- Advertisement -

Ел мақтанышы Ертаев Әулиеатада

153

- Advertisement -

Өңірімізден шыққан тұғыры биік тарихи тұлғалар, ел мақтаны болған белгілі азаматтар аз емес. Әулиеата халқы сондай дара перзенттердің әрбірімен мақтанады, оларды құрмет тұтады. Солардың ішінде шоқтығы биігі – Халық Қаһарманы, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақстан ардагерлері Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлері» қауымдастығының президенті, генерал- лейтенант Бақытжан Ертаев. Бүгінде тұғырлы тұлғаға айналған батыр ұл жеті белден асып, жетпіске жеткен екен. Өткен аптаның аяғында мерейлі жасқа келген қаһарман перзентін әулиеаталықтар үлкен ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті.

Жолдастық кездесуде жамбылдықтар ұтты

Қорғаныс саласында лайықты қолтаңбасын қалдырып , қоғамдық жұмыстарда да алдыңғы қатардан көріне білген батыр ұлына жамбылдықтардың құрметі ерекше болды. Әуелі Б.Ертаевтың құрметіне Тараз қаласындағы №6 бокс сарайында жасөспірімдер арасында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жасөспірім боксшылары арасында жолдастық кездесу өтті. Бұл сайысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері, АИБА төрешісі Дархан Әшіров төрелік жасады. Іс-шараны ашып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев мерейтой иесін құттықтап, жеткіншек боксшыларға жеңіс тіледі.

«Бақытжан Ертаевтың есімі бүкіл Алаш еліне ардақты. Жерлесіміз Тәуелсіз еліміздің қорғаныс саласына өлшеусіз еңбек сіңірді. Жүздеген сардарлар мен әскери қызметкерлерді дайындап, шыңдап шығарды. Батыр жерлесімізге ұзақ ғұмыр тілейміз!», деді Еркін Құлымбайұлы. Мұнан соң елдің ардақтысы, мерейтой иесі Бақытжан Ертаев сөз алып: «Қадірлі жерлестер! Сіздерге перзенттік пейілмен сәлем беремін, өздеріңізге деген құрметім ерекше. Бүгінгі жолдастық кездесуде боксшыларға жеңіс тілеймін. Жеңістің еңбекпен, төгілген термен келетінін бәріміз білеміз. Жарыс әділ өтсін. Сәттілік», деді. Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов та ізгі тілегін арнады. Мұнан соң жолдастық кездесу жамбылдық, жасөспірімдер арасында екі дүркін ел чемпионы Рамазан Орынбасар мен шымкенттік Амангелді Елдар арасындағы жекпе-жекпен басталып кетті. Нәтижесінде жерлесіміз Рамазан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жалпы бұл жолдастық кездесу 5:2 есебімен жамбылдық жасөспірім боксшылардың басымдығымен аяқталды.

Бауыржан мен Бақытжан

Мұнан соң Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев Тараздағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына барып, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Жетпістің биігіндегі генералдың ағасы Бауыржанға деген құрметі еді.

Осы күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығында Халық Қаһарманының 70 жасқа толуына орай облыстық әскери-патриоттық конференция ұйымдастырылды. Жиынға Ауған соғысының ардагерлері, зиялы қауым, ақсақалдар, студенттер мен оқушылар қатысты. Аталмыш іс-шараны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа ашып, жүргізіп отырды. Алғаш болып облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйледі. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген. Батыр Бауыржан Момышұлы, шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртаза туған Жуалыдан, сегіз генералдың бірі болып Бақытжан Ертаев ағамыздың шығуы заңдылық. Батыр ағамыз жастармен сөйлесіп, ұлағатты өмір жолын үлгі ету үшін келіп отыр. Конференция жұмысына табыс тілеймін», деді ол.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев сөз сөйлеп, Бақытжан Ертаевтың батырлық тұлғасына, отаншылдық қасиеттеріне ерекше тоқталды. Өңірде атқарылып жатқан патриоттық жұмыстар барысын баяндады. Мұнан соң жас ізденуші, магистрант Көркемжан Бақытжанқызы сөз алып, ардақты ағаның таусылмас тағылымы мыңдаған жастарға үлгі екенін, өзінің де осындай ұлағатты сөздерден қанаттанатынын жеткізді.

