- Advertisement -

Толғауы түрлі тағдырлар…

84

- Advertisement -

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 арнаулы әлеуметтік қызмет ұсыну орталығына бардық. Әрине, мұнда қызмет алушы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Қыздарындай қамқор болып жүгіріп жүрген қызметкерлер де мейірімді, шуақты. Бірақ…

Қызы 32 жылдан соң іздеп келген

Ұлты қырғыз болғанымен, Т.Рысқұлов ауданының Қорағаты кеңшарында туған Оңалтөре Күртібаевтың да көңілінде астаң-кестең болып жатқан дүниелер көп. Нағашы жағынан Сәтектөре деген сыйлы кісі «Төредей сыйлы болсын» деп есімін Оңалтөре қойған екен. Төре болмаса да, қойма меңгерушісі болды, есепші болып та қызмет атқарды. Енді күші кеміп, қайраты қайтқанда неге мұндай жағдайға түскеніне түсіне алмайды? Әлде бұл тағдыр ма? Жақында қарияны 32 жастағы Бегайым деген қызы іздеп келіпті. Бегайым әкесін отыз жыл бойы іздепті. Оңалтөре алғашқы әйелімен ажырасып, Сәкен деген келіншекпен тағдыр қосады. Міне, сол Сәкенмен дәм-тұзы жараспаған кезде Бегайым анасының ішінде кеткен екен. Екеуінің жолыққаны да бөлекше. Бегайым «Көке, мен сенің қызыңмын, атым – Бегайым» дейді. Бұл «Бегайым деген қызым жоқ еді ғой» дейді түк түсінбей. Сонда қыз «Сәкен деген жұбайыңыз болды ма?» депті. «Иә, болды» депті бұл. «Мен сол Сәкеннің құрсағында кеткен қызыңызбын» дейді. Екеуі осылай табысып, жылап көріседі. Әсіресе, қызы «Әке, сізді отыз жыл іздедім ғой. Енді менің де әкем бар, шүкір» деп жылапты. Асыл әкенің орны қашанда биік қой. «Қыз – тілеуқор» демекші, Бегайым да мейірім болып тұр емес пе? Әкені көруге құштар, сағынышқа толы көңілінің өзі неге тұрады? Өзі отбасылы екен. «Көке, сізге келіп тұрамын. Екі аптада тағы келемін» деп кетіпті қоштасарда. Осы сөздерді айтқанда, Оңалтөре қария көзіне жас алып, үнсіз қалды. Тағдырының ауыр тұстарын айту оңай деймісің?! Ондай ұрпағым жоқ деп жүргенде 32 жастағы қызын көру оңай болып па? Өзі бұрынырақ инфаркт алған, жүрек ауруы бар. «Бірінші әйелімнен екі ұлым бар. Олар іздемеді. Бұл қыз келем деп шырылдап тұр», деп қойды бір сәт.

Оңалтөре қарияның жастайынан Қорағаты ауылында туып-өскенін айттық. Кейіннен 1966 жылы Қырғыз жеріне әкесімен бірге көшеді. Кейінірек қайтып, Құланға қоныс аударады. Әкесі қарапайым еңбек адамы болған, ал анасы Танякүл – қазақтың қызы. Үш ағасы болған екен. Үшеуі де бақилық болыпты. Үшінші ағасының қайтыс болғанын жақында ғана, сол ағасының баласы Өміржаннан біліпті. Енді демалыс алып, көңіл айтып барып келемін деп отыр. Бұл орталықта жатқан қызмет алушыларға жылына 90 күн демалыс беріледі екен. Бөліп-бөліп алса да болады. Яғни, осы уақыт аралығында ағайын- туысына, жекжат-жұратына, тіпті, түрлі жағдайлармен бөлек кеткен ұрпақтарына барып хал-жағдай біліп қайтуларына рұқсат бар. Оңалтөре ендігі жерде кенеттен табылған қызы Бегайымды көбірек ойлап, сол перзентінен көбірек үміттенетін секілді. Қоштасарда аты-жөнімді қайтадан сұрады. «Е-е-е, облыстағы «Aq jol» газетіненмін де. Жүз жылдықтарың аталып жатыр емес пе? Газеттеріңді де оқимын, сенің де аты-жөніңді оқып жүремін, танып тұрмын. Жақсы екен. Біздің жағдай осы. Жасым жетпіс жетіде. Осындай жаста тағдырым мұндай күйге түседі, өмірім бұлай өзгереді деп ойлаған жоқ едім. Өмірден түйгенім бойынша айтарым, жастық шаққа алданбай, берекелі отбасының қадірін білу қажет. Барлық бақыт та, шаттық та, өмірдің мағынасы да – сол өзіңнің айрандай ұйыған отбасыңда», деді қария. Әрине, біздің де бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ.

Тағдырлы Тұрғынбек, зағип теміржолшы Асқар

Мұнан соң мекеме қызметкері Меруерт Нұрғалашева бізді Тұрғынбек Шалбаев деген қарияның бөлмесіне бастап барды. Тұрғынбек қария Жуалы ауданының Сұрым стансасында туып-өскен екен. Сонда тұрған. 81 жасында өмірден озған Бәйтерек деген сыйлы кісінің жалғыз баласы. Өзімен бірге туған әпкесі Әтіркүл де бұл күнде арғы дүниеде. Біраз жыл Түркістан облысында жұмыс істегені бар. «Жуантөбе» деген кеңшарда еңбек етіпті. Құдай қосқан жары ертерек өмірден озып, тағдыр бұлты қарияның басына ертерек үйіріліпті. «Өмірлік жарым қырық жасқа да толмай өмірден озды» деп еске алады қария. Бір ұл баласы үйленіп, өзімен өзі кеткен секілді. Ұлынан екі қыз немересі бар. Айтуына қарағанда, келіні баласымен көп керілдесіп, ол отбасында ұрыс-жанжал көп шығып тұрады екен. «Мұнда келгеніме бір жыл болып қалды. Жақсы қарап, қамқорлығына алып жатыр. Директор қыз күніне екі мәрте келіп жағдайымды біліп тұрады. Жасымыз келгенде бізге жылы сөзден артық не керек?» дейді Тұрғынбек қария. Шамасы, енді өмірін осы орталықта өткізуге бекінгені байқалады.

