- Advertisement -

Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізудің өзіндік тәртібі бар

178

- Advertisement -

2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 151-бабына сәйкес бiрiншi сатыдағы соттың дауды мәнi бойынша шешетін сот актiсi шешiм нысанында шығарылады, ал мәні бойынша шешпейтін сот актісі ұйғарым нысанында шығарылады. (ӘРПК 118-бап).

ӘРПК-нің 161-бабында көрсетілгендей, бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.
Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу ӘРПК-нің 27-тарауында қамтылған, оның ішінде апелляциялық шағым беру тәртібі ӘРПК-нің 168-бабында толығымен көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
Осыған орай, АПК-нің 401-бабының 2-бөлігінің тәртібіне сай, мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
Заңды күшіне енбеген соттың шешіміне әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым беруді, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде берілуі мүмкін.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Алайда уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін. Өйткені осы санаттағы істер қысқа мерзімде қаралады.
Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы әкімшілік істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар өз құзыреті шегінде әкімшілік істің қаралуына қатысқан-қатыспағанына қарамастан шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Апелляциялық шағым жасау, өтінішхат келтіру мерзімдері өткен соң, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, соттың шешімі заңды күшіне енеді.
Бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне әкімшілік процеске қатысушылардың апелляциялық шағымдарын, прокурордың өтінішхатын облыстық және оған теңестірілген соттар қарайды.
Осы Кодекстің 102-бабы 3-бөлігінің қағидалары бойынша қаралған әкімшілік істер бойынша шығарылған сот актілеріне апелляциялық шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын Нұр-Сұлтан қаласының соты қарайды.
Апелляциялық сатыдағы соттағы әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша көрсетілген мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қаралуға жатпайды.
Апелляциялық сатыдағы сотта алдын ала тыңдау ӘРПК-нің 21-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік іс ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
Әкімшілік процеске қатысушының уәжді өтінішхаты бойынша сот оған өзінің құқықтық ұстанымын негіздеу үшін бір айдан аспайтын қосымша мерзім беруге құқылы.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың кассациялық мерзімі өткен соң күшіне енеді.
Кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына жекеше шағымдар бойынша апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары жария болған күнінен бастап күшіне енеді.
Әкімшілік істің одан әрі жылжу мүмкіндігіне кедергі келтіретін апелляциялық сатыдағы соттың өзге де ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Оспан Мамытбеков,
облыстық соттың әкімшілік істер
жөніндегі сот алқасының судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support