- Advertisement -

Ұлттық бірліктің ұйытқысы

86

- Advertisement -

Халқымызда «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық сөз бар. Осындай көпті көрген, көкірегі ояу, сөзі сара қариялардың бірі – өзі жарты ғасырдан астам еңбек сіңірген Қордай ауданының және облыстың Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төле Аманжолұлы Сүгірбай. Жасы сексеннің екеуіне иек артса да ол қимылы ширақ, сөзі сергек қалпында ауданның қоғамдық-саяси өміріне әлі де белсенді араласып келеді. Төменде Төкеңнің өмір кезеңінің әр белестері бойынша көңілге түйген ойларын сұхбат ретінде беріп отырмыз.

– Әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. «Балалық махаббат», «балалық арман» деп жатамыз. Кейбір адамдардың бала күнгі алға қойған мақсаты кейіннен өмірінің өзегіне айналады емес пе. Көкейіңізді тескен сондай бір арман болды ма кезінде? Сіздің мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ерекше зеректігіңізбен, оқуда алғырлығыңызбен танылып, мектепті күміс медальмен бітіргеніңізді білетін едім.

– Біздің балалық шағымыз ел басына ауыр күн туған сұрапыл соғыс кезіне тұс келді. Жеңістен кейін де соғыстың қасіреті ел тұрмысында ұзаққа дейін сезіліп тұрды. Біріне тартса, біріне жетпейтін жадау тіршілік. Ес жиып, оң-солымызды тани бастағанда Қаракемер жетіжылдық мектебінің табалдырығын аттадым. 1958 жылы мектеп бітіргенде, орыс әдебиетінен ғана 4-і бар күміспен жалатылып жазылған аттестатпен қалаған оқуға емтихансыз түсе алатын едім. Арманым жоғары білім алып, өзім сүйетін математика пәнінің мұғалімі болу. Қолыма қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазым Нұршида Хамитовадан бастап, сауатты оқып, жазуды, сөйлеуді үйреткен, математика әлемінің тылсым сырларына баулыған Еламан Нұрпейісов, Орынбай Төстікбаев, Зағипа Құстүтінова, Исабек Әдікеев сынды ұстаздарымның үлгі-өнегесі мені осы жолға жетелей берді. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен Еділбек Омаров, Садық Далдаев, Ноғай Жайықбаев, Зинагүл Саржанова, Сағын Әубәкірова, Иенберген Қасабаев, Рыскелді Кембаев, Асқар Ормақаев, Жәнібек Жарғожаевтай сыныптастарымды да алға сүйреген ізгі армандары асқар таудай еді. Бірақ, сол жылдары «мектептің өмірмен байланысын нығайту» деген ұранмен мектеп түлектері туған ауылдарында еңбекке араласа бастады. Мен де колхозда бір жылдай жұмыс істеген соң, Алматыдағы Абай атындағы пединституттың математика факультетіне сырттай оқуға түстім. Жалпы, менің өмір жолымда жаны жайсаң жақсы адамдар көп кездесті. Ұдайы жолымды ашып отырды десем болады.

– Өмірдің жолы сан тарау. Ол сенің қалауыңа, алдын ала кесіп- пішкеніңе бағынбай, осылай бұра тарта беретін кездері аз емес. «Бәлкім кейінірек сүйікті ісіме қайта оралармын» деген үміттің жетегінде жүргенде қаншама жылдар артта қалды. 1981 жылы аупарткомның бюро мүшелігіне сайлана отырып, партиялық жұмыс және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бір жылдан соң аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып бекітілдіңіз. Партбилеттің қадірі ар-ожданмен бағаланатын ол кезде коммунистік билік буындарында қызмет ету адалдық пен зор жауапкершілікті талап ететін. Басқару жүйелері тез өзгере бастаған тоқсаныншы жылдардың басында сіздің еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары ретінде өтпелі шақта ауданның іргесін шайқалтпай, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға қосқан үлесіңіз аз болмады.

