- Advertisement -

Бала Барсханнан дана Шерханға дейін

91

- Advertisement -

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай өңірде өткізілген игі істерге Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры «Шер- Хан» атты қойылымымен сүбелі үлес қосты. Кеше театр сахнасында өткен спектакльдің премьерасын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көпшілікпен бірге тамашалады.

Жаңа қойылымның қоюшы- режиссері Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Спектакльде Халық жазушысының балалық шағынан басталған өмір белестері, «Халық жауының баласы» ретінде көрген зорлық-зомбылықтары, Ұлы Отан соғысы жылдарында тартқан тауқыметтері, күрескерлік тұлғасы, ұлттың рухын көтеру жолындағы жанкешті еңбегі көрініс береді.

Әуелі сахнаға ақсақал Шерхан (ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков) шығады. Өмірінің талай қыс пен көктемін, күз бен жазын өткізген тұлға. Қария Шерханның көз алдына өткен өмірі, шерге толы балалығы орала береді. Уақыт дегенді қойсаңшы! Арада ұзақ жылдар өткенде сол ащы балалығыңның өзі сағындыра ма, қалай?

Бала Барысханның (Жорабек Төлеген) Жамбыл қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданар сәті, директордың (Жандос Ілиясбеков) қырсыға қалғаны көрініс берді. Сонда неге қырсығады, десеңізші!? «Бала, сенің тегің дұрыс емес. Мұртазаев емес, Нұртазаев болуың керек! Нұр ше,нұр!» деп шүйлігеді. Бес жасында әкеден айырылған, жүрегін сағыныш сыздатқан Барысхан оған қалай көнсін? Ақыры, кішірейіп, амалы құриды. Қолын бір сілтейтін еді, үлкен қалада басқа паналатар ешкімі жоқ. Одан әрі қарай интернаттағы бір үзім нанға зарықтырған қиындығы, көп өмір белестері көрсетіледі.

Осы сәтте ақсақал Шерхан толғана сөйледі. «Қазір мен еңбек ететін Астанада үлкен нан зауыты бар. Еш жұмысым болмаса да, сонда соғамын. Нан мол. Жаңа піскен нан ана сүтінің иісіндей» деп толқиды. Нан қадірін де, аштықты сезінген кісі білсе керек.

Қойылым барысында Шерханның әкесі Мұртазаның (Жандар Қырықбаев) ұсталып кеткен сәті де әдемі айшықталып көрсетіледі.

Қойылымда сахнаға дана Шерханның оқтын-оқтын көрініс беруі, әр көрінгенде өткен өмірінен көрерменге шынайы, нанымды сөйлеуі көрерменді түрлі ойларға жетелейді. Мәселен, Заман (рух) (Әбиірбек Тінәлі) шығып, ақсақал Шерханға түрлі өзекті сұрақтар қойып сұхбаттасқаны тіпті әсерлі. Осы сұхбатта жазушының адал, өршіл, шыншыл, қайраткерлік болмысы, қазақ халқының рухы, келешегі бәрі қамтылады.

Сонымен, бала Барысханның интернатқа қабылдануымен басталған қойылым дана Шерханның қазақ елінің болашағын ойлай толғанған қайраткер қалпымен өз мәресіне жетті. Қойылым соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылды. Облыс әкімі мен облысымыздың зиялы қауымы бастаған көрермен ұзақ қол шапалақтап, барлық актерларға құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support