- Advertisement -

Мамандық таңдаудан қателесуге болмайды

60

- Advertisement -

Бітеқайнасқан қоғам тіршілігінде адамзат баласы бірінің жоғын бірі түгендеумен келеді. Сондықтан кім де болса таңдаған мамандығынан қателеспей, өзінің міндетін адал әрі мінсіз атқаруға тырысып бағады. Дейтұрғанмен, уақыт өткен сайын қоғамның қажетіне сай жаңа мамандықтар пайда болып, кейбір кәсіптердің келмеске кеткенін ескерсек, түлектерге «ақырын жүріп, анық басқан» абзалырақ секілді.

Жаһандану дәуірінде әр саланың нағыз білікті мамандары ысылып, алға өрлейтініне көз жетті. Бұл келешек білімді жастардың қолында екенінің бұлтартпас дәлелі. «Шебердің инесі де, соққан күймесі де алтын» деген аталы сөз бар. Расында, білімдіге дүниенің жарық екенін Абай атамыз да айтты емес пе? Меніңше, білімді жасқа мамандық таңдау деген сөз емес. Қазақ қоғамында баласының мамандығын ата-анасы таңдап беретін қасаң қасиеттен де уақыт өте арылып келеміз. Мұның өзі түсінгенге үлкен олжа. «Күміс қанжар, қап түбінде жатпайды» деген. Демек, мамандығына шындап берілген адам қалай да мақсатына жетуге талпынады. Цифрландыру заманында әдебиет пен мәдениет һәм өнер адамдары да шетте қалмайды. Қазір ел-жұрт мәдениет ошақтарына көптеп бармағанымен сол салаға маңдай терін төккендерді әлеуметтік желіден танып жүрміз. Олардың табысы да тәп-тәуір.
Әрине, барлық саланың қызығы мен қым-қиғаш сәттері қатар жүреді. Бірақ үлкен өмірге қадам басқан соң, ширап, бәсекеге қабілетті болу заңдылық секілді. Қай кезде де «алма піс, аузыма түс» деп жантайып жататындардың айы оңынан туған емес. Нақ қазіргі заманда жетістікке тек еңбекпен ғана жетуге болады деген түсінік қалыптастыру қажет-ақ. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», деген Жүсіпбек Аймауытов. Расында қоғамда сан түрлі саланың тізгінін ұстағандар өзі таңдаған мамандықтың нағыз шебері болғысы келеді-ақ. Десек те кейінгі жастардың «заманына қарай адамы» дегендей болашағы бар мамандыққа талпынғаны жөн секілді. Неге десек, байырғы көше шамдарын жағушы, мұз ойғыштар, ұйқыдан оятатын адамдар, терімші, лифтер, мұржа тазалаушы, аяқ киім тазалаушы сынды мамандар қоғамда түбегейлі жойылса, кондукторлар мен операторларға сұраныс азаюда. Сол секілді Call орталықтарының диспетчерлерін де келешекте жасанды интеллект пен цифрландыру ығыстырады деген болжам бар. Болашақта IT саласындағы мамандарға сұраныс еселеп артады деп пайымдайтындар да көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да техникалық бағыттарға басымдық беріп отырғаны бекер емес. Алайда кейбір жастардың Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін, қай мамандыққа барарын білмей дел-сал күйге түсетінін біліп те, көріп те жүрміз. Қайбір жылдары есепші мен заңгер, экономист мамандығын таңдаған жастардың легі көбейген-тін. Қазір солардың дені саудада, такси жүргізушісі немесе күзетші болып күнін көріп жүр. Сарапшылардың дерегінше дәл қазіргі уақытта маркетолог, химик, астрофизик, инженер, логист, эколог, химик, агротехник, ақпараттық технолог, өнеркәсіп және веб-дизайнер сынды мамандарға сұраныс жоғары. Сол секілді ғарыш саласынан бастап, механик, геодезист, картограф мамандары да тапшы. Мұнай-газ бен энергетика саласы да ақсап тұр. Ұлан-ғайыр атырабымызда қазба байлығымыз жетіп артылады деп кеуде кергенмен, сол байлықты игеруге келгенде ақсап жатқанымыз рас. Келешекке үмітпен қарайтын аға буынның жастарды техникалық мамандықтарға тарту туралы ой қозғауы да бекер емес. Мәселен, шағын ғана Сингапурдың өзі қайта өңдеу зауыттарын салудан алдыңғы қатарда тұр. Демек бізге химия, биология, биотехнология сынды салаларды дамытып, нанотехнологияларды игеруге мықтап күш салу қажет.
Алыс кетпей-ақ Жамбыл өңірінде де ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандардың тапшы екенін байқаймыз. Ал алыс-жақын шетелдердің ұлтарақтай жерден мол өнім алып жатқанын естіп, қайран қаламыз. Біз болашақтың технологиясы жайында айтқанда, істі ең әуелі алқап суаратын технологияларды тиімді пайдаланудан бастасақ қанекей? Осындайда түлектердің барлығы бастық болуға талпынса, ауыл шаруашылығын кімге сеніп тапсырамыз деген орынды ой туады. Әйтсе де келер күннен күтеріміз көп. Бүгінде елдің ертеңін ойлайтын жасампаз жастардың шоғыры қалыптасып келеді. Демек, бізге де бірнеше жылда жоғарыда атап өткен салалардың өркен жайғанын көретін күн алыс емес сыңайлы.

Ботагөз Бақдаулетқызы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support