- Advertisement -

Аға буынның өтінішіне қала билігі құлақ асса екен

85

- Advertisement -

Көзі ашық, көкірегі ояу белсенді ардагерлер облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төңірегіне топтасып, қоғамдық жұмыстарға бір кісідей араласып жүрміз. Әсіресе тұрғындармен кездесіп, көрген-білген, көңілге түйген ақыл-кеңесімізді айтудан қашпаймыз. Жастар тәрбиесіне көбірек мән беріп, кейінгі толқын ұл-қыздарға үлгі боларлық тағылымды кеңесімізді түсіндіруден жалыққан емеспіз.

Бұдан бөлек саяси-қоғамдық науқандарда жергілікті әкімдіктің ұсынысымен үгіт-насихат жұмыстарына қолдан келгенше үлес қосып жүрген жайымыз бар. Уақытында түрлі салада басшылық қызметте болып, Баукеңше айтсақ, «Тәртіпсіз ел болмайтынын, тәртіпке бас иген құл» болмайтынын түйсінген соң келер ұрпаққа насихат айтудан тартынбаймыз. Зейнетке шықсақ та қоғамдық жұмыстардан қол үзбегеніміздің есесіне қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жыл сайын жергілікті бюджет есебінен газетке жаздыратын.

Содан Тараз қаласында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, облыстың және Тараз қаласының Құрметті азаматтары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің белсенділерімен қатар ардақты аналарға дейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», облыстық «Аq jol», «Знамя труда», «Ғұмыр-Дария», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерін оқып, елдегі өңірдегі жаңалықтарды оқып, біліп отыратын. Қоғамдағы түйіткілді мәселелерді басылымнан оқып, саралап, жоспар түзгенде соны ескеретінбіз.

Неге екені белгісіз, бірақ биыл республикалық, облыстық газеттерге жазылу үрдісі тоқтап тұр. Газетке жазылу науқанында бұл шаруамен Тараз қалалық ардагерлер кеңесі айналысатынын білген соң замандастарға хабарласып, газетке жазылу неге тоқтап қалғандығын сұрастырсақ, әркім әр түрлі әңгіме айтып жүр. Қош, бұған қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары «газетке жазылу бюджет қаржысы есебінен ардагерлердің белгілі бір топтарына мемлекеттік сатып алу заңдылықтары аясында жүргізілу керек» деген сылтау айтады. Яғни мерзімді басылымдарға ардагерлерді бюджет есебінен жаздыру ісі мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңдылықтарды сақтау мақсатында тоқтатылған көрінеді.

Қалай десек те, газетке жазылу заңдылығының сақталғанына біз қарсы емеспіз. Бірақ осы мемлекеттік сатып алу ережелерін сақтай отырып та қалада талай шаруа бітіп жатқан жоқ па?! Бұған біздер, ардагерлер қауымы кез келген мәселенің шешімін табуға болады деп есептейміз. Әр шаруаға жоқ жерден сылтау іздеп, бұрыннан қалыптасқан тірлікті бір мезгілде тоқтатып тастау арқылы аға буынның сынына қалу қала билігіне абырой бола қоймас. Әрі жергілікті атқарушы органдар біздің сұранысымызды жерге қалдырмас дегенге үміт басым.

Бұл – машақаты көп қиын шаруа емес қой. Саптан қалмай, ақы-пұлсыз шапқылап қоғамдық қызметте жүрген белсенді ардагерлердің сұранысын қала басшылығы дұрыс қабылдап, оң шешім қабылдайды дегенге әлі де болса іштей сенеміз. Өйткені біз – газет оқып өскен ұрпақпыз!

 

Сәрсенбай МЫҢБАЕВ,

Кәсіподақ қозғалысының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support