Іс-шара барысында мерейтой иесі сөз алып, игі тілегін арнады. «Мен осы жиындағы сөзімді пайдалана отырып, жамбылдық жерлестеріме және Ауған соғысының ардагерлеріне ерекше ықыласымды білдіремін. Өмірден озған ауғандық батырлар рухына тағзым етемін. Елімізге Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай батырлардың ерлігімен жетті. Азаттықтың алғашқы жылдарында отаншыл азаматтар атқа қонды. Елге еге болды, Туын биік ұстады. Көк байрағымызды көкке көтерді. Құрметті жерлестер! Мен ақын емеспін, мен әскери адаммын. Бірақ отаншылдық және патриоттық сезімдер толқытқанда толғанып кетемін. Жаңа Қазақстан – міне, сіздердей жастармен қуатты. Еліміздің Президентіне жұрт болып қолдау көрсетуіміз қажет. Өз Отанымызды сүю, бағалау, құрметтеу – баршамызға парыз. Әр жас – қазақ елінің бағы, болашағы. Сондықтан сіздер «Қазақ елінің болашағымыз, Батыр Бауыржанның жерлесіміз, ұрпағымыз» деп жүріңіздер. Өмірлеріңе бақыт, жолдарыңа сәттілік тілеймін», – деді генерал-лейтенант Б.Ертаев.

Батыр туса – ел ырысы.

Сенбі күні түс қайта ел мақтанышы Бақытжан Ертаевтың 70 жас мерейтойына арналған салтанатты жиын Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Іс-шараны облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ашты.
– Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар! Ардақты Бақытжан Ертайұлы! Сіздің бүгін туған жерге келіп жатқаныңызға біз қуаныштымыз. Қазақта «Жаңбыр жауса – жер ырысы, батыр туса – ел ырысы» деген нақыл бар. Сіз қай кезде де Тәуелсіз еліміздің қорғаныс саласына қызмет еттіңіз. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіңіз зор. Әскери қызметпен мыңдаған адамға үлгі-өнеге көрсеттіңіз. Халық қалаулысы ретінде де Парламент Мәжілісінде ел мүддесін лайықты қорғадыңыз. Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деп Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың иығына шапан жауып, сыйлығын ұсынып, құрмет көрсетті. Кеш барысында «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының өнерпаздары Ертаевтың Ауғандағы ерлігін танытатын көріністер көрсетті.
Мұнан соң ел алдында мерейтой иесі Бақытжан Ертайұлы сөз алды.

– Қадірлі жерлестер! Баршаңызбен аман-есен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Мен жеті айлығымда әкемнен айырылдым. Жетім өстім. Ауылда қиындықты көрдім. Бірақ елдің жаманшылығын көрмедім. Ауылдың бұйра шаңында тал шыбықты ат қылып міндік. Құмына аунап өстік. Бала күнімде мал да бақтым, егін де ектік, шөпке де шықтық. Шынықтық. Одан жаман болған жоқпын. Менің бала күнімде көптеген ұлағатты ата-апалар болды. Олардың әруағы разы болсын. Беріректе ауылдастар маған: «Ауылға мешіт салып берші» деп өтінді. Кеңес ауылынан мешіт салып бердім. Арада біраз жыл өткенде ауылдың қажетті жеріне көпір салдырдық. Осының бәрі де елге деген алғысым, жерлестерге құрметім.

Мен шүкіршілікті көп айтамын. Соғысқа кіріп, аман оралып, алдарыңызда сөйлеп тұрмын. Сол Ауған соғысында мерт болған қай сардардан, қай сарбаздан артық едім? Сол жағдайды жиі есіме аламын. Жастарға айтарым, Отанды қорға, Отанды сүй. Әскерден қашпа. Әскерге бар, алдыңғы шепте бол. Отаныңа ұл бол! Елдің дамуы, өркендеуі елдің Президентіне ғана керек емес. Ол бәріміз үшін қажет. Ол бәріміздің – парызымыз. Осы залда да «Оңтүстік» әскери қолбасшылықтың сарбаздары отыр. Сарбаз – күні-түні үйренуі тиіс. Олар күн, түн демей Отанды қорғауы тиіс. Бір үлкен жиында: «Елімнің таулары көп, сол таудың бір түйір құмы шығармын. Елімнің ормандары көп, соның бір тал шыбығы шығармын. Елімде теңіздер көп, сол теңіздің тамшы суы шығармын» деп едім. Сол сөзімді жерлестерімнің алдында да қайталаймын. Мен Тәуелсіз еліммен, Әулиеата деген қасиетті жеріммен мақтанамын. Баршаңызға мың рақмет!», – деді генерал.

