- Advertisement -

Менің редакторларым

126

- Advertisement -

Қазақта «қара шаңырақ» деген қасиетті ұғым бар. Отбасылық, әулеттік деңгейде осы сөздің мағынасына қазақтар қатты мән берген. Ал енді жалпылама руханият саласына қатысты айтар болсақ бұл сөздің ауқымы кеңейеді, мағынасы тереңдей түседі. Біз облыстық «Aq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетін облыс руханиятының қара шаңырағы деп еншілей айтамыз. Неге? Бүгінде жүз жылдық шежірелі тарихы бар басылым беттерінде береке дарып, құт қонған, қазыналы өлкенің шежіресі түзілді, еңбек көрігін қыздырған адамдардың жасампаздық бейнесі жасалды, елдіктің, бірліктің биік мұраты насихатталды, ең бастысы – оның қасиетті төрінде талай жақсылар мен жайсаңдардың табандарының ізі қалды, қаламдарының ұшы шыңдалды. Жүздеген таланттардың осы облыстық газеттен тұсаулары кесіліп, елге танылды, шығармашылық биіктерге жетті. Аймақтың қалам ұстаған қауымының талайының қанатын қомдап, биікке самғатқанына да жүз жылдық тарих куә.

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Сол жүз жылдық тарихы бар тарлан басылымның жиырма екі жасымда табалдырығынан имене аттап, «отымен кіріп, күлімен шығып» дегендей, үлкен шығармашылық ортада жиырма жыл қызмет атқарған екенмін. Өзімнің тәлім алып, елге танылып, үлкен шығармашылық және азаматтық өмірге жолдама алған басылымым және сонда бірге қызмет атқарған әріптес ағаларым мен қатарлас қаламдастарым туралы шешіліп әңгімелеуге қолыма қалам алдым.
Біздің заманымызда, қазіргідей емес, облыстың ақпарттық кеңістігінде қазақ тілінде шығатын «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol»), орыс тілінде шығатын «Знамя труда» газеттері және он аудандық газет болатын. Облыс орталығы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының газеті жоқ еді. Республикамыз бойынша журналистер бір ғана жоғарғы оқу орнында – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде даярланатын. Онда біздің облыстан оқып жатқан болашақ журналистер облыстық «Еңбек туы» және аудандық газеттерде тағылымдамалардан өтетін, таланттыларын газет басшылығы университет бітіргеннен кейін редакцияға жұмысқа қабылдайтын. Облыстық газетте бағын сынауға аудандық газетте жұмыс істейтін талабы, таланты бар жастар да тәуекел жасап көретін.
Солардың бірі – мен болдым-ау деймін. Бұған дейін талай айтып та, жазып та жүрмін ғой, Сарысу аудандық газетінде екі жыл бағымды сынап, одан кейін комсомол қызметінде жүрген мен отбасылық жағдайыма байланысты облыстық газет редакциясына қызметке тұруға әрекет жасап көрдім. Бұл – 1974 жылы болған оқиға еді.
Енді осы жазбаларыма «Менің редакторларым» деп тақырып қоюыма не себеп болды дейсіздер ғой?! Мен облыстық газетте болған жиырма жылға жуық уақытта Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосынұлы және Әлдихан Қалдыбайұлы сияқты облысымыздың маңдайалды көсемсөзші, журналистиканың ірі ұйымдастырушылары және мықты жазушы-журналист болған ағаларымның басшылығымен жұмыс істедім. Сол жылдары менімен қатарлас, қанаттас еңбек еткен талантты да, ақ пейіл, жаны жайсаң қаламгерлердің барлығы да, әрине «Менің редакторларым» деп айтуларына құқысы бар. Білім-білігі, пайым-парасаты, адами қасиеті мол бұл басшыларды бөле-жармай бәріміз де «Менің редакторларым» деп айтсақ та еш ерсілігі бола қоймас. Сондықтан да мәртебелі оқырмандарым, осынау асыл ағаларымызды өзімшілдіктен меншіктеп отыр деп кінәлай қоймассыздар деген ойдамын. Олай болса бірінші әңгімем журналистикадағы үлкен ұстазым Баттал Жаңабаев туралы болмақ.