– Б.Байқошқаров, Ө.Байгелді, А.Шупта, Қ.Уәли – ел тәуелсіздігінің елең-алаңында кезегімен ауданды басқарған бұл кісілердің Қордайға сіңірген еңбегі зор. Олармен өзара түсіністікте ортақ шаруаның орайын келтірген кездеріміз аз емес. Талапшыл да қатал Бекеңнің, адамның іскерлігін жазбай танитын Өмекеңнің ел басқару тәсілдеріне ден қойып, қажетті жерде орнымен қолдана білуге, адами жақсы қасиеттерінен үлгі алуға тырысатынмын. Ел басқарудың әкімдік жүйесі енгізілгеннен бастап аудан әкімі болған Қ.Уәлимен тоғыз жыл, марқұм Б.Әденмен екі, М.Жолдасбаевпен үш, І.Тортаевпен екі жыл қызметтес болғанда да бір жағы олармен әріптес, бір жағы ақылшы дегендей талай іргелі істердің басы- қасында бірге жүрдік.

– Ал 1994 жылдың сәуірінен жаңа өкілді орган – аудандық мәслихаттағы он сегіз жылдық қызметіңіз басталды.

– Иә, соның алдында ғана еңбекшілер депутаттарының аудандық, қалалық, облыстық кеңестері таратылып, олардың орнына жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы жаңа заңға сәйкес мәслихаттар-депутаттар жиналысы өмірге келген болатын. Жаңадан сайланған 23 депутаттың бірауызды қолдауымен оның хатшысы болып сайландым. Содан бастап мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты және хатшысы болып сайланып келдім. Мәслихаттардың шын мәнінде халық сайлаған өкілді орган екенін дәлелдеу, депутаттардың белсенділігін көтеру, халық сенімі мен аманаттарын ақтау басты міндетіміз болды. Депутаттар корпусын осы мақсатқа жұмылдыра отырып, аудан басшыларымен бірге өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге, экономикасын көтеруге күш салдық. Негізгі жұмыстарын атқара жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласқан Гвардейскідегі Ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғылым докторы, профессор С.Мамадалиев, мұғалімдер кәсіподағының төрайымы Ф.Байбекова, кәсіпкер Т.Подшибякина, ауданның бас дәрігері Э.Заманов, мектеп директорлары Қ. Қыпшақбаева, Г. Айтқұлова, мұғалім М.Хуров тәрізді әр аймақтан сайланған депутаттарға арқа сүйеп атқарған қыруар жұмыстарымен аудан мәслихаты жұртшылық арасында үлкен бедел мен зор сенімге бөленген болатын. Мәслихаттың жұмысын жандандыруда, депутаттардың рөлі мен белсенділігін көтеруде аудан әкімімен арадағы қарым-қатынастарды дұрыс ұйымдастыра білуде маңызды. Менің бағыма Қ.Уәли мен М.Жолдасбай, олардан кейін аудан тізгінін қолға алған І.Тортаев та өзара сенім мен түсіністікте жұмыс істеудің мәнін жете түсініп, депутаттардың ұсынысына сергек қарап, қордаланған мәселелерді ақылдаса отырып бірге шешудің арқасында талай істі тындырған болатынбыз. Мәселен, облыстық мәндегі отыз шақырымдық «Қаракемер-Қарасай» тас жолының салынып, кейіннен асфальт төселуіне көп күш жұмсалды. Шалғай түкпірде орын теуіп, жан-жағымен ежелден- ақ Қырғызстан арқылы қатынасып келген, кейіннен екі ел арасында шекара пайда болғалы жол тауқыметін тартып жатқан бүтін бір ауылдық аймақ тұрғындарының мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұған дейінгі асығыс салынған тас жол шұқанақ тастары сойдиып, көлікпен жүруге жарамсыз күйге жеткен болатын. Оны жөндеу аудан, тіпті облысқа ауыр салмақ. Ал республикалық бюджеттен қалай қаржы бөлгізу керек? Сәті түскенде 2010 жылы жазда ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев пен облыс әкімі Қ.Бозымбаев шекара мәселесімен Қарасай ауылында болғанда осы мәселеге көздерін жеткізе алдық. Нәтижесінде жолды асфальт жол етіп қайта жасаудың жобалық-сметалық құжаттары шұғыл дайындалып, келесі жылы-ақ жолды асфальттау қолға алынды. Сондай-ақ Алматыға шыға берістегі әлеуметтік серіктестік есебінен салынған тұрғын үйлерді балабақшаға айналдыруды шештік. «Балауса» балалар демалыс- сауықтыру лагерін жекешелендірмек болғандарға қарсы тұрып, облыс, аудан басшыларының қолдауымен сақтап қалдық. Жастар мәселесі көп ойландырды, олар жиналатын, кино көрсететін жер жоқ. Сол тұста таратылып жатқан №10 автобазаның бастығы Ә.Әлімбаевтың көмегімен жалпы жиналыстың шешімімен автобаза клубын «Жастар орталығына» алып бердік. Бүтін бір ауылға өзен суы шайып кету қаупі төнгенде біздің өңірден Парламент депутаты С.Қонақбаевпен келісіп, мәжіліс депутаттарының көшпелі отырысын өткізіп, Шу өзенінің жағалауын бекемдеу мәселесіне көздерін жеткізіп, нәтижесінде республикадан тиісті қаржы бөлінді. Қала типтес поселке мәртебесін иеленген тұста гвардейскілік мұғалімдер мен дәрігерлер ауылдық коэффициенттік үстемақыдан қағылатын болды. Осы мәселемен Астанаға депутаттарды апарып, Мәжіліс спикері Орал Мұхамеджановпен кездестіріп, қала типтес поселкенің де ауылдармен тең коэффициентте қалуын шешіп келдік. Отар, Кенен, Қарасу, Жамбыл ауылдарына АТС-тер орнату, телефон байланысын жетілдіру, банкротқа ұшыраған шаруашылықтардан Қасық, Өтеген, Бетқайнар ауылдарындағы медпункттерді тұрғындардың иелігіне өткізу, аудан орталығындағы Жібек жолы көшесін қалааралық жол иелерінің есебінен асфальттау, жарықтандыру, жүргінші жолдарын төсеу сияқты өзекті мәселелер мәслихат депутаттарының араласуымен шешімін тауып отырды. Еліміздің тәуелсіздікке жаңа қолы жетіп, бюджет қаржысы былай тартса, олай жетпей жатқан күрделі кезеңде бұларды жүзеге асыру оңай емес-ті.