Осы кезде бөлмеге Асқар Әбдірахманов деген көз мүгедегі арбамен, қызметкерлердің көмегімен келіп кірді. Елу бес жастағы ол 5-6 жылдан бері осы орталықтың қызметін алуда. 1-топ мүгедегі, жанары жарық дүниені мүлдем көрмейді. Өзі ертеректе облыстық «Aq jol» газетінің жауапты хатшысы болған, облысқа сыйлы қария Насыр Қоссейітовтің жақын жиені екен. «Бұрын Тараз қаласында теміржолдың арғы бетінде тұрғанбыз. Теміржолда, депода диспетчер болып жұмыс істедім. Анам қайтыс болған соң, осы орталыққа келдім. Отбасылы болғанмын. Бір жағдайлармен ажырастық. Ұлым да, қызым да бар. Бұрынырақта олармен араластым. Қазір көп іздемейді олар мені. Адамның бойында мейірім, адамгершілік болуы керек екен. Өмірден түйгендегі ойым осы», дейді арбаға таңылған, көзі мүлдем көрмейтін Асқар. Біз көрінген нәрсеге өкінеміз. Ал Асқар ше? Жарық дүниені бір көруге зар. Шер-ағаң айтқандай, бір кем дүние!

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Мақпал Сегізбаеваның жол бастауымен енді біз ұлты татар Раиза Насейфулинаның бөлмесіне келдік. 83 жастағы кейуананың мұнда жатқанына 21 жыл болыпты. «Өмірлік жарым Нәзен ерте бақилық болды. Қызым Гүлнар 32 жасында өмірден озды. Әке-шешеміз соғыстан кейін Қазақстанға келген ғой. Содан осында қалғанбыз. Үлкен қызым Зейнептен Оля деген бір немерем бар. Сол келіп тұрады. Маған анау-мынау тамақтар жақпайды. Денсаулығым дұрыс емес. Сондықтан өзім бөлмемде тамақ істеп ішемін. Бірде палау, бірде кеспе дегендей. Азық-түлікті зейнетақыма өзім алып қоямын. Өздерің білесіңдер, қазір бәрі қымбат. Қазір 48 мың теңге зейнетақы аламын. Бір зейнетақымыздың көбірек бөлігін осы орталыққа береміз ғой. Менің зейнетақым жоғары қайта. Қызылшада да, зауытта да істегенмін. Бізде 6 мың теңге зейнетақы алатын апалар да бар. Ол неге жарайды? Амал жоқ, асхананың тамағына қанағат қылады. Директор Гүлжаухар Құшанова келіп, тексеріп, қадағалап тұрады. Обалы не керек, орталықтың қызметкерлері де зыр жүгіріп жүр. Кіріміз жуулы, бөлмеміз таза, моншамыз, асханамыз дайын. Осы күнге де шүкір», деді 83 жастағы Раиза апай қоштасарда.

Мекеме басшысын да сөзге тарттық. «Бізде 159 қызмет алушы бар. Олардың 97-сі ер кісі, 62-сі әйел кісі. Қазақтар 80, орыстар 76, ал қалғандары өзге ұлт өкілдері. 65 мүгедек жан бар. Олармен де жұмыс жеңіл емес. Әлеуметтік жеті бағыт бойынша қызмет көрсетеміз. Күніне 4 мезгіл тамақ, аптасына екі мезгіл моншамыз дайын. Бөлмелерін таза ұстау, төсек орын тазалығы, бәрі де бізде қатаң сақталған. Арнайы шаштаразымыз, мәдени жұмыстарды ұйымдастырушымыз бар. Қарттардың көңілін көтеріп концерт те ұйымдастырып береміз. Қызықты іс-шаралар да өткіземіз. Әрине, бірақ, тағдырлары ауыр кісілер ғой. Бәрібір көңілдеріндегі мұңды, жүректеріндегі өкініштерді тазарта алмауымыз мүмкін. Бірақ, орталық қызметкерлері күндіз-түні қызмет алушылардың қабағына қарайды», дейді аталған орталық директоры Гүлжаухар Құшанова.

Біз орталықта қызмет алып жатқан қарттардың ауыр тағдырынан аз ғана сыр тарқаттық. Әрине, өмірдің қасіретін кешіп жатқан жандармен сөйлесу де, көңілдерін табу да оңай емес. Оны орталықта бір сағат шамасы жұмыс жағдайымен жүрген сәтімізде сезіндік. Осы жазбада қызмет алушылардың тағдырларын қызық үшін жазып отырған жоқпыз. Біз қазіргі жас отбасыларға, азаматтарға ой салғымыз келді. Қиын тағдырдан Алла сақтасын. Аталған орталықтан әр адамның мейірімі оянып, осындай ауыр тағдырлар азайса екен деген тілекпен аттандық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support