ҰСТАЗ

Өзінің төл газетінің ізін ала жүз жастық ғұмырға аяқ басқан Әулиеата деп аталатын қасиетті өңірдің абыз ақсақалы, батагөй қариясы, облыс руханиятының көрнекті өкілі, аймақ журналистерінің ел таныған сардары Баттал Жаңабаевтың ең жас шәкірттерінің өзі бүгінде алпысты алқымдаған ел ағалары. Шәкірт дегеннен шығады, ол кісінің ұстаздық ұлағатының, мінезінің тұрақтылығының, білім-парасатының жан-жақтылығының, өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсете алар биік болмысының нәтижесі болар, Баттал ағамыз тура жиырма жыл бойы облыстық газетке үздіксіз абыройымен басшылық жасап, зейнетке шыққаннан кейін тағы да жиырма жыл бойы облыстық осы басылымға Оралхан Бөкейшелеп айтқанда, сол кісінің «шекпенінен» шыққан әріптес інілері жетекшілік етті. Ұрпақтар сабақтастығының ұлық үлгісі, міне осындай-ақ болар! Мәселен, Бәкең редакторлық (ол жылдары газеттің басшысы жай ғана редактор деп аталатын) жасаған жылдары газеттің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болған, кейінірек бірер жыл Жамбыл аудандық газетінің редакторы, одан кейін облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы қызметін атқарған мықты көсемсөзші, айтулы баспасөз ісінің ұйымдастырушысы Арғынбай Бекбосын, кезінде газеттің мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары деңгейінде жұмыс істеген қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, сергек журналист Әлдихан Қалдыбаев шығармашылық ұжымға ұзақ уақыт біліктілікпен бағыт-бағдар берді. Жаңабаевтың ең жас шәкірті саналатын талантты жазушы, шебер журналист Көсемәлі Сәттібайұлы күні кешеге дейін «Aq jol» газетіне ізденіспен, жаңашылдықпен редакторлық жасап, эстафетаны кейінгі толқын жас әріптестеріне тапсырды.
Әр заманның өз мықтылары болады. Қазіргі мерзімді басылымдарда қалам ұстап жүрген бауырларымыз да өздерін осал санамасы ақиқат және олардың болашағынан аға буын қаламгерлер қауымының күтері де көп. Десек те, Баттал Жаңабаев облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне редактор болған жиырма жылдың өне бойында ығай мен сығай кіл мықтылар мен қаламы жүйрік жампоздардың ізденісті шығармашылығын бүгінгі күннің биігінен үлкен қанағат сезіммен еске алуға болады. Жаңабаевтың сол 20 жылының 10 жылында осы жолдардың авторы да үлкен ұстаздың ұлағатын көрген екен. 22 жасар бала жігіт болып келіп, Баттал Жаңабаевтай асқар таудай ел ағасының есігін имене ашып, облыс баспасөзінің қара шаңырағында 13 жыл еңбек етіп, ел «Қайран жиырма бес» деп аһ ұратын адуын жаста өнеркәсіп және транспорт бөліміне, «орда бұзар отызымда» ауыл шаруашылығы бөліміне басшылық жасай жүріп, Арғынбай Бекбосын сынды арыны бөлек журналистің батасымен жігіт ағасы болып жауапты партия қызметіне жолдама алған екенмін. Бұл енді басқа әңгіме. Жоғарыда аты аталған Арғынбай Бекбосын, редактордың орынбасары, жаны жайсаң, жүрегі жомарт Әлдихан Қалдыбайұлы және редакцияның шаршауды, шалдығуды білмейтін қаранар журналисі әрі тарихшы әрі зерек жазушы-драматург Бақытяр Әбілдаұлы, үлкен жазушы Мейірхан Қуанышбаев, қазақтың сері ақыны болған Жақсылық Сәтібеков, қарасөздің мәйегін ағызған шебер журналистер Кеңес Рахметуллаев, Ахмет Қазыбаев, Қадірхан Баққараев, Әбдуәлі Әліұлы, Рахметілдә Өзбеков (бұлардың барлығы да бүгінде арамызда жоқ, жандары жәннатта болсын) сияқты саңлақтар өздерінен кейінгі біздерге үлгі-өнеге көрсетіп, редакцияның ынтымақ-бірлігін ту етіп, Баттал Жаңабаев сияқты білімпаз басшының айтқанына ұйып, шығармашылық ізденіспен еңбек еткендері күні бүгінгідей есте.
Қазақстан бойынша журналистер даярлайтын Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінде бір ғана факультет болды ол кезде. Сонда да болса ол жылдары мерзімді басылымдар аз болды ма, қолына қалам ұстағандардың арасынан ең таланттылары әуелі облыстық газеттің есігін қағатын, сәті түсіп жатса осы қара шаңырақта бақтарын сынамаққа тәуекел ететін. Жаңабаевтың үлкен қасиетінің бірі – редакцияға журналистер таңдаудағы көрегендігі еді. Осы орайда талантты жазушылар Мұса Рахманбердиев, Мұрат Сыздық туралы айрықша тоқталуға тура келіп тұр. Екеуі де редакция есігін имене ашты, ізденіспен еңбек етті, нәтижесінде сол қара шаңырақта жүріп талантты жазушылар ретінде танылды, қаламы қарымды журналистер болып қалыптасты. Марқұм Мұса Рахманбердиев пен Баттал ағамыздың арасында болған мына әңгіме әлі есте. Мұса Арғынбай Бекбосын жетекшілік ететін насихат және үгіт бөлімінде аға тілші еді. Алматыға «Жазушы» баспасына редактор болып ауысып жатты. Сонда ғой Баттал ағайдың:
