- Advertisement -

Аудандық газеттердің ахуалы қалай?

322

- Advertisement -

Қазақ журналистикасының қазығын қағып, іргесін қалап кеткен Алаш ардақтыларының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаса керек. Бұл бұқараның басты рухани сырласы, жансерігі, таным тынысына айналған барлық газетке қатысты айтылған мағынасы биік, мәні терең тұжырым. Десек те, жаһандық жағдайлар жағадан алып, қымбатшылық балақтан тартып, қалтаны қазған қазіргідей уақытта газеттердің, әсіресе шалғай аудандардағы шежіре шырақшыларының бүгінгі жағдайы қалай?

Заман талабы бойынша аудандық газеттердің барлығы жекеменшікке өтіп жатыр. Ондағы мақсат қандай? Оның соңы не болмақ? Жекеменшікке өтіп жетіле ме, жоқ әлде жетпей желкесі қиыла ма? Дәл осындай санаға салмақ салатын сарқырама сауалдардың қазіргі таңда аудан газеттеріндегі әрбір тілшінің көкейінде жүргені жасырын емес. Арыдан орағытсақ, бүгінде жасыратыны жоқ дамыған елдер десе ең алдымен ойымызға Америка оралады. Ол бізге айдан биік көрінеді. Сол елдің ғылыми жаңалықтары, технологиялық игіліктері, киімдері, тіпті эстетикасы мен менталитетіне дейін ананың ақ сүтіндей сіңіріп алуға бейім тұрамыз. Ал сол американдық жазушы әрі драматург Артур Миллер «Жақсы газет – өзімен-өзі сөйлесетін ұлт» десе, тағы бір белгілі жазушысы Ричард Клюгер «Газет өлген сайын, тіпті нашар болған сайын, ел авторитаризмге жақындай түседі» деп жаһанға жар салған жоқ па? Өзіміздің Әлихан Бөкейхан да өмірлік қағидаларының ішінен газетті ерекше атап өтіп, «Газет – халыққа білім таратушы. Газет – халықтың жоқтаушысы» деп тайға таңба басқандай ақиқатын айқындап берген еді ғой. Енді неге алтын бесік – ауылдың, марлан даланы малға, ен даланы егінге толтырып жүрген шаруалардың рухани жансерігіне айналған аудан газеттерінің жағдайы құлдилап кетті?

Әрине, елде әлеуметтік-экономикалық салалар жағынан өзгеріс өте көп. Тұрмыстың түзелуі, өмір сүру деңгейінің жақсаруы реформалардың, мемлекеттік бағдарламалардың арқасы. Ал оларды бұқара халыққа түсіндіретін, насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдары екені айтпасақ та белгілі. Соның ішінде жергілікті газеттер. Ақпараттық сайттар негізінен жұртты елең еткізетін жаңалықтарға бейім келсе, мерзімді басылымдар идеология майданында әлі де сол «ауыр артиллерияның» рөлін атқаруда. Сондықтан да газеттер мемлекетке қашанда қажет. Қарусыз майданда идеологиясы әлсіз елдің халықтың бірлігін сақтап тұра алмасы анық. Ал газеттер сол идеологияның басты құралы екені саналы адамға айдай анық ақиқат.

Осы ретте біз облыс аудандарындағы газеттердің жағдайын, келешегін бағдарлап, сала мамандарының пікірін саралап көрген едік.

– Аудандық газеттерді жекеменшікке беру туралы мәселе 2015 жылы бастау алды. Ең алдымен «Шу өңірі» газетінің 49 пайызын осы ауданның тумасы, бірақ Алматы қаласында тұратын азамат сатып алды. Араға 4-5 жыл салып қалған 51 пайызы да сатылды. Газеттерді жекеге сату саясатының кімге тиімді екенін Құдай біледі. Жекеге өте салысымен жалақы күрт төмендеді. Мамандардың штаты да бірден қысқарды. Газеттің шығуында маңызды рөл атқаратын ең қажетті жауапты хатшы, корректор деген маңызды мамандықтар да қысқарып кетті. Қазір аудандық газет бас редакторларының орынбасарлары да жоқ. Мамандардың айлықтары шайлығына жетпейді. Жекеге өтпей тұрғанда тілшілерге қаламақы төленді, ауылдарға баратын іссапарлары да уақтылы беріліп келді. Жекеге өткеннен кейін бір сөзбен айтқанда, оның барлығы жайында қалды. Журналистер мұндай мүмкіндіктерден жұрдай болды. Қазір «Шу өңірі» газеті жасыратыны жоқ, облыстық «Aq jol» газетін көшіріп баса береді. Ал аудан халқы «олай болса ақпараттарды облыстық газеттен-ақ оқып аламыз» деп аудандық газетке жазылмайды. Тілшілер өз ізденістерімен танымдық, тағылымдық материалдар жазайын десе олардың қадамын ұзартатын жағдай жоқ. Іссапар ақшасы төленбегендіктен олар шалғай ауылдарға бара алмайды. Оған қоса аудандарда баспахана да жоқ. Аудандық газеттердің сегізі Таразда басылып шығарылады. Ал кезінде аудандарда типография жұмыс жасады. Баспагер, оның көмекшісі деген оншақты адам сол баспада қызмет етті. Жекеге өткеннен кейін оны да керек етпей тастады. Баспадағы мамандар да далада қалды. «Шу өңірі» газеті екі тілде шығатын болғандықтан оған тұрақты аудармашы қажет. Қазір аудармашы да жоқ. Әр тілшіге «ана материалды аудара сал, үйте сал, бүйте сал» деп үйіп-төгіп жүктеме береді.