Мұнан соң «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының Бас Қолбасшысы міндетін уақытша атқарушы, полковник Абай Жолдасов әскери саладағы жетістіктерін, соңғы 5 жыл қатарынан қолбасшылықтар арасында алғашқы орында келе жатқанын, әскери қызметте Ертаевтың да талаптарын назарға алатынын айтты. Сондай-ақ ол мерейтой иесі Бақытжан Ертаевқа сыйлық табыс етті.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, Ертаевтың қайраткерлігіне, әскери қызметтегі батылдығына ерекше тоқталды. «Ауған жерінде соғыста жүргенде байқаусызда құрылысына зақым келген мешітті сарбаздарын жауып, жөндеп бергені қандай асыл қасиет десеңізші! Содан Ертаев Бақытжанды «Мұсылман командир» деп, «Бақтияр» деп атап кеткен және жергілікті тоғайды «Бақтияр тоғай» деп атайды, бұл жағдай Ауған жерінде де Ертаевтың беделі жоғары болғандығын көрсетеді. Тіпті өзінің төзімділігін, батырлығын Жалалабадқа дейін машинасымен жалғыз 250 шақырым жүріп те дәлелдеген. Бұл – нағыз мұсылманның ісі. Өзі айтып өткендей, Ертай ауылына да көпір мен мешіт салды. Еңбегі жана берсін. Аманшылық тілеймін. Бақытжанның осы абыройының бәрінде асыл жары Зейнеханның үлесі бар. Екеуінің шаңырағына бар жақсылықты тілеймін», деді ол. Мұнан соң Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Қанағатов сөз алып, Ертаев екеуінің қырық жыл бойы жалғасып келе жатқан достықтарына тоқталды.

«Талай басына іс түскенде көлеңкесін көрсетпей кеткен адамдарды кейін қызметіне қайта келген кезде кешіріп, жұмысқа қайта қабылдады. Жүрегі асыл екен Бақытжанның. Мен асыл жүректі Бақытжанға бар жақсылықты тілеймін», деді досы Қанағатов.
Мұнан соң «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының әншілері бірнеше патриоттық ән шырқады. Осынау салтанатты кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін (сөзі Қадір Мырзалиевтікі) аталған әскери оркестрдің орындауымен, оған барша қатысушылардың орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетуімен мәресіне жетті. Осылайша, әулиеаталықтар арда ұлы Ертаевқа ерекше құрмет көрсетіп, үлкен әсерге бөледі.

Жуалы жеріндегі жылы жүздесу

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевты жуалылықтар да үлкен құрметпен қарсы алды. Батыр перзент ең әуелі Отан алдындағы борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде тосын табиғаттың салдарынан қар көшкінінің астында қалып, қаза болған 91 678 әскери бөлімінде арнайы мақсаттағы таулы иегерлік ротасының жауынгерлеріне орнатылған ескерткішке гүл қойып, қайтыс болған жауынгерлердің әруақтарына бағышталған Құранға қол жайды. Бақытжан Ертаев әскери бөлімдегі бұрынғы және заманауи қару-жарақтар қойылған көрмемен танысып, шатыр астында әскери бөлімнің қызметкерлерімен сұрақ-жауап алмасты.

Әрі қарай іс-шара аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасты. Айта кету керек, мәдениет үйінің алдында тарихи, мәдени, ұлттық салт-дәстүрімізге арналған көрмелер көздің жауын алатындай қаз-қатар қойылған. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы көшпелі музейі және тақ, тайқазан, ескерткіштері де кештің сәнін келтіре түскендей әсер қалдырды. Одан бөлек, мәдениет үйінің алдындағы әскери вальс кештің шырайын одан әрі аша түсті.

Мерекелік шарада Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев және Жуалы ауданының әкімі Ж.Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, генерал-лейтенант Б.Ертаевқа сый-сияпат жасады.
Халық батыры мерекелік кештен соң кіндік қаны тамған туған жері Ертай ауылына атбасын бұрды. Мұнда ол алдымен ауылдағы «Құлбайымбет» мешітінде болып, генералдың қатысуымен ата-баба рухына құран бағыштады. Сондай-ақ ауылдағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте батырдың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға қатысты. Жиында Боралдай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов құттықтау сөз сөйлесе, ардагер ұстазы Әлия Жақсыбекова «Нағыз Батыр, Қаһарман» атты Батырға арнаған арнау өлеңін оқыды. Ал «Мырзан» шаруа қожалығының төрағасы Садық Нұрсейітов өз атынан Б.Ертаевқа ақбоз ат мінгізді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support