- Advertisement -

Қарбаласқа толы қала тіршілігі

119

- Advertisement -

Тараз қаласына жуырда ғана әкім болып тағайындалған Бақытжан Орынбеков қызметтік міндетін шаһар тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған мәселемен тікелей танысудан бастағандай. Сондай-ақ азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, бұқара мен биліктің «алтын көпірі» – БАҚ қызметкерлерімен де ой бөлісіп, ортақ іске жұмылуға дайын екенін, азаматтар тарапынан және журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары қала тіршілігіне қатысты көтеріп жатқан мәселелерді тікелей бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Әлбетте, проблемамен танысу, оны назарда ұстау бар да, оның орындалуы тағы бар. Халыққа керегі де сол, айтылған мәселенің орындалуы, шешілуі. Бұл ретте қаланың жаңа басшысы мәселені екіге бөліп қарастырмақ екен.

Бұл жөнінде Тараз қаласы әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Зарина Қуатова: «Айтылған проблемалар шұғыл және қаржы талап ететін болып қарастырылуда. Мәселен, өткен аптада БАҚөкілдерімен кездесуде бірнеше мәселе көтерілген болатын.

Солардың бірқатарына тоқталып өтсем. Мысалы, бұрынғы «Көк базар» орталықта жұмыс істеп тұрған кезде А.Асқаров, А.Пушкин көшелері бір бағытта болғандығы анық. Бүгінде ол өзектілігін жойғандықтан, қайта екі бағытта автокөлік қатынайтын жол ретінде қарастыру, No15 шағынаудандағы «Бүркітәлі» жекеменшік мектебінің алдына жол белгісін орнату ұсыныстары айтылған еді.

Айта кетерлігі, аталған мәселелерді басқа да қала тұрғындары әлеуметтік желіде көтерген болатын. Өткен аптада екі көше де зерделенді.

А.Асқаров көшесі 2 бағыттық ретінде қайта ашылатын болды. Бірақ алдымен бағдаршам қою жұмыстары жүргізілмек. Ал А.Пушкин көшесінің бойында No 1 гимназия, полиция басқармасы, мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі, медицина мекемелері орналасқандығын ескере отырып, бұл көше бір бағыттағы автомобиль қозғалысымен қалатын болды» деген пікір білдірді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жекеменшік мектеп маңына жол белгісі қойылып, жүргіншілер жолағы салынды. Сондай-ақ жолдың екі жағындағы лотокқа өткел салу жұмыстары да қоса жүргізілмек.

Қала тіршілігі қашанда қарбаласқа толы. Күндіз де, түнде де бір дамылдамайтын шаһардың гүлденуі үшін қалтқысыз қызмет ету әкімнің де, әрбіріміздің де тікелей міндетіміз.

 

Маржан РАҚАЙ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support