- Advertisement -

Мемлекет қаржысына мұқият болған жөн

35

- Advertisement -

Қазіргі таңдағы басты мәселе – жұмыс табу. Бір үйден екі адам жалақы алып тұрса, ол отбасының тұрмысы жаман болмайды. Бірақ жұрттың бәріне айлығы жоғары жұмыс табыла бермейді. Сондықтан мемлекеттік грант алып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер де аз емес. Дегенмен осы жерде бірқатар мәселелер бар екен. Біз оны Байзақ аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Тілеповпен әңгімелесу барысында тереңірек түсіндік.

Грантты ақша беріп алғысы келетіндер көп

Соңғы жылдары «Еңбек» бағдарламасы бойынша 500 мың теңге қайтарымсыз қаражат алып, шағын кәсіпкерлігін бастап кеткен жас отбасылар аз емес. Олардың ісі құптарлық. Мемлекет жастарды ынталандыру мақсатында бұл қаржының көлемін де ұлғайтты. Қайтарымсыз қаржыны алып, жұмысын жолға қойып жатқандар да бар. Бағдарламаның мақсаты да осы.

Алайда мәселенің байыбына бармай, байбалам салатындар да жетіп, артылады. Байзақ аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Тілепов: «Мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша биыл 363 адамға ғана қаражат қойылғанын айтты. «Осы кезге дейін төрт легі өтті. Алғашқы үш лек тәртіппенен өтіп, онша мәселе туындаған жоқ.

Мысалы, біз тіркелген жүз үміткердің арасынан талапқа сай 50 жас кәсіпкерге қайтарымсыз грантын беріп тұрдық, бір орынға екі үміткер болды. Төртінші лекте біздің салалық Министрлік базаны ашып тастады. Кімнің алғысы келсе, тіркелсін деді. Бірақ мемлекеттік гранттың көлемін ұлғайтқан жоқ.

Содан 1621 адам қайтарымсыз грант бойынша, құжат өткізеді. Бірақ 158 адамға ғана мемлекеттік грантқа ақша бөлінген. Мәселе осы жерден туындады. Кәдімгідей айқай-шу болды. Біздің мекеменің айналасы күн сайын таңертеңнен кешке дейін адамға лық толды.

Гранттың кімге берілуі керектігін арнайы комиссия шешеді. Онда да өтініш берушілер бізге емес, арнайы порталға тіркеледі. Біз араласпаймыз. Жұрттар бәрі жұмыспен қамту орталығының директорының қолында тұр деп ойлайды екен. Ол аталған комиссияға аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, «Атамекен» палатасы аудандық филиалының, кәсіпкерлік бөлімдерінің, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің және қоғамдық ұйым басшылары мүше. Оларға менің билігім қалай жүреді? Олар бүкіл жұмысын қойып, осында 20 күн бойы адам қабылдап, комиссияда отырды.

Бірақ олар да тек 158 адамға ғана грант берілуін
шешеді. Себебі қаржы көлемі сондай. 1463 адам грант ала алмай кетті, 158 адам ғана алды. Ол деген 11 адамнан бір адам ғана грант ала алды деген сөз. Енді жаңағы 1463 адам біздің мекемеге наразы. Олардың ішінде қайтарымсыз тегін грант алу үшін ақша беру керек деп ойлайтындар да бар екен. Мен олардың кейбіріне: «Сізге Үкімет тегін грант берем дейді, сіз неге ақшамен алғыңыз келіп тұр?» деп қарсы сұрақ қоямын. Олардың бізге өкпесі көп. Неге? Қайтарымсыз қаржыны ала алған жоқ. Тәртіп сақшыларын шақырып тұрдық. Олар да басқа шақырулардан босай алмай, өзіміз аппаратымызбен полицияның қызметін атқарып кеттік.

Елді 20 күн бойы сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіп орнатумен болдық. Мемлекеттік грант беру – біздің жалпы жұмысымыздың 5 пайызы ғана. Қалған 95 пайызы басқа жұмыстар. Ал біз соңғы лекте керісінше 90 пайыз мемлекеттік гранттың шаруасымен алысып кеттік. Осы жағын көпшілік түсіне бермейді», дейді Нұржан Тлепов.

Сөз көп, жұмыс жоқ

Көпшілік «жұмыс жоқ» деген сөзді жиі айтады. Сол қаншалықты рас сөз. Аталған мекеме басшысы басқаша сөйлейді. «Мен осы орталыққа басшы болып келгелі байқағаным, жұмыс деген жоқ емес, бар. Істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Бірақ жұмыстың көбісі өндірістік, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық бағытында.

Жалақысы да 110-150 мың теңге көлемінде. Ол төмен жалақы емес қой. Мәселен, ақылы қоғамдық жұмысқа биыл Бәйтерек ауылдық округі бойынша 35 адам жоспарланып, 34 адам жұмыспен қамтылды. Бурыл ауылдық округінде 45 адам жоспарланып, 36 адам жұмысқа орналасты. Ал аудандық ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне 200 адам жоспарланса, 149 адам сол жерден жұмыс тапты.

