманында Уақ пен Дулаттың араласуы, туысқа айналуы көп нәрсені аңғартады. Олай дейтініміз, Мәдіханның айтуына қарағанда Солтүстікте сол жоңғар заманында тұрақтап қалған Қожық, Құттық аталары әлі күнге дейін мекендейтін көрінеді. Өз басым Ақмола облысындағы Шымырлар мекендейтін «Қойгелді» ауылын білемін.

Қалай болғанда да, бұл екі аңыз әңгіме де екі рудың бір-біріне ұқсас аңыздан шығып жатқан тәрізді. Таңғалдыратыны – Сабыржанның батыр Баян туралы ауыз ашпауы. Оның үстіне ол кезде ру сұрастыру «ұлтшылдық» деп бағаланатын. Саясаттың арқасында қазақты қойғанда барлық ұлт бауырлас, қандас болып кеткен. Алайда Сабыржан 1970 жылы қайтыс болғанда ауыл ақсақалдары жиналып, оның әйелінен «сүйек біздікі, мұсылманша жерлейміз» деп талап қойғанда: «Күйеуім мен өле қалған жағдайда енемнің жанына жерле деген», – деп қатыны бой бермеген. Ақыры ең алдымен молда мұсылмандық жолмен жаназасын шығарып, ал славяндар жағы өз салт-дәстүрімен киім кигізіп, осы ауылдың батыс жағындағы христиандардың зиратына апарып жерлеген.

Сабыржан жатқан қабірді Мәдіхан, Сайлаухан менімен бірге барған Қонақбай екеумізге көрсетті. Қайран ер, тағдырдың жазуы ма, қалың христиандардың ортасынан мәңгілік мекенін тапқан.

Қарабастаулықтар Сабыржан жайлы аңыз етіп айтады. Осы сапарымызда Бәйдібек баба көшесіндегі Сабыржан тұрған үйге де соқтық. Онда қазір Шымыр деген бауырымыз тұрады екен. Қарабастау бұрын атағы жан-жаққа мәлім болған «Билікөл» совхозының әкімшілік орталығы. Кеңес өкіметі дәуірлегенде округте жеті мың адам өмір сүріпті. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін жер ауып келгені, тыңды игеруге келгені бар, өзге ұлттың өкілдері өздерінің атамекендеріне жаппай үдере көшіп, ауылда екі-ақ орыс қалған. Кеткендерді көшті деп қалай кінәларсың. Өйткені адам баласы үшін туған жердің құдіреті ерекше.

Осы ауылдың тұрғындары ауылдың неге Қарабастау деп аталатынын түсіндіріп бере алмады. Ауылдың іргесіндегі таудың етегінен жарып ағып шыққан бұлақтың суының қысы-жазы бірдей сарқылмай ағып, маңайын көлге толтырып жататын құдіреті мен суының қасиеттілігінен әулиелі жер шығар деп аталатынын түсіндірді. Судың құрамында төрт пайыздық йод бар екен. Айтуларына қарағанда, Кеңес өкіметі кезінде бұлақтың суы тамақ аурулары үшін ем саналып, ауруханаларға тасымалданған. Денелерін жара басқандар мен бала көтермей жүргендер бастарына түнеп, Алладан медет тілеген.

Сол әулиелі жер тарихы шежіреге толы Қарабастауда болғанымызда біз де оның құдіретіне бас идік.

Қарабастаудан шығып, Қаратауға бет алдық. Жолдың оң қапталында Қожық батырдың, сәл жүрген соң тас жолдың сол қапталында Құттық бабаның, Майтөбенің дәл іргесінде Төле бабаға қойылған белгілер тұр. Олар әруаққа айналғалы қашан. Ұрпақтары ата-бабаларын қадірлеп, бастарына белгі қойса, ол да бір сүйсінер үрдіс болар еді. Ал әруақ қонған жерлерде Ер Түріктің ұрпағы, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың бауырының мәңгілік сая табуы қазақтықтың белгісі емес пе?!

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support