Мәселен, осы Шуда 23 мыңға жуық түтін бар. Жазылым екі мыңнан аспайды. Бұл да сол жекеменшікке өтудің салдарынан деп санаймын. Жекеменшік иесі өзінің материалдық жағдайын, жеке басының қамын ойлайды. Салығын төлесем болды, газет қалай болса, олай болсын дейді. Бұл – мәселенің шынайы көрінісі. Ал газет біреудің жеке қолшоқпары емес. Шығармашылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам газетке қалай жаны ашысын? Осындайда мемлекетке газет керек емес, ал мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау немесе сайлау науқаны кездерінде ғана керек болып қалады. Мұны қалай түсінуге болады? Газет жеке адамның емес, қоғамның мәселесін көтереді. Сондықтан аудан газеттері мемлекет қамқорлығында болуы керек деп ойлаймын. Әрбірден кейін сол қамқорлыққа мұқтаж. Әйтпегенде құр босқа сандалып, құрдымға кетері анық, – дейді ардагер журналист Ахметжан Қосақов.

Өзі атап өткен газетті талай жыл басқарған сала ардагері сөз соңында аудан газеттерінің жекеге өтуіне түбегейлі қарсы екенін ашық айтты. Ал осыдан жеті жыл бұрын аудан газеттерін сатылымға шығарып, саудаға сала бастаған жүйе қазір қандай жетістікке жетті? Тиімділігі болды ма, болса қаншалықты, болмаса қайтпек керек?

– Аудандық газеттерді жекеге беру Үкіметтің қаулысымен жүзеге асқан болатын. Басында дұрыс бастау алды деп ойлаймын. Себебі оның негізгі мақсаты газетті сенімді қолға тапсыру, бюджетке қаражат түсіру еді. Жалпақ тілмен айтқанда әр газет өз қотырын өзі қаситын болды. Бір жағынан сол 2015 жылға дейін газет көбейіп кетті. Біздің облыста қайта аздау болды, ал Шымкенттің бір өзінде 350-ге дейін газет түрлері шығып кетті. Тіпті ру-руға бөлініп өз газеттерін шығара бастады. Басылымдарды жекеге өткізу мәселесін әуел баста Алтынбек Сәрсенбаев бастаған еді. Газеттерді биліктен бөліп алды. Бірақ ол сол жұмысты жалғастыра алмай қалды.

Егер газет тілшілері биліктің қызметкері болатын болса, ол биліктің сөзін сөйлейді, оған қарсы сын материал жаза алмайды, ол тәуелсіз болуы керек деп жекеледі. Бастама дұрыс болғанымен аяғы ойдағыдай болмады. Қолы жеткендер аудандық газеттерді ала берді. Бүгінгі таңда олардың жағдайы әртүрлі. Жалпы сол саладан хабары бар адам алса, газетке жаны ашиды және сол газеттің бағын ашады. Биылғы жылдан бастап аудандық газеттердің барлығы сатылуда. Бұл бюджетке тиімді. Мемлекеттік тапсырысты орындағаннан басқа газет ешкімге жалтақтамайды. Есесіне өзекті, ел оқитын дүниелерді жарыққа шығара алады. Десек те сол мемлекеттік тапсырыстың төңірегін қуалап кеткендіктен сүреңсізденіп кеттік. Ал оны орындамасақ ақша ала алмаймыз. Басында кейбір газеттер сатылған кезде қарызсыз деп көрсетілді. Бірақ қыруар қаражат қарызымен алдық. Содан барып мемлекет аудандық газеттерге қаржыны дұрыс бөле алмай қалды. Осылайша олар қарызға белшелерінен батты. Кейбіреулері әлі күнге сол қарызды өтеумен келе жатыр. Негізгі қарыздар салық пен баспаға тиесілі. Бір сәтте жаппай сату керек болғандықтан қарызымен бірге сатып жіберген оларды.

Аудандық газеттерді сатып алғаннан кейін артық кадрларды қысқартуға мәжбүр болдық. Өйткені бұрынғы қарыздары бар, одан кейін бюджет қаражаты баяғыдай ағыл-тегіл бөлінбейді. Сонымен қатар аудандарда газетке жазылу өте төмен. Қазір газетке жазыл деп ешкімге айта алмайсың. Әйтпегенде газеттің ертеңгі жас ұрпаққа берері мол-ақ. Тіпті ұстаздарымыз да газет оқудан бас тартуда. Ал газет оқымайтын ұстаз өскелең ұрпаққа қаншалықты сауатты тәрбие беруі мүмкін? Жастардың қолдарында смартфон, тик-ток, инстаграм, барлығы сонымен тәрбиеленіп жатыр. Ал ондай желілерде тірі адамды өлтіріп, болмағанды болдырып, жоқ дүниені бар ғып, бар дүниені жоқ қылуда. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі ақпараттарда ешқандай жауапкершілік жоқ. Газеттерде айтылған сөз, жазылған дүние тайға таңба басқандай қалады, – дейді «Салық тәртібі» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директор – бас редакторы, облыстық бас редакторлар кеңесінің төрағасы Ғалым Қасабай.

