- Advertisement -

Қаратаудың қара қобызы

27

- Advertisement -

Немесе қарт журналистің қарымы

Бүгінгі мерекелі күні «Осы өңірде ең қарт журналист кім?» дегендей әлдеқалай сұрақ туа қалса, көпшіліктің тоқсан алты жастағы Мүтәліп Ережепбайұлына тоқталатыны анық. Өйткені Мүкең журналист қауымының баршасымен таныс. Сондай-ақ өзімнің де ол кісімен біліс-таныстығыма бүгінде қырық бес жылдың жүзі болған екен.
Иә, онда Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакциясының қызметкері едім. Бірде, тамыз айының тамылжыған соңғы күндерінің бірінде редактордың орынбасары Совет Әлімқұлов кабинетке асығыс кірді де: «Жүр, кеттік!» дегені. Ақкөйлек ағаның өзімсінген жігіттерге осылай бұйыра сөйлейтін мінезі бәрімізге белгілі. Содан да ләм-мим демей, қабыраған қағаздарымды да жиыстырмай, соңынан ілесіп берейін. Сол асығыс күйде есік көзінде тұрған жеңіл көліктің алдыңғы орнына облыстық «Еңбек туы» («Aq jol») газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мейірхан Қуанышбаев, артқы орындығына біздер жайғасып, Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылына тарттық та кеттік. Ал Аса мен Ақкөлдің арасы анау айтқандай онша қашық емес, қазақтың «келесі қырдың асты» дейтіндей ғана жері. Оның үстіне көтеріңкі көңіл-күйдің әсерінен жол қысқарды ма, қонаққа шақырған ақын-журналист Мүтәліп Ережепбаев ағамыздың үйіне әп-сәтте ат басын тіредік.
Әні-міне дегенше төрге озып, дастарқан басында отырмыз. Шаңырақ иесі Мүкең: «Жұмыс бабымен облыс орталығына аз бармаймыз. Сондай күндердің бірінде Мейірханға алақағаздың шаруасы бітпейтінін айтып, бізге келіп Таласқа шомылып қайтпайсыз ба деп ұсыныс жасаған едім. Енді, міне, хош келіпсіздер дейміз!», дей келе баршамызды ақсары жүзінен шуақ шашылып тұрған зайыбы Тынышбала жеңгеймен де таныстырып өтті. Осы кезде Мүкең қонақтар келді деп бала жүгірткен бе, есіктен жарқылдай кірген Таластың тұрпаты ерек, асау мінезді тарланбоз ақыны Жарылқасын Аманов ағамыз ортамызды одан әрі толтыра түсті.
Ал қазақы дастарқан басында «ал, алдан» басқа не айтылады? Әрине, ән мен күйге кезек тиеді. Оның үстіне Совет ақын: «Без песень, мир тесен» дегендей, Мәке, осындай келісті отырыстарды әсем әнмен әдіптеп жіберетін едіңіз, соның бірін тыңдасақ қайтеді?» деп Мейірхан Қуанышбаевқа қолқа салды. Шындығында Мәкең әжептәуір әнші екен. Және бір ерекшелігі – тура бір үлкен сахнада отырғандай өзін өте мәдениетті ұстайды. Ең соңында «мынау Мәскеудің партия мектебінде оқуда жүргенде ауылды сағынып анама шығарған күйім еді, тыңдап көріңіздер» деп домбырасын бебеулете жөнелді. Бұл күйі Құрманғазының «Аман бол шешем, аман болындай» сөйлеп кетпесе де, сезімді селт еткізетін шығарманы тыңдағандай болдық. Осы сәтке дейін әрең шыдап отырған ба, жасындай жарқылдап кетер Жарылқасын ақын бұдан бір жылдай бұрын жарық көрген, ыстық-суығы әлі басыла қоймаған «Көкпар» атты кітабынан өршіл де өміршең жырларын оқи жөнелді. Совет ақын да «Өрімтал» кітабындағы өмірді өзгертпей өрген жанға жылы тиер өлеңдерін ортаға салды. Сөйтіп екі ақын да кермеге құйрық тістесе жетер жүйріктер екенін танытып-ақ тастады. Бұдан соң, өлең оқу үй иесі Мүкеңе тіреліп тұрды. Бірақ ол кісі: «Кемеші келсе, қайықшы жолдан таяды» демей ме, мен мына арынды екі ақыннан кейін жарысып өлең оқығандай болмайын. Оның орнына шамам келгенше Әбікен Хасеновтің «Қоңырын» орындап көрейін» деп домбыраға қол созды.
