- Advertisement -

«Бір қайнауы кем болған» бағдарлама

398

- Advertisement -

Былтыр «Әулиеата жастары» бағдарламасы туралы хабар тарағанда жергілікті әкімдік жастарды үймен қамтуға іс жүзінде шындап кіріскенін байқадық. Мұны көпшілік облыс басшылығының тұрғын үй алуға ниетті болғанымен мемлекеттік бағдарламаларға заң жүзінде қатыса алмайтын сала мамандарына көрсеткен қолдауы деп түсінді. Расында солай, себебі бағдарлама 35 жастан аспаған дәрігер, медбике, университет, колледж мұғаліміне, ғылыми қызметкермен қатар мәдениет, спорт, журналистика саласының жастарына арналған. Жуырда үй алуға өтінім берген 542 жастың ішінен комиссия шешімімен құжаттары талапқа сай келген 30 жас іріктелді. Облыста пилоттық жоба ретінде іске асқан бағдарламаның бір қайнауы кем болды ма, әйтеуір құжат тапсырғандардың арасында «мен үй алуым керек еді» дейтін жастар көп.

Бағдарлама шарты бойынша жастар бастапқы жарна ретінде тұрғын үйдің 5 пайызын өтеп, қалған соманы 5 пайыздық несиемен 19 жылға рәсімдеуге мүмкіндік алды. Сонымен, өтінім қабылдау мерзімі www.e-jambyl.kz порталында 20 шілдеде басталып, 30 шілдеде тоқтады. Осылайша құжаты талапқа сай жастардың баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алатыны белгілі болған. Облыс әкімдігі тиімді шартпен жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған бағдарламаға 500 миллион теңге бөлсе, «Отбасы банк» АҚ несиені тәртіп бойынша үлестіруге көмектесуді мақұлдап, қос тарап меморандумға қол қойды.

Қарап отырсақ, бағдарламаның шарттары тиімді, пайыздық мөлшерлемесі де көңілге қонымды. Демек, облыс әкімдігі мен жастар саясаты мәселелері басқармасының былтырдан бағдарлама туралы хабарландыру жасап, сүйіншілейтіндей жөні бар. Алайда бағдарламаның жоба-жоспары әзірленіп жатқан тұста басшылық қызметте болған осы салаға жауапты әкімнің орынбасары, «Отбасы банктің» басшысымен қоса жуырда жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы да ауысты. Әрине, жобаның іске асуына ұйытқы болған басшылар ауысқанымен жоспарлы жұмыс үзілмеуі тиіс.

– Көпшілік айтып жүргендей пилоттық жоба аясында 50 жас баспаналы болады деп шорт кесіп айтпасақ та жыл соңына дейін жоспар бойынша үйлі болғандардың үлесі соған жетеғабыл болмақ. Бәлкім ақпараттық түсіндіру жұмыстарының аздығынан болар, көпшілік 50 адам үй алады деп айтып жүр. Жобаға қойылған талаптар қатып қалған қағида емес, пилоттық жоба болған соң бағдарламаның кем-кетігі тағы да талқыланып, өзгерістер енгізіп, толықтыруға болады, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы.

Бағдарламаның бірінші кезеңі бойынша бас-аяғы 591 жас ипотекалық тұрғын үй алуға ниеттенген. Бірақ 542 үміткер порталға нақты өтінім қалдырып, құжаттарын жүктесе, 49 жас өтінімін қайтарып алған. Басқарма басшылығы бағдарламаның платформасы мейлінше қолжетімді болғанымен, әлі де дамытатын тұстары бар екенін айтады.