– Сіздің өміріңізде «Нұр Отан» партиясының да елеулі іздері сайрап жатыр. Он жылға жуық партия аудандық филиалының төрағасы болдыңыз.

– 2002-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқардым. Партия қатарының нығайып, беделінің артуына бар білім мен тәжірибемді арнадым. Жүздеген адам ғана тізімделген партия мүшелерінің санын 5,5 мыңға дейін жеткізіп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне көп күш жұмсадым. 2010 жылы партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісіне ие болып, VIII-XII съездеріне делегат болып қатыстым.

P/S Міне, қордайлық Төле Аманжолұлы ағамыз өз өмірінің елеулі белестерінен осылай сыр шертті. «Қадірлі адам қартаймайды» деген ұлағатты сөз бар халықта. Мұны біздің Төкеңе қаратып айтса болғандай. Ол әлі де болса сапта келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің, билер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Аудан әкімінің кеңесшісі де болды. Ауданның бүгінгі басшылары да оның өмір көрген мол тәжірибесін, жергілікті ахуалды, адамдарды жақсы білетіндігін бағалап, іскерлігіне арқа сүйейтін, ақылына құлақ асатын кездері аз емес. Ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі белсенді қызметі үшін бес мәрте ҚР Президентінің «Алғыс хатына» ие болған. «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Құрметті мәслихат депутаты» атақтары бар. 2010 жылы оған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, 2018 жылы «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атанды. Міне, мұның барлығы бекерден емес.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support