Пәлі, «көрейіні» жай сөз боп шықты, көресіні көрсетті. Домбыра тартылып емес, сөйлеп кетіп, ұзақ мерзім жолықпай кеткен күй мен күйші біріне-бірі тап бір мұңын шағып жатқандай. Алғашында Қаратау шертпелеріндей болып басталған ырғақ, енді бара-бара біздің де ырқымызды билеп, туғаннан бергі бірде өкінтіп, бірде күрсінтіп басыңнан өткен дәуренді бұл домбыра бармақтың ұшымен баяндап тұрғандай. Осы орайда біз, Мүкеңнің шертпе күйді тартудағы өргені өзгеше орындаушылығына тәнті болып, таңғалысымызды жасыра алмай отырып қалғандаймыз. Содан қасиетті күй өнерінің аурасынан арылып, өз-өзімізге келе бергенде ол кісі енді қолына сырнай алып, ал кеп Майлықожа мен Нартайдың термелерін әуелетпесі бар ма. Әрі-беріден соң «Өздерің білер Нартаймын, Нар болсам да қартайдым. Арнасы бар да, өзі жоқ, Баяғы дауыл айқайдың… Дәме бар да, дәрмен жоқ, Басты еріксіз шайқаймын» деп Нартайша гөй-гөйлегенде жанымыздағы ағаларға қосылып өзімнің де «Уай, жаса!» деп дауыстап жібергенімді байқамай қалдым. Олай болатыны, Нартай әнін естімей жүрген жоқпыз, бірақ дәл осы Мүкең құсап әншінің мақамын айнытпай келтіретіндер сирек-ау, сирек. Әсіресе қайырманың аяқталар тұсындағы гөй-гөйлеп тұрып алар мақамды екінің бірі жеріне жеткізе алмақ емес. Нартай сонысымен де Нартай ғой. Біз осындай ой құшағынан шығып үлгергенше, Мүкең қолына қобызын алды. Оны әрі-бері шалып күйге келтірді де, қара қобызды ал кеп ботасын іздеген бозінгендей боздатсын, ал кеп сыңар аққудай сұңқылдатсын. Музыкалық сауатым жоқ, нендей шығарманы орындап отырғанын да білмеймін. Сөйте тұра қобыздан шығып жатқан бірде ащы, бірде шуы басым мұңлы ызыңға толы түрлі сарын жандүниеңді түршіктіреді. Қобыздың құлағына жағын сүйеп, жан-жағына қызара бастағандай жанарын кеңірек ашып қарағанда Мүкеңнің өзін де танымай қалатындайсың. Тіпті осы да жетер, тартпай-ақ қойыңыз дегің келеді…
Ертесіне және жолға шығып, тойып та, болып та келеміз. Әңгімеміз осы Талас өңірінің қонақжайлылығы… Бір әңгіменің барысында Совет ақын: «Апырай, Мүкеңнің қобыз тартысы-ай! Бұл кісінің ақындығынан бұрыннан хабарым болса да, қобызды мұншалық шебер ойнайтынын білсемші! Кеше өз басым қобыздың сан құбылған сарынынан секем алып қалғандай болдым» дегені. Алдыңғы орында келе жатқан Мейірхан Қуанышбаев артына бұрылып Сәкеңді жаңа көргендей таңырқай қарап тұрды да: «Совет, бері қара. Мен ана «Кек қылышы» деген кітабымды жазарда Билікөл маңындағы және Қаратау қойнауындағы ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, жинаған деректерімді толықтыра түскенім бар. Сол сапар Қараой ауылына да соққанымда бір қария «Жорналшы болсаң біздің Мүтәліпті