Жасыратыны жоқ қазір аудандағы әріптестер арасында газеттер қайтадан мемлекет қамқорлығына өтсе деген тілек бар. Себебі басым көпшілігінде жағдай мәз емес. Бұл мәселе туралы да Ғалым Қасабай бүй деді:

– Аудан газеттері қайтадан мемлекетке қайтуы мүмкін бе деген мәселені жуырда еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың алдында көтердік. Шыны керек, сол мемлекеттік тапсырыс болмаса аудандық газеттердің жағдайы мүлде мүшкіл болады. Газетке жазылым болмағаннан кейін оның таралымы түседі. Таралымы түскен соң ақша азаяды. Осы жағдайды министрге жеткіздік. Бірақ министр бізде ғана емес, дүниежүзі газеттерінің жекенің қолында екенін алға тартып, енді аудандық газеттердің мемлекетке қайтарылмайтынын кесіп айтты. Енді тек сол саланы білетін білікті кәсіпкерлер болса, солар алғаны дұрыс. Оны қайтарып алуға бюджетте қаржы да жоқ.

Бұл мәселені Мойынқұм ауданының тұрғындары да көтерген еді. Олар аудандық газетке ризашылықтарын айтып, болашағына алаңдаушылық білдірді. Дейтұрғанмен, әр газет өз позициясында болуы керек, өз позициясы жоқ газет – газет емес. Сонымен қатар тағы бір айта кетер жайт, облыстық үлкен газеттер болмаса ауданда жауапты хатшы, корректор деген мамандықтардың қажеті жоқ деп ойлаймын. Кезінде мемлекеттің меншігінде болғанда әрқайсысына 60-70 мың айлық қойып қойған. Осы күні ондай айлыққа адам өмір сүре ала ма? Соның барлығын зерделей келе, оңтайландырып, тілшілердің айлығын көтердік. Қазір аудан газеттеріндегі әр тілші орта есеппен 150 мың теңгенің төңірегінде айлық алады. Мүмкіндігіне қарай сыйақы береміз. Іссапар ақылары да төленеді. Жылдық бюджетін есептеп, ақша артылып жатса бонус ретінде қаламақы береміз. Әр редакциямызда оншақты маманнан бар. Көліктері де бар. Жанармайлары да төленеді. Әр тілші өз материалын бастан-аяқ сауатты жазатын әрі бұрыннан істеп келе жатқан маман болғандықтан оларға корректордың қажеті жоқ. Мамандардың көбі зейнет жасындағылар. Себебі жас кадрлар жоқ. Жас кадрлар ауданға бармайды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика мамандығын бітірген түлектердің ішінде іліп аларлық журналистер жоқтың қасы. Әуелі олардың аузынан журналистикаға барамын, еңбек етемін деген сөз шықпайды. «Табақтай дипломды алып қайда барасың?» десең, көбі «мен басқа жұмыспен айналысамын, болмаса екінші мамандық аламын» деген әңгіме айтып, сай-сүйекті сырқыратады. Ондай мамандар ауданға бармайтыны анық. Ал ондағы зейнеткерлеріміз қашанғы отыра берсін? Олардың орнын басатын адам жоқ.

Екіншіден, ауданда тілшілерге пәтер беруге редакцияның мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан сырттан адам апару да мүмкін емес. Оның үстіне кейбір аудандық газеттердің жеке ғимараттары да жоқ. Кезінде болған, бірақ партия меншігіне өтіп кеткен. Өздері жалға тұрып жатыр. Қазір туған жеріне туын тігетін қалталы азаматтарды іздеп жүрміз. Сондай азаматтар қолдаса, аудан газеттері өркендер еді. Менде 6-7 газет бар. Нарықтық экономиканың қиын қыстау кезінде оларды ұстап тұру оңай емес. Олардың бюджеттері де жыл сайын қысқару үстінде. Сондықтан аудан газеттері бүгін-ертең еңселерін көтеріп, алдыңғы топқа шығады деп айта алмаймын.

Расымен әр аудан газетіндегі жағдай қарағайдың қырық бұтағындай. Бірі гүлдеп тұрса, енді бірі қураған, бірі сынған, жапырағы сарғайған. Көктемінен күзі басым болып тұрған аудан газеттерінің жағдайы алдағы уақытта жарқын боларына сенгіміз-ақ келеді. Әрқайсысының тамыр- тарихы тереңде жатқаны тағы бар. Тек басым көпшілігі қамқорлыққа мұқтаж. Соған қарамастан жаңалықтың жаршысы ғана емес, бүтін бір ауданның айнасы болып отырған газеттердің ертеңінен халықтың күтері көп, үміті зор.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support