ЖАСТАР ҚҰЖАТ ЖИНАУҒА АТҮСТІ ҚАРАЙ МА, ӘЛДЕ…

Үміткерлердің өтінімін облыс әкімінің өкімімен құрылған арнайы комиссия қараған. Комиссияға мәдениет, спорт, білім саласымен қатар мемлекеттік органның басшылары, журналист, депутат, қоғам белсенділерінен 21 адам іріктеліп, бекітілген. Аңғарсақ, мұның өзі үміткерлерді бағалау барынша ашық болу тиіс деген талаптың үдесінен шығатындай. Басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхардың мәліметіне сенсек, өтінім берген жастардың 70-80 пайызы медицина және білім саласының мамандары. Мектеп, балабақша мұғалімдерін қоспағанда, бағдарламаға мүлде қатысы жоқ саланың мамандары да өтініш қалдырыпты. Ал ережеде жеңілдетілген несиемен үй алуға білім, денсаулық, мәдениет, спорт, журналистика саласындағы мамандар қатысады деп көрсетілген. Әрі әр сала бойынша техникалық және әкімшілік персоналдар үміткер бола алмайды.

Бағдарламаға өтініш қалдырғандардың көптігіне қарап-ақ өңірде үй алуға ниетті жастардың аз емес екенін түсінуге болады. Осыған қарамастан құжат тапсырған 542 жастың отызы комиссияның екінші отырысында-ақ іріктелгені асығыс шешім болған тәрізді. Басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, өтінім бергендердің тізімінде біріне-бірі қабыспайтын кереғар мәлімет ұсынған үміткерлер болған.

Өтінім электронды портал арқылы қабылданған соң, үміткердің 10 жұмыс күні ішінде ұсынған мәліметін қайта түзеп енгізуге мүмкіндік берілген. Бірақ мәліметтерді нақтылауға «сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мақсатында өтініш берген азаматтармен кері байланыс орнатуға болмайды» деген қатаң қағида қолбайлау болған. Қысқасы, ұйымдастырушылардың өтінім кемшілін айтып, үміткерге кеңес беруге құқы жоқ. Басқарма басшысы бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жастың құжат жинауда өзгенің кеңесінен бұрын, әуелі жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет екенін айтуда.

НАҚТЫ НЕШЕ ЖАСТЫҢ ҮЙЛІ БОЛАТЫНЫ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ

Бағдарлама ережесіне сай іріктеуден сүрінбей өткен жастардың тұрғылықты мекенжайы бойынша 13 миллион теңге көлемінде үй алуына мүмкіндігі бар. Егер әр жасқа 13 миллион теңгеден тисе, жергілікті әкімдіктен қаралған 500 миллион теңге шамамен 39 маманға жетіп, түгесілуі мүмкін. Бірақ ауданнан өтінім бергендерге 10 немесе 8 миллион теңгеге де тәуір үй сатып алуға болатынын ескерсек, соның есебінен өзге де үміткерлер үйлі болуы әбден мүмкін. Қала берді бағдарламаға жиған құжаты сақадай-сай жастардың арасында 13 миллион теңгенің үйін алуға төлем қабілеті жетпейтіндер де кездесуі бек мүмкін. Сол секілді табысы көп жастардың өтінімі де банктен кері қайтарылады. Комиссия шешімінен кейін, іріктеуден өтпегендер көп болған соң, басқарма үміткерлердің жеке кабинетіне бағдарламаға не үшін өтпегені туралы хабарлама жолдауда.

Қош, енді, үй алу үшін тапсырған өтініші талапқа сай деп танылған 30 жас басқармаға барып, арнайы бекітілген үлгідегі жолдаманы алуы қажет. Бұдан әрі «Отбасы банкке» 10 жұмыс күні мерзімінде барған соң банктің тексеруінен өтеді. Банктің талабы бойынша, іріктеуден іркілмей өткен жастардың табысы шектік мөлшерден жоғары болса да жеңілдетілген несиеге үй берілмейді. Өйткені тұрғын үй бағдарламасына баспанаға шын мұқтаж, табысы аз жастарды тарту көзделген.

– Бағдарламаға қатысқан жастар тұрғылықты мекенжайы бойынша үй алады. Біз енді жолдамамен келген жастардың табысын, несие тарихын тексереміз. Олардың алдын ала бес пайыздық жарнасы болуы тиіс, – дейді «Отбасы банкі» клиенттермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова.