білетін болдың ғой» деген-ді. Әңгімесіне құлақ түрсем, Мүкеңнің бабасы Бексейіт қара суды теріс ағызатын бақсы болған. Оның қобыз тартып, зікір салып, шөптен жасаған дәрімен ем-дом жасап, дертті жандарды кеселінен айықтыратын дабысы ту сонау Тескентаудан асып кетсе керек. Осы Бексейіт өзіміз қонақ болып келе жатқан ақын-журналист Мүтәліптің атасы, яғни Ережепбайдың әкесі. Кейін бақсылық қасиет Ережепбайға көшкен. Бірақ кеңестік өкімет бақсылыққа жол берсін бе. Соның ақыры оны жалған жаламен «халық жауы» деп итжеккенге айдаған ғой. Ол сол жақта қайтыс болады… Енді әлгіндегі сенің «секем» алдым деуің түсінген жанға расқа шабатын сөз. Сен ақынсың, сезімталсың. Содан да бар жайды айқын аңғарғансың. Сондағы айтпағым, сағағынан сарын төгіліп тұрған, әкеден балаға мұра болып келе жатқан бұл аспап – тегін қобыз емес…»
Менің ақын-журналист Мүтәліп Ережепбаевпен таныс-білістігімнің әлқиссасы міне осылай басталған еді. Сонымен «Жыл дегенің – жылғадан аққан су», уақытпен жарысып жүріп жаттық. Бұл аралықтарда Мүкеңмен талай мәрте жүздесіп, бір көрген біліс, екі көрген таныстың жолымен әзілі аузында әзір тұрар жақсы ағамен әрқашан жылы амандасып, қауқылдасып қалатынбыз. Әсіресе сауынымыз қатар келе ме, облыс орталығындағы Саяси-ағарту үйіндегі өткізілер курстарға қатар қатысып қалып жүрдік. Мұнда жиналғандар түскі үзілісте топталып барып облыстық партия комитеті ғимаратының төменгі қабатындағы асханадан түстік ішеміз. Осы күндердің бірінде лектор атеизм тақырыбында лекция оқыды да, түскі үзіліске шықтық. Байқаймын, Мүкеңнің кісі жылынғысы келіп тұрар жылы жүзі жабырқаңқы, әлденеден жүдеп қалыпты. Әрі бірден «обком жаққа барғым келмей тұр» деді…
Ақыры ағаның ұйғарымымен басқа жайда тамақтанып отырмыз. Ас үстіндегі әңгімеміз өз-өзінен жаңа ғана лектор оқыған атеизм тақырыбына ойыса берді. Әңгіме барысында бұл кісінің обком жаққа неге барғысы келмегенін сезе бастағандаймын. Сөйтсем де сіз-бізіміз түзу ағаның көңілін қабаржытып алармын деген сақтықпен ол ойымды айтуға батпайтындаймын. Десем де бір қисынды сәтте тәуекелге барып, ілгерідегі жазушы-журналист Мейірхан Қуанышбаевтан естіген әңгіменің мән-жайына көңіл аудардым.
– Ол рас, оны қайдан білесің? – деді Мүкең менің бұл жайдан хабардар екендігіме сенбейтіндей сезікпен қарап.
– КазГУ-де оқып жүргенімізде «Атеизмнен» лекция тыңдадық емес пе, – деймін. Деуін десем де ол лекцияларда бақсы-балгерлердің кеңес өкіметіне зиянкесті бағыттағы уағыздары туралы айтылғанымен, тура Бексейіт бақсының есімі аталған жоқ-ты. Менікі бар болғаны сонау бұрынырақтағы жазушының құлаққағысына сүйенген долбар ғана еді.
