- Advertisement -

Бәрін айт та, бірін айт, «Ұлы даланың» «жырын» айт!

42

- Advertisement -

Тараз қаласында соңғы кезде бой көтеріп, әлі де толық салынып бітпеген «Ұлы дала» (№15) шағынауданының мәселесі мүлдем таусылар емес.

Редакцияға телефон қоңырауымен түскен шағым бойынша аталған шағынауданға арнайы бардық. №1031 көпқабатты үйдің алдына жиналған тұрғынның қарасы көп екен. Бұл тұрғындардың аталған көпқабатты үйді салған «Ернұржан- Құрылыс-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айтар шағымы көп болып шықты.

Бірінші мәселе – мұнда жылу жоқ. Сондықтан жертөледен мотор қойылған. Оның жағымсыз даусы түнімен тұрғындарға маза бермей, тәтті ұйқыларын бұзады. Мысалы, Берік Нанаев деген тұрғын: «Күні бойы жұмыстан шаршап, кешке үйге демалсақ деп келеміз. Алайда дырылдаған мотордың даусы тынығуға еш мүмкіндік бермейді. Бір өкініштісі, менің пәтерім бірінші қабатта, дәл осы мотордың үстінде. Сол қиын болып тұр», дейді.

Сандар Облиов, Гүлзат Асхатқызының да айтары – жылудың жыры, төбеден тамшылап ағатын судың мұңы. Қысқасы, тұрғындардың көргені қорғансыздың күніндей. Бір айта кетерлігі, «Ернұржан-Құрылыс-2010» ЖШС өкілдері бұл жағдайға бейжай қарап отырған жоқ екен. Тұрғындар жиналған жерге аталған ЖШС директорының орынбасары Шыңғыс Әміров пен маманы Бақберген Рымбаев жедел жетті.

«Осы шағын ауданда бірнеше көпқабатты үй салғанбыз. Барлығында еш мәселе жоқ. Осы көпқабатты үйде осындай реніш туындап тұр. Біз тұрғындар жаурамасын деп мотор орнаттық. Енді бұл кісілер өшіруге келіссе, моторды ауыстырып, жылу құбырын бір аптаның ішінде жөндеп береміз. Уәдеміз – уәде», – деді. Уәде берілді. Енді бір аптадан кейін бұл мәселеге қайта оралсақ деген ниетіміз бар.

Айтпақшы, 15-шағынауданның «жыры» бір мотордың даусы ғана емес. №1027,1028,1029,1031, 1033 бес көпқабатты үйге бір ғана қоқыс алаңы жасалып, онда 6 ғана қоқыс жәшігі қойылыпты. Сондықтан мұндағы қоқыс дүңгіршектердің арнасынан асып, айналада шашылып жатыр екен. Әсіресе желді, боранды күндері қоқыстар ұшып тұрғындардың берекесін кетіреді. Дамыған заманда бірнеше көпқабатты үйдің бір ғана қоқыс алаңы бар деген не сұмдық. Бес көпқабатты үй деген – бес ауылдың халқы емес пе? Мұндай жағдайға қалай төзуге болады?», дейді осы аудан тұрғыны Арман Жақсыбеков. Ал Назира Жарылқасынова мен Азамат Досқұлов та осы пікірді қолдап, мәселе жедел шешілсе екен деп шырылдайды.

Азамат Досқұловтың айтуынша, бұрын №1033 үйдің ауласында да қоқыс алаңы болған. Қазір ол алынып тасталып, бес үйден шығатын қоқыс қалдықтары бір қоқыс алаңына қарап қалған. Сол бұрқыраған қоқыс алаңының жанында ойын алаңы орналасқан. Оның да ойын алаңы деген жай аты ғана. Не белтемірі жоқ, не сырғанағы жоқ, әйтеуір жоқтан бар дүние. Қысқасы, мұндағы тұрғындардың айтар базынасы жеткілікті. Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев: «Аталған шағын ауданда мәселелер барын білеміз. Зерделейміз, назарға аламыз», деді.

15-шағынауданның құрылысы ұлғайып, тұрғын үйлер көбейген сайын мәселелері де таусылар емес. Бірақ сол мәселенің қалай, қашан шешілетінін әзірге ешкім нақты айта алмай отыр.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support