– Қарағым Мұса, талантты жігітсің, жігіттің бағы – талантында, соры – ащы суда. Содан сақ боларсың, – дегені бүгінгідей есте. Жас жігітке берген батасы ғой. Сол Мұса үлкен кісінің батасына лайық табысты еңбек етті. Үлкен жазушы болды, талантты журналист болды, журналистиканың білгір ұйымдастырушысы болды. Өкініштісі сол, елімізге есімдері ерте танылған екі әріптесіміз де өмірден бұрынырақ озды. Баттал ағамыздың ұстаханасының өнегесін көрген талантты шәкірттерінің есімдерін одан әрі жалғастыра берсек көлемді мақаламыздың бір бөлігін алар еді. Сонда да болса қаламгерлік кәсіптің, сөз өнерінің шыңына өрмелеген елімізге танымал жазушы сықақшылар Толымбек Әлімбеков пен Доқтырхан Тұрлыбековтың есімдерін атамай кету үлкен қиянат болар деп ойлаймын.
Ұстаз болу, ұстаз болғанда да кіл «Сен тұр, мен атайын» журналистерге басшылық жасау, ақыл-кеңес айту, артық кеткендерін тізгіндеп, асып бара жатса аяғын тарта басуға тәрбиелеу қайдан оңай болсын. Баттал ұстаздың жиырма жыл бойы облыстың ылғи жүйрік журналистерінің бірнеше легін ың-шыңсыз, дау-дамайсыз табысты басқаруының сыры туралы айтар болсақ ұзақ әңгімелеуге тура келеді. Жақында облысымыздың бүгінгі бетке ұстар жазушысы Елен Әлімжанұлының Бәкең туралы айтқан мына бір әңгімесі есте қалыпты.
– Мен өзімді Баттал Жаңабаевтың шәкірті санаймын. Ол кісі журналистер ұжымына мықты басшылық жасады. Қарамағындағыларды өзіне етене жақын тартқан да жоқ, қамшы үйіріп, ызғарын төгіп аулақтатқан да емес. Белгілі мөлшерде журналистермен ара-қатынасының қалпын сақтай білетін. Артық-кемімізді қадағалап отыратын, жұмысымызды бағалағанда да дабырайтпай, даңғазаламай, өзіңнің ішің білетіндей жағдайда бағамдайтын. Біз оны жақсы түсінетінбіз, – дейді Елекең. Бұл – ұзақ жылдар облыстық газеттің бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары және облыстық телерадио компаниясының басшысы болған қарымды қаламгердің сөзі, бағасы.
Баттал Жаңабаев сөз жоқ өз заманының мықты басшысы болды. Тізгінді тартып ұстады. Талантты жігіттердің мінездерінде, жүріс-тұрыстарында артық-кем тұстары да болып жататындығы өмір шындығы. Еркелеу, еркіндеу болатынымыз тағы бар. Осындайда басшының қаталдық танытатыны, кезі келгенде шара қолдануы тағы да заңдылық. Осындай қиындық-қиғаштықтардың бәрінен Баттал бастығымыз әдемі жол тауып отыратын. «Бас жарылса бөрік ішінде…» дегендей ондай тентектер мен телілер шығып жатса әңгімені көп дабыратпай, ұжымның өз талқысына салып, кінәлі азаматқа кейін нәтиже шығаратындай қатаң талап қойып, түсіндіріп, ұғындырып ондайларды қалыпты, шығармашылық қызметке қайтарып жататын. Журналистерге мұрындарын шүйіре, шекесінен қарайтын «басшысымақтарды» дәрежесіне, деңгейіне қарамай орнына қоя білетін. Ондайда әркез жарасымды киінетін, сырбаз, кеудесін тік ұстайтын, сымбатты, отырыс-тұрысының өзі бөлекше Баттал көкеміз қара телефонның тұтқасын көтеріп, асықпай-аптықтай, бақырмай-шақырмай, әдеппен, әдемі сөзімен, жанға ауыр тимес өңменнен өтер қалжың-әзілдерін араластыра отырып көкірегіне нан піскен талай дөй бастықтардың аузына құм құйғанын көзіміз көрді. Соншама сөзі өтімді, бедел-құрметке ие Баттал Жаңабаевтың қызмет бабын қарақан басына немесе жеке шаруасына пайдаланғанын көрмеппіз және естімеппіз. Біздің білетініміз – Баттал бастығымыздың орталықтан облыстық партия комитеті берген пәтерінде әлі де тұрып жатқандығы. Қызметтік жасыл түсті көне «Волга» автокөлігі болатын. Ал енді пәтер және көлік ауыстырамын десе ол кісінің мүмкіндігінің дәл сол жылдары жоғары болғандығын білеміз. Бірақ, керісінше ол кісі өзінің мүмкіндігін, бар күш-жігерін, шығармашылық, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін облыстық газеттің көркеюіне арнады.