– Иә, қазір қай оқу орнында атеизм оқытылмай жатыр дейсің. Сенікінің де бір орайда жөні бардай көрінеді, – деді Мүкең күмәнді ойынан арылғандай болып. Сонан соң: «Енді сен мені тыңда», деді бір ұзын-сонар әңгімені бастардай кейіп танытып. «Мына біздің бүгінгі әңгімемізге талғажау болып отырған бақсылық, көріпкелдік тылсым күшті күні бүгінде де ешкім мойындай қойған жоқ. Қайдан мойындасын, жаңағыдай лекторлар қара бояуын қалыңдатып, олардың қарекетін күн суытпай жоққа шығарып жатса. Ал мен, жеке өз басым ондай жоғарыдан берілетін, қалаған пендесінің басына ғана қонатын бір тылсым күштің барына сенемін. Өйткені бабамды қойғанда, әкемнің әрекеттерін өз көзіммен көрдім емес пе?! Бұл әкеден балаға көшкен бақсылықтың тап өзі болатын. Ол да қобызда ойнап, зікір салып, шөптен дәрі жасап, ауру жандарды айықтырып жіберетін.
Әлгінде бір сөзіңде лекциядан тыңдап білдім деп қалдың ғой. Сол сияқты мен де Алматы партия мектебінде оқуда жүргенімде, онда да діни тақырыптардағы, оның ішінде бақсы-балгерлер мен емші-тәуіптер жайында жете қаузалатын лекциялар аз оқылмайтын. Және соларды тыңдап отыру маған оңай соқпайтын. Осылай ақыл алтау, ой жетеу болып жүргенімде атақты ғалым Әбубәкір Диваевтың 1896 жылы Ташкенттен басылып шыққан «Этнографические материалы» атты еңбегі қолыма түсіп, ондағы «Бақсылар» деген мақаласымен өзімнің бабам Бексейіт бақсы (Мәңішев) туралы оқып білгенімде, әкем тіріліп келгендей қуанғаным бар. Тіріліп келгендей демекші, әкем Ережепбайды 1937 жылы 42 жасында жаптым жала, жақтым күйемен, түптеп келгенде атадан балаға көшіп келе жатқан бақсылық жолды ұстағаны үшін тиісті орындар ұстап әкеткендей. Әйтпесе тәуіптікпен айналысып, ауру жандарды аяғына тұрғызып жіберіп жүрген жанның өзгеде не кінәсі болсын. Кейде «Жыны жоқ бақсы күншіл келеді» дегендей, әкемді қызғанышпен әлдебіреулер көрсетті ме деп те ойлаймын. Біздің елде бір молла: «Бұл өкімет Құдай демейді, бірақ Құдайдың айтқанын істейді», – дегенді аузынан тастамайтын. Сол өкімет менің әкеме келгенде Құдайдың айтқанын істемеді. Істесе Құдай деген адамды сегіз жылға соттатып, итжеккенге айдай ма?! Мен бұл кезде бар болғаны он бір жаста едім.
Соңыра, 1941 жылы Томск облысындағы «Томасинлаг» түрмесінен әкеміздің қайтыс болғандығы жөнінде хабар алдық. Сонда деймін-ау, бұл қазақтағы көнтерілі көнімпаздық қайдан десеңізші. Сонда деймін-ау, ол неге сотталды, ол туралы неге хабарламады, неге өлген соң естіртеді, оу, оның жазығы не?! – деп ізденудің орнына, бұл дүниеден көшкен хабарын естігеніміздің өзіне шүкіршілік жасап жүріп жатқанымызға не айтарсың. Тіпті бәрін білген күннің өзінде 15 жасар бала менің қолымнан не келеді? Тек есейген шағымда бақсылық бабам мен әкемнің қалауы болмағанына, табиғаттың өзі солай жаратқанына көзім жете түсетіндей де. Олай дейтінім, бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген Нострадамус, Болгариядағы Ванга есімді көзі су қараңғы кейуананың көріпкелдіктері ақыл жетпейтін құбылыстар демеске ешкімнің шамасы жоқ. Ендеше неге біз бақсыларды жоққа шығаруымыз керек… Айта берсек сөз көп. Ал аз сөзбен-ақ әлемді аузына қаратқан Абай: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең шіркін-өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» демей ме. Мен де өзім жайындағы әңгімені осымен тоқтатайын».
