- Advertisement -

Дүнген қызы, қазақтың келіні Роза

92

- Advertisement -

Біздің елімізде халықтар достығының маңызы ерекше. Ынтымақ пен бірліктің нәтижесінде қасиетті Отанымыз –Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті күн кешуде.

Мәселен, Роза Юнусова – дүнген ұлтының қызы. Бірақ қазақ қыздарынан достары көп болды. Бала күнінен қазақ халқының тілін құрметтеп, салт-дәстүрін көріп өсті. Ата- анасының да қазақ отбасынан достары мен жекжаттары көп еді. Бұл жағдайлар Розаның өміріне, болашағына тікелей әсер етті. Бойжеткен шағында қазақтың жігіті Бақыт Сүттібековпен танысып, табысып, тағдыр қосты. Сөйтіп екі ұлттың өкілі бір шаңыраққа айналды. Бақыттың ата-анасы, бауыр, туыстары да дүнген қызы Розаны жатырқай қойған жоқ. Ұлты дүнген демесеңіз, Розаның өзі де қазақтың жоралғысын кейбір қазақ келіндерінен артық біледі. Бақыт екеуі бір ұл, бір қыз өсіріп отыр.

«Қазақ отбасына келін болғанымды мақтан етемін. Үш жыл бойы ата-енемізбен бір шаңырақ астында тұрдық. Енем өте мейірімді кісі. Білмегенімді байыппен үйретті. Ене мектебінен өтіп, көп дүниені үйрендім. Қазақ отбасына тез-ақ сіңісіп кеттім. Бұған қазақ халқының даладай дархан пейілі мен бауырмалдық қасиеттері әсер етті деген ойдамын. Қазақстандай бейбітшілік пен тұрақтылықты басты мұраты еткен байтақ елде өмір сүріп жатқаныма шексіз ризамын», – дейді Роза Юнусова.

Келіндерінің өнерлі, ибалы, тәрбиелі екенін байқаған Бақыттың ата-анасы да Розаға сенім артады. Роза Юнусова Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Текті келін – 2022» атты келіндер сайысына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленіпті. Бұл да ұлт бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі және жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту мақсатында өткізілген іс-шарада ол өзінің шеберлігін көрсетіп, топты жарып шыққан.

Қазақстан – қаншама ұлт пен ұлысқа құшағын ашқан мекен екені белгілі. Тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілдері осы бақытты, осы құрметті сезініп отыр. Мызғымас бірліктің арқауы болып келе жатқан Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің жүйелі жұмысын жалғастыра беретініне сенімдіміз.

Бұл ұйымның халықтар достығына тікелей әсері бар. Ал өңіріміздегі дүнген этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Роза Хадамқызы: « Кез келген байқауға жеңіл қарауға болмайды. Келіндер арасында өткен сайыста қазақтың келіні атанған қаншама ұлттың өкілдері өз өнерін ортаға салды. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Мен бұл сайыста қазақ тілінде ән шырқадым.

Сонымен қатар қамыр жайып, қазы айналдырып, жент жасап, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледім. Сондай-ақ салт-дәстүрге қатысты қойылған сұрақтарға да мүдірмей жауап бердім. Өнерім қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Осындай тәлім-тәрбиесі мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – дейді. Роза бүгінде Жамбыл ауданындағы Валерий Чкалов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Қазақ, орыс, дүнген, ағылшын, қытай тілдерін жетік біледі.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі атамыз айтпақшы, Отанымыз – Қазақстан болғандықтан, қазақ тілі де өз тіліме айналды. Қазақ отбасының отанасы болғандықтан, үйде де, түзде де қазақ тілінде сөйлеймін. Балаларым да қазақ тілінде білім алады. Олар Қазақстанның болашағы үшін еңбек ететін отансүйгіш ұрпақ боларына сенемін», деп өзінің мемлекеттік тілге құрметінің зор екенін көрсетті.

Сондай-ақ Роза Юнусова қазақтың әрбір салт-дәстүрінде үлкен мән-мағына жатқанын айтады. «Өміріміз қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр деп білемін. Алғаш рет келін болып, ақ босаға аттаған сәттен бастап, қазақтың салт-дәстүрімен етене таныса бастадым. Беташар рәсімінен басталған салтымыз бүгінде дүниеге келген балаларымызға шілдехана жасау, бесікке салу, тұсау кесу сынды жөн- жоралғылармен жалғасын тауып келеді. Бұйыртса, ұлымызға сүндет той жасауға ниеттеніп отырмыз. Меніңше, қазақтың салт-дәстүрі адам өмірінің барлық кезеңін түгелдей қамтуымен ерекшеленеді. Әрі дүнген ұлтының жөн-жоралғыларына ұқсас тұстары бар», – дейді ол.

Роза Хадамқызының сөзінше, қазақтың әрбір мерекесі ағайын-туыстың бірлігі мен ынтымағын жарастырып, татулыққа үндейді. «Елімізде аталып өтілетін әрбір мерекені ерекше қарсы аламыз. Оның ішінде айтулы мейрам – Ұлыстың ұлы күні Наурыздың жөні бөлек. Осынау ұлттық мейрам қарсаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, табиғат- ана да жасарып, жандана түседі. Көктемнің жаймашуақ күнінде ерекше көңіл-күй сыйлайтын осынау мерекені отбасымызбен асыға күтеміз. Айтулы мереке жеті түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көжесімен ерекшеленеді. Осы бір ұлттық тағамды да мен жыл сайын ерекше дайындықпен әзірлеймін. Отбасымыздың ғана емес, әулетіміздің мүшелері, барша ағайын-туыс бас қосып, дәм татамыз. Осы күні негізгі дәмнің бірінен саналатын бауырсақ та дастарқанымыздың төрінен табылады. Сондықтан алған жүлдем әділ шешім болған шығар деп ойлаймын», дейді. Бұл ретте Розаның өмірлік серігін де сөзге тарттық. «Розаның ұлты дүнген болса да, барлық ісімен қазақ халқына бейім болып кеткен. Ең бастысы, ата-анам қалады. Ата-анама өздері қалаған қызды келін етіп, көңілдерінен шыққаныма шүкірлік етемін. Жар таңдауда қателеспегеніме күн сайын көзім жетеді», деді Бақыт Сүттібеков.

Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының жанынан құрылған Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Роза Юнусова ұйымның өткізетін әрбір іс-шараларының басы-қасынан табылады. Бүгінгі инабатты келін Розаның ертеңгі ақ баталы, ақ жаулықты әжелердің жолын жалғайтынына күмән жоқ. Қазақтың үлгілі келіндерінің бірі Роза Хадамқызына біз де жақсы тілек айтып, бақытты шаңырақтан әдемі әсермен аттандық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support