- Advertisement -

Шын ақын

179

- Advertisement -

Парақтап отсам тарихтың бетін,
Ақынды талай қорлаған,
Қорлаған сорлы, елдің еркесін,
Екі өмірде де оңбаған,
Түсінбес бірақ ақынның жанын,
Ақынмен бірге тоңбаған.
Түсінбес өлең мың оқыса да,
Санаға жетіп қонбаған.

Өлеңнің тілін ұқтыра алмай
Қаншама ақын сорлаған,
Өзі өрмекші, өлеңі өрнек,
Айнала құлақ торлаған.
Өлең оқысам жүрек үдемей,
Туламаған кез болмаған.
Ақын өлеңін әр оқығанда
Әртүрлі күйде толғанам.

Шешімін тапқан, түйіннің мың сан
Шеберлігіне таңданам,
Мен де бір ерке, ерген артынан,
Шабытқа бірақ қанбаған.
Ақын бар мекен, елдің алдында
Егесіп түсіп, жанбаған?
Ақын бар мекен, наданды мақтап,
Бұқара елді алдаған?

Бар болса егер, ол ақын емес,
Жәй жүрген көпес зарлаған.
Ел жайын емес, өз жайын ойлап,
Өтірік өлең сарнаған.
Шындықты тастап, өзгені ластап,
Дүниені қу таңдаған.
Ондай мақұлық ақыретіне
Тек өтірігін қамдаған.

Ақын деп және айтуға келмес,
Жазған қиял мен арманын,
Ақын деп айтшы, биік қоятын
Өзінен халық талғамын.
Ақын болмайды, айыра алмайтын
Шындығы менен жалғанын,
Айтам ақын деп, өзі кетсе де,
Елдің аузында қалғанын.

Өмірің жайлы, қуаныш, қайғы,
Махаббат қоса жаз мейлі,
Инеңді сайлап, әр затты ойлап,
Білім құдығын қаз мейлі,
Өзіңе арнап пісір өлеңді,
Бәрібір оны бәз жейді,
Жақтырмас адам, сөз жұқпас надан
Бәрібір оны аз дейді.

Жазғанның ойын, оқыған тарап
Әркім әртүрлі қабылдар,
Ақын қарамас бірақ ондайға,
Қорқыныш емес дауылдар.
Ойдан, ой туып, қуалай бермек,
Жеткізбес бірақ сағымдар.
Өлгенде ғана ақын жүрегі,
Тыныштық тауып дамылдар.

 

Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
1-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support