Айтып отырса бұл кісілер Қаратау қойнауындағы Қараой ауылын атамекен еткен Қырықсадақ қожаның берідегі бір ұрпағы Бердіқожадан тарайтын әулет екен. Мүтәліп Ережепбаевтің өзі де 1926 жылы осы ауылда туып-өскен. 1937 жылы Қараой ауыл шаруашылық артелі төрағасының орынбасары болып жүрген Ережепбай бір күнде егін шықпай, «халық жауы» болып шыға келген. Дем сәтте отбасы да көз түрткіге ұшырайды. Емен-жарқын араласып жүрген жақын-жақыбайлардың өзі де іргесін аулақ салады. Күні кеше ғана ауруларынан айықтырған Ережепбайдың шипагер қасиеті есеп болмайды. Мұның бәрі есейіп қалған Мүтәліпке, анасы Бегімпатшаға оңай соқпайды. Жұлып-жұлқып оқуын бітіріп, мұғалім болып істейтін баласына анасы бір күні: «Балам, сенің соғысқа баруың керек. Біз «халық жауы» деген бетке шіркеу болған жаладан сонда ғана құтыламыз» деген ұсынысын айтады. Мүтәліп бір жасын үлкейтіп, 1944 жылы қан майданға кіреді де кетеді. Берлинге дейін барып, қираған қалаларды қалпына келтіруге қатысып, 1950 жылы офицерлік шенде елге оралады. Әдебиетке бейім ол аудандық газетке жұмысқа орналасады. Осында қабілетті де қарымды жас жақсы жағынан танылып, Алматы жоғары партия мектебіне оқуға аттанады. 1962 жылы оқуын ойдағыдай аяқтаған оны тиісті орындар аудандық «Ленин жолы» (бүгінгі «Талас тынысы») газетіне редактор етіп тағайындайды. Бес-алты жылдай саяси тұрғыдан шыңдалған азаматты енді жергілікті жер аудандағы озат шаруашылықтардың бірі – Талас асыл тұқымды мал зауытына партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Бұл қызметін 4-5 жылдай тәп-тәуір дөңгелетіп келгенімен, соңғы жылдарында бойындағы бір селқостықты сезінгендей күй кеше бастайды. Бірде арқасы құрысып, бірде маңдайы тырысатынды шығарады. «Неше жақсы десең де, неше жаман десең де, тегіне тартпай қоймасты» білетін Мүтәліп өзін өлең жазумен алдаусыратамын деп жүріп, оған біржола көңілі құлайды. Сөйтіп, отырса да, тұрса да оқтау жұтқандай болып жүретін қызметінен алыстап бара жатқанын жазбай танып, жүрек қалауына айналған аудандық газетке жетпісінші жылдардың ішінде редактордың орынбасары болып қайта оралады. Бұл жөнінде:
Тағдырдың толқынына келмеді әлім,
Кетті ұшып кейде менің желге де әнім.
Ақын атын сәл кештеу алғаныммен,
Ақкөңіл, адалдығым елге мәлім» – деп тағдыр-талайының ақындық жолға түсіргенін жасырмай айтып салады. Ақын өзін «Ата қоныс» аталатын өлеңдер жинағын шығарып, дәлелдей түседі. Кітаптың алғысөзін жазған қазақтың классик ақыны Қадыр Мырзалиев: «Қарт Қаратауды поэзияда жырлағандар аз емес… Солардың бірегейі Мүтәліп Ережепбайұлы» деп ақынның поэзиядағы өзіндік үнін атап көрсетеді.
