- Advertisement -

Құлықсыздық әлде қауқарсыздық…

52

- Advertisement -

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Интернет желісі туралы сөз қозғалса, еріксіз осы тіркес ойға оралатын болған. Өйткені арнайы министрлік, облыстарда басқармалар құрылғанымен, мұнда әлі де күрмеуі шешілмеген мәселе көп.

Статистикаға сүйенсек, облыстағы 11 елді мекенде мүлдем интернет желісі жоқ екен. Ал аты бар болғанымен, заты жоқ, яғни интернет жылдамдығы нашар, талшықты- оптикалық байланыс желісін жүргізуді қажет ететін елді мекендер саны – 188. Талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмаған аудандардың көш басында Жуалы тұр. Облыс орталығынан тым шалғай, құмды, шөлді аймақ болса бір сәрі.

Бірақ мұнда 39 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісі жоқ. Бұл дегеніңіз, аудан халқының жартысына жуығы төңіректен төбе іздеп, оқушылары шатырға шығып сабақ оқып жүр деген сөз. Жуалыда тіпті аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың өзінде интернет тұрмақ, байланыстың өзі нашар.

Соның бірі – Диқан ауылы. Аудан орталығына небәрі 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан диқандықтардың бармаған жері, қақпаған есіктері қалмады. Түрлі деңгейдегі әкімдердің есептерінде, депутаттармен кездесулерде де интернет пен байланыс мәселесі тұрғындар тарапынан ұдайы көтеріліп келеді. Бірақ онлайн оқу барысында қыстыгүні оқушылары трактордың ішіне кіріп сабақ оқып, мұғалімдері байланыс іздеп сай-саланы сағалап сабақ өткен ауыл тұрғындарына берген уәделерін орындауға құзырлы орындар құлықсыз әлде қауқарсыз. Әйтпеген күнде неше жылдан бері «жыр» болған бұл мәселе күні бүгінге дейін шешімін табар ма еді…

Жалпы Жамбыл өңірінің 70,3 пайызында, яғни 258 елді мекенде интернет жылдамдығы төмен (2G, 3G). Барлығы дерлік онлайн форматқа, цифрландыру жүйесіне көшкен қазіргі уақытта мұндай жылдамдықпен жұмыс істеудің өзі инемен құдық қазғандай дерсіз.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың айтуынша, биылғы жоспар бойынша жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен 163 елді мекен қамтамасыз етіледі екен. Жыл соңына дейін мүлдем интернетпен қамтылмаған 11 ауылдың 6-ауы, атап айтсақ, Шу ауданындағы Алағайыр мен Құлақшын, Сарысудағы Үлкен Көкдала мен Кіші Көкдала, Шағалалы ауылдары, Меркі ауданының Құмарық елді мекені мобильді байланыспен, интернетпен қамтамасыз етілетін көрінеді.

Облыстық әкімдікте елді мекендерді интернетпен қамту мәселесі қаралған кеңесте басқарма басшысы баяндамасында талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу үшін қай елді мекенге қанша қаражат қажет екенін есептеп, интернет жылдамдығы төмен 11 цифрлық ақпараттық орталықтың, 34 мектептің мәселесін шешудің жолдарын көрсетіпті.

Алайда облыс басшысы Нұржан Нұржігітов оның бәрін ысыра тұрып, талшықты-оптикалық байланыс желісін тартудан бұрын, ең алдымен мүлдем интернеті жоқ ауылдардың мәселесін шешуді тапсырды. Сондай- ақ кеңес барысында аңғарғанымыз, бұл үшін жергілікті бюджеттерден қаржы қарастырылмаған. Министрліктен арнайы бағдарлама да әлі бекітілмеген.

Жиында Нұржан Молдиярұлы «аудан, ауыл тұрғындарымен есепті кездесулерде маған «ХХІ ғасырда өмір сүреміз, бірақ қарапайым байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай келеміз» деген сыңайдағы шағымдар жиі айтылады. Ол орынды да» деді. Бірақ тиісті құзырлы орындар дәл осы бағытта, осындай қарқынмен жұмыс істесе, әлі талай кездесуде бұл сұрақ облыс басшысының алдынан шығары сөзсіз.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support