Редакторымыз қарамағындағы қызметкерлерді жұмысына, шығармашылығына қарай бағалайтын. Шығармашылық ұжымымыздың білікті басшысының тағы бір қасиеті – өзінің жоғары билік алдындағы беделін қарауындағы қызметкерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға пайдаланатын. Ол кісі облыстық газет тізгінін ұстаған жылдарда редакция қызметкерлеріне 23 пәтер алыныпты. Танымал журналист Бақытяр Әбілдаұлы КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, редакцияның 3 қызметкері Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оны айтасыз, «Еңбек туы» газеті республикадағы облыстық газеттердің арасынан алғаш болып КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1972 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Редакцияның туына орденді салтанатты жағдайда Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков қадаған болатын. Газеттің 50 жылдығы облыста кеңінен аталып өтті. Сол жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановтың газетке деген, редакция қызметкерлеріне, оның бірінші басшысы Баттал Жаңабаевқа деген құрметі айрықша болатын.
– Мен басшылық еткен жылдары редакцияның 9 қызметкерін зейнет демалысына ұжым болып шығарып салған екенбіз. Шығармашылық адамға ең алдымен не керек, құрмет керек. Зейнет жасына келген азаматтарымызды құрметтеп, шапанын жауып, астарына ат мінгізіп шығарып салатынбыз және оларды редакцияның қоғамдық өмірінен тыс қалдырмайтынбыз. Біздің шығармашылық ұжымымыздың ұйымшылдығы, ынтымақ-бірлігі өте зор болды. Мен өзім басшылық еткен жылдардағы қарамағымдағы істеген журналистердің адалдығын, көпшілдігін, төзімділігін, шығармашылық таланттарын зор қанағат сезіммен әрі мақтанышпен еске аламын, – дейді өткен жақсы күндері туралы ардагер журналист ағамыз.
Баттал Жаңабаевтан кейін де талай журналистер ұрпағының, жалпы барша облыс қаламгерлерінің игілігіне айналған Тараздың қақ төріндегі «Баспасөз үйі» деген сәніне сәулеті сай ғимарат бар. Бұрын Төле би көшесінің бойындағы (ол кезде Коммунист көшесі) «Жамбылстрой» тресінің босағасында келген облыстық қос газет Баттал Жаңабаевтың алымдылығы мен шалымдылығы және басшылар алдында журналистерге сондай бір ғимараттың керек екендігін ұғындыра, түсіндіре алғандығының арқасында сәулетті ғимаратқа қол жеткізе алды. Облыстық партия комитетіне Абай даңғылы бойынан жаңа ғимарат салынғаннан кейін орталық алаңдағы осы үйдің төңірегінде көзге көрінбейтін талас-тартыстың болғандығы біздің жақсы есімізде. Бірақ, облыстық «Еңбек туы» газетінің адуынды басшысы Баттал ағамыздың жолы болды. Бір кісінің ғана емес жүздеген журналистердің, олардың төңірегіндегі мыңдаған авторлар мен оқырмандардың игілігіне айналды бұл ғимарат. Сол кездегі аға журналистердің бүгінгі ұрпағы осы істің игілігін көріп жатыр. Міне, жақсы кісінің артында айтқан сөзі қалады, атқарған ісінің ізі қалады деген осы болар.
Сөз сардары, журналистердің ұлағатты ұстазы, облыс журналистерінің көшбасшысы, бірнеше кітаптың авторы Баттал Жаңабаев туралы оның тәрбиесін, ұлағатын көрген шәкірт сөзі деп қабылдарсыздар, осынау қысқаша жазбаларды, құрметті қауым! 9 мәрте облыстық кеңестік депутаты болып сайланған, 18 жыл бойы облыстық партия комитетінің мүшесі болған, Кеңес Одағының 2 орденімен, 12 медальмен және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 3 мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанған ардагер журналистің біз білетін өмір жолының бір бөлігі, міне осылай дейді. Бұған облыстық ардагерлер ұйымы мен облыстық Д.Қонаев қорының негізін салғандардың бірі және осы қоғамдық бірлестіктердің жұмысына күні бүгінге дейін тынбай қатысып келе жатқан белсенді қоғамдық қызметін қосыңыз. Құдай қосқан қосағы, ұлағатты ұстаз, 70 жылдай жұптары жазылмай бірге келе жатқан Фарида жеңгеміз екеуі 4 перзент өсірген екен. Олардан тараған немере-шөберелердің барлығы бүгінде өмірден өз орындарын тапқан. Осының барлығы Алланың кеңшілігі, Пайғамбарымыздың шапағаты шығар, деуден таймайды абыз ақсақалымыз.