Және бір айта кететін жай – Талас топырағы талантқа бай болса, солардың біразы аудандық газет редакциясы есігін Ережепбаевтің редакторлығы кезінде ашыпты. Олардың арасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбековтерден бастап Досымжан Төлеуіш, Әскербек Құйқабаевқа дейін талай қаламгерлер осы аудандық газетте қаламын ұштаған. Сол Әскербек: «Ұжымды уысында ұстаған Мүкеңді бәріміз ұстаз тұтатынбыз. Жақсы мақала жазсаң, өзі жазғандай жадырап, шын қуанатын, әсіресе проблемалық мәселе көтерсең, онда Мүкеңнің дүниесі түгелдене түсетін. Сондай-ақ жазған мақалаңды күземейтін, түземейтін», деп еске алады.
Ақын осы аудандық газетте жүріп зейнетке шығады. Бұл жөнінде оның өзі:
«Газетке қызмет еттім отыз жылдай,
Тарихы Таласымның отырғызбай,
Талантты талапкердің бірі болып,
Денім сау жүрсем жетер көзді жұмбай», – деп айтатыны бар. Бірақ шығармашылық адамы қол қусырып жүре алсын ба. Қайта зейнет жасында өлең жазуда еркін көсіліп, оншақты жылдың ар жақ-бер жағында: «Ақынды ежелден ел пір тұтады, Өлең – өлмес өмірдің бір бұтағы. Жетпіске жетер жолда Мүтәліптің, Халқына сыйға тартқан бір кітабы» деп, «Өлең – өмірім» атты қомақты жыр жинағын, сондай-ақ тоқсанға таянғанда «Оқ пен оттан оралғандар», «Жамбыл жолы» сияқты прозалық туындыларын жұртқа ұсынды. Осылардың арасында «Жамбыл жолы» кітабы туралы қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртаза: «М.Ережепбаев, бұрындары айтқанымдай – ақиық ақын, өзі төкпе журналист. …М.Ережепбаевтің «Жамбыл жолы» Ж.Жабаевты бүгінгі жастармен жалғаған көпір сияқты үлгі берерлік танымдық бір дүние екен. Жастарға керек кітап. Басқаларға да», – деп мазмұны байтақ пікірін арнайды. Автордың тоқсанның есігін қағып тұрып шығарған бұл прозалық шығармасының беташарында: «Тәңірім, Жамбылды теңесең бір асылға, теңеу таппай қиналдым расында. Бақ пен дәулет қимасаң, бер Жамбылдың, бір өлеңін жетерлік бұл ғасырға» деп абсолюттік шындыққа сыйынатыны бар. Ақынның бұл тілегі орындалғандай да. Олай дейтініміз, ол тоқсан алтыншы жазын қарсы алып, қаламы қолынан түспей келе жатқан ақын-журналист. Қарт қаламгер туралы қозғаған бір мысқал әңгімемізде де айтпағымыз осы еді.
Айтпақшы, ілгерідегі қара қобыз бүгінде Талас ауданының орталық музейіне қойылған. Ал Қаратаудың қара қобызындай шежіре-қазына қарт бұл күндері Тараз қаласында тұрады. Бүгінгі мерекелі күнге орай оның «Журналистер» өлеңін оқудың да реті келіп тұрғандай:

Отыратын атқан сайын әр ақ таң,
Ізгілік іздеп қалам мен ақ парақтан.
Журналистер – жаршылары шындықтың,
Жаңалық пен жақсылықты таратқан.

Көрікті ойды, көркем сөзді көп тізген,
Көп түндерін кірпік ілмей өткізген.
Парасатты пайымымен, ақылмен,
Жаңалықты еңбекші елге жеткізген.

Хабар алып саясаттан, ағымнан,
Жел өтінен, жер шетінен табылған.
Журналистер ел мен елді жалғайтын,
Алтын көпір – дәнекер ғой салынған.

Тәнті етіп талантымен бізді шын,
Журналистер дәлелдеген сөз күшін.
Сондықтан да егеменді халқымыз,
Бағалайды баспасөздің ізгі ісін.

Маханбетәлі Дүйсебаев,
ардагер журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support