- Advertisement -

Қант қызылшасын қабылдау жұмыстары жалғасуда

53

- Advertisement -

«Меркі қант» зауытында қант қызылшасын қабылдау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов, «Меркі қанты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржан Қарғабаев және облыстық «Әулиеата» қант қызылшашылар ассоциациясының төрағасы Саха Манатов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесуінде айтты.

Күні кеше ғана әлеуметтік желілерде Меркі қант зауытының қант қызылшасын қабылдамай жатқандығы туралы резонанс тудырған бейнематериалдар көпшілікке тараған болатын. Зауыт басшылығы мәселенің техникалық себептерге байланысты орын алғандығын жеткізді. Атап айтқанда, 20 қазан күні сағат 14:00-де Меркі ауданындағы қант зауытында қызылша қабылдау жұмыстары уақытша тоқтатылған. Оған зауыттағы тәтті түбірді түсіретін арнайы 2 техниканың бірден істен шығуы себеп болыпты. «21 қазан күні сағат 14:00-де бұл техникалар жөнделіп, қабылдау жұмыстары жалғасуда», деді зауыт басшысы. Сонымен қатар оның айтуынша, зауытта қант қызылшасын түсіріп, жинауға арналған 4 техника жұмыс істейді. Одан бөлек, тәтті түбір таситын жүк көліктерін кезек күттірмес үшін өнімді арнайы орынға төгуге мүмкіндік беріліп отыр екен. Оған қоса, бұған дейін қабылдау жұмыстары сағат 7:00-ден 20:30-ға дейін жүргізілсе, енді түнгі 00:00-ге дейін жүргізілмек. Айта кетсек, жалпы бүгінгі күнге 81128 тонна өнім жиналып, оның 58 618 тоннасы зауытқа өткізілген.

Басқосу барысында спикерлер қант мәселесі мен тәтті түбірге байланысты журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support