ҚАЛАМГЕР. ҚАЙРАТКЕР.АЗАМАТ.

Арғынбай Бекбосынұлының қайраткерлік, қаламгерлік қарымды қызметі, артында қалдырған бай әдеби-тарихи, рухани мұрасы және азаматтық бірегей болмыс-бітімі туралы көп айтуға болады.
Меніңше пенделік өмірінің өзінен адалдық пен азаматтықтың ақ туын желбіретіп, сүрінбей де, жығылмай да сара қалпында, дана кейпінде дара болып өткен Бекбосынұлы туған еліне, өзі сүйген, өзін сүйіп өткен ұлтына қызмет етудің керемет үлгісін көрсете алды.
Арғынбай Бекбосынұлының қарымды, алымды қайраткерлігі және ешкімге ұқсамайтын бітімі бөлек прозасы, кең көсілген көрікті тілмен өрілген көсемсөзі, даналықтың самалы ескен төрттағандары, әдемі әдіптелген аудармасы туралы кеңінен көсілуге әбден болар еді.
Мен ол кісінің көп жыл басшылығымен қызмет атқарған шәкірті ретінде ұстазымның журналистикадағы дара тұлғасы, әсіресе редакторлық кең ауқымды ұйымдастырушылық қабілеті туралы тоқталуды жөн көріп отырмын. Ол кісі – біріншіден мықты, талантты кәсіби журналист, шебер көсемсөзші. Журналист болғанда да ол – ой қайталау, сөз қайталауды білмейтін, сөйлемдері маржан сөздермен төгіліп тұратын стилист журналист болатын. Арғынбай Бекбосынұлының жазғандары қорғасындай салмақты, айтар ойы айқын, қазақтың көсем сөздерімен әдемеленіп, әдіптеліп, әрленіп оқырмандарына жол тартатын және оқыған адамның айызын қандыратын.
Жоғарыда мен айтып өттім – Арекең облыс журналистикасының ел таныған ірі ұйымдастырушысы болған деп. Шын мәнінде ол кісінің редакторлық қызметі терең талдауды, жан-жақты зерделеуді, қажет болса ғылыми тұрғыдан терең зерттелуді қажет ететін тың тақырып.
Мызғымай, мүлгіп жатқан КСРО сияқты алып империяның қоғамдық өміріне іргелі өзгеріс-қозғалыстар әкелген СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы әйгілі сәуір пленумынан кейін көп ұзамай облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетіне редактор болып сол газетте көп жыл қызмет атқарған