Тіпті аяғын шалыс басып жазасын өтеп келгендерге (пробация) де жұмыс көзі бар. Мәселен, Түймекентте 4, Ботамойнақ, Қостөбе, Көктал ауылдары бойынша 1 адамнан сондай санаттағы кісілер жұмыспен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші Көптерек, Көктал, Ботамойнақ ауылдық округтерінде жоғары.

Бұл мәліметтер жұмыстың жеткілікті екенін көрсетеді. Бірақ қазіргі жас мамандар ұсынған жұмысыңа барғысы келмейді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көбейгелі аталған мамандықтармен жұмыс істегісі келетіндер қатары артты. Оның ішінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері болғысы келеді.

Мамандар шамадан тыс көп болған соң, оның барлығына мектептен жұмыс қайдан табыла берсін. Табылмайды. Сондықтан бізге дипломымен келіп, жұмыссыз болып тіркеледі. Қазір біздің орталықта дене тәрбиесінің мұғалімі болғысы келіп тіркелгендердің өзі 21 адам.

Одан бөлек жыл ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 22 адам осы мамандық бойынша тұрақты жұмыстарға жолданса, 20 адам бір жылдық уақытша жастар практикасына жіберілді. Ал 2 адам ұрпақтар келісімшартымен жұмысқа жолданды.

Жалпы 2022 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы дене шынықтыру пәні бойынша 44 адам жұмыспен қамтылды. Аталған мамандықтың дипломын алу оңай болып кетті ме, әлде жігіттеріміздің бәрі спортшы болып кетті ме, осындай құжатпен келетіндер көп. Оның бәріне мамандығы бойынша жұмыс табыла бермейтіні анық», дейді Нұржан Сейдазымұлы.

Одан бөлек, күзетшілік жұмысқа кіргісі келетіндер саны басым екен. Неге? Бір күн істеп, екі күн үйде болады. Ол үй шаруасына қолайлы келеді. Кейбір тыныш мекемелерде еден жуушы болуға да асығатындар көп дейді. Таңертеңмен барып екі сағат еден жуып, қалған уақытта отының басында, бала-шағасының қасында отырғаны оларға да ыңғайлы болып тұр.

Отыз адам өз еркімен жұмыстан шығып кеткен

Жоғарыда өндіріс, кәсіпкерлік бағыттарында жұмыс жеткілікті екенін айттық. Қазіргі таңда малшы, механизатор, көлік жүргізуші, құрылысшы дегендерге де сұраныс өте көп. Бірақ мұндай еңбек адамдарын табу қиынның қиыны. Қазір 150-160 мың теңге айлыққа мал бағатындар жоқ.

Механизаторлар 300 мың теңге айлыққа ойланып барып келіседі. Кәсібін жақсы меңгерген еңбек адамы жоғары бағаланады. Өйткені еңбек нарығында нақты бір сұранысқа ие болуды көздейді. Мәселен, Байзақ ауданы, Ботамойнақ ауылында комбикорм зауыты, оның ішінде балыққа және тауыққа дәрумені бар жем дайындайтын зауыт ашылған. Себебі өздері ашқан тауық фермасын дәрумені бар жеммен қамтып тұру да өзекті.

Сол жерге жұмысшы қажет деп зауыт директоры өзі сұраныс берген. Сонда жұмыстың түрі қандай деңіз? Ол жерде ауыр жұмыс жоқ. Бәрі автоматтандырылған. Дәрумен беруші тетіктерді басу арқылы дәруменнің берілуін қадағалайды. Жұмыстың көпшілігі тетіктерді басу арқылы жүзеге асады. Күрек ұстап, қап арқалап істейтін жұмыс жоқ көрінеді. Жалақысы дегенде таза қолға алатыны 120 мың теңгеден кем емес, түскі асы тегін, жұмысқа зауыт автобусымен қатынайды. Айына сағатпен жұмыс істеп, аптасына екі күн демалып, 120 мың жалақы алу дегеніңіз көңіліңнен шығатыны анық қой. Сондай заманауи жұмысқа аталған жұмыспен қамту орталығы 60 жұмыссыз адамды жолдаған. Бірақ сол жұмысшының 30-ы өз еркімен шығып кеткен.

Сылтау да сан түрлі. Сол табылып тұрған жұмыстан өз еркімен шыққан азаматтар аудандық жұмыспен қамту орталығына «Жұмыссыз» болып қайта тіркеліпті. Келіп әуре болмай, онлайн тіркелгендері де бар екен. Оның бәрін аталған орталық тіркемей тұра алмайды. Себебі тіркемесе заңға қайшы келеді.

Мамандықтарды белгілі бір деңгейде игеріп машықтанған кәсіби мамандар бүгінгі күнге тапшы болып тұр.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support