АПЕЛЛЯЦИЯҒА БЕРГЕНДЕР ҚҰЖАТ ӨТКІЗБЕЙДІ, ДҰРЫСТЫҒЫН ДӘЛЕЛДЕЙДІ

Осы күнге дейін арнайы комиссияның кезекті екі отырысы болған. Өткен аптада комиссияның кезектен тыс тағы бір отырысы ұйымдастырылып, оған комиссия мүшелерінің үштен бірі ғана жиылыпты. Комиссияның кезектен тыс отырысының өтуіне түрткі болған жайт, мамандығы бойынша бейінді қызметкер санатына қосылған жастардың шағымы екен. Отырыста іріктеуден өтпеуінің негізгі себебін түсіндіріп, заң жүзінде дәлелдеген жастардың өтінішін апелляциялық тәртіпте қайта қарау туралы ұсыныс енгізілген. Абырой болғанда бағдарламаның бекітілген шартында кейбір өтініштерді қайта қарау туралы ереже де бар. Үміткердің мәліметін апелляциялық тәртіпте қарау барысында үміткер комиссия мүшелеріне бағдарламаға өтінім берген кезде ұсынған құжатпен шектеледі. Тәртіп солай.

Жастар басқармасы бағдарламаға құжат қабылдаудың екінші кезеңін бастамай тұрып, осындай олқылықтарды реттеп алуды көздеп отыр. Кейін, жергілікті әкімдіктен бөлінген қаржы жыл соңына дейін игерілгенше, дәл осы тәртіп бойынша қайта конкурс ұйымдастырылмақ.

– Қазір тұрғындардан бағдарламаға қатысты ұсыныстар көп түсуде. Үміткерлердің арасында «мен үй алуым керек еді» немесе «шын мұқтаж жандарға көңіл бөлінсе» деген сипатта пікір айтып жатқандар көп. Әрине, үй алуға өтінім бергендердің барлығы да үйге мұқтаж болған соң өтініш қалдырды. Барлығына тең көзқараспен қарадық. Енді осы ұсыныстарды саралап, жоба жүйесін әлі пісіру керек. Жыл соңында қазіргі ережелерді толықтырып, мүкіндігінше келер жылы тағы қосымша келісім әзірлеп, бағдарламаның талаптарын өзгерту жағы пысықталады. Ол үшін жұмысшы тобын құрып, бағдарламада көрсетілген сала өкілдерінің ұсынысын қарау керек, – дейді басқарма басшысы.

Бағдарламаға қатысқан мәдениет және журналистика саласындағы жастардың іліге алмауы, саладағы жастардың әлеуметтік жағдайы жақсы деген сөз емес. Үміткерлердің ішінде журналистика саласындағы 24 жастың бағдарлама тәртібін түсінбеуі расында таңғаларлық жағдай. Бұл да болса бағдарламаның ереже-талабы тым күрделі екенінің дәлелі емес пе? Комиссияның екінші отырысында комиссия мүшесі, қоғам белсендісі Исламбек Дастан іріктеуден 30 жасты ғана іріктеу туралы шешімге қарсы шығып, пікірінен таймағанын айтады.

– «Әулиеата жастары» бағдарламасының комиссия мүшелері тек қол қою үшін жасақталған секілді. Жергілікті әкімдік комиссияның сөзін, пікірін ескермейді. Өйткені барлығын «ережеге» сәйкестендіріп қойған. Жастар басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың жастарға жасаған қиянатының бірі – үміткерлердің құжатын қарайтын мерзімді созып, шешім шығаруға үш күн қалғанда бізге ұсынуында. Басқарма басшысының құжаттарды бізге кеш ұсынғаны бізге үлкен сұрақ туындатады. Сол секілді мәдениет, журналистика саласындағы жастарға қиянат жасалды. Ұйымдастырушылар көрінгеннің барлығын қате деп, үтір- нүктесіне дейін қарап өткізбей қойыпты. «Құжаттың мерзімі дұрыс емес, толық емес, сертификатын бермепті, куәлігін салмапты, жұмыс өтілін дұрыс көрсетпеген» деп тырнақ астынан кір іздеп отыр. Жастар басқармасы жастардың мүддесін ойламай, қағазбастылықтан арыла алмай отыр. Басқарма басшысы жастарға жанашыр болса, комиссия мүшелерінің айтқан уәжімен келісіп, соған сай жұмыс істейтін еді. Бірақ олардың «ережеден ауытқымауымыз керек, ережеде осылай жазылған, 30 үміткерді өткізейік, басқалары қалсын» деуі дұрыс емес. Менің ойымша, отыз емес, елу үміткерді іріктеп, басқаларға да үміт сыйлау керек еді. Қазір іріктелген жастардың ішінде банктің талаптарынан өте алмайтын жастар да шығуы мүмкін. Осындайда банктен кері қайтқан жастардың орнына бірден тізімдегі үміткердің бірі қосылар еді. Мен комиссия отырысында 30 жасты өткізу туралы шешімге қарсы шығып, дауыс бергенім жоқ, –дейді ол.

 АЛҒАШҚЫ ЖАРНАНЫҢ ӘЛЕГІ

Басқармадағы іріктеу кезеңінде үміткерлер «Отбасы банктен» шот ашып, үй алуға жоспарлаған соманың бес пайызын, яғни алғашқы жарнасын аударуы тиіс болған. Жас журналист Нұрдаулет Асан да құжат жинағанда банк қызметкерінің кеңесіне сүйенемін деп, іріктеуден өтпегенін айтады.

– «Әулиеата жастары» бағдарламасына әріптестермен уағдаласып құжат жинап, бағымызды сынап көруге бекінбіз. Содан бағдарлама шартын егжей-тегжейлі қарап, құжаттарды www.e-jambyl.kz порталына жүктедік. Кейін комиссияның шешімі шыққанда екі әріптесімнің құжаты толық қаралса, порталда менің бір ғана құжатым сақталып, басқасы өшіп кеткенін білдім. Қателік нақты кімнен, қайдан кеткені белгісіз. Осы келеңсіздік жөнінде басқарма басшысына да қайырылып, кемшілікті анықтай алмадық. Басқарма басшысы порталдың қателесуі мүмкін емес деп жауап беруде. Сол секілді біз «Отбасы банктен» шот ашатын кезде, банк қызметкері бізге жеке шотқа 7 500 теңге аударатынымызды айтты. Ал ипотеканың алғашқы төлемін, яғни 5 пайыз жарнасын іріктеуден өткен соң аударатын болдық. Комиссияның шешімі шыққан соң мән-жайды басқарма басшысынан сұрап білсек, біз 5 пайыз жарнаны өтініш тапсырмай тұрып жеке шотқа аударып, анықтамасын платформаға енгізуіміз қажет болған. Ал өтініш тапсыратын платформада ол анықтама сұралмады,– дейді Нұрдаулет Асан.

Сонымен комиссия шешімімен іріктелген жастардың ішінде спорт саласынан бір азаматтың өтініші мақұлданса, басқасы медицина, білім саласында еңбек етіп жүрген жастар екен. Тізімдегі 9 жастың тұрғылықты мекенжайы ауданда болса, қалған 21 жас Тараз қаласынан.

Сонымен, «Әулиеата жастары» бағдарламасының іріктеуінен өткен үміткерлердің алғашқы легі желтоқсанда баспаналы болуы мүмкін. Басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар келер жылы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бағдарламаға бөлінетін қаржыны екі есе көбейтуі де мүмкін екенін айтады. Бұған «Отбасы банктен» қосымша қаржы қаралып жатса құба-құп. Бірақ биыл пилоттық жоба ретінде іске асқан бағдарламадан үлкен былық шықпай, үйлесімді іске асса дейсің. Қоғам белсенділері мен үміткерлердің «Әулиеата жастары» бағдарламасы туралы ашық пікір білдіріп, жұмысты жүйелеу жөнінде ұсыныс айтып, шырылдап жатқаны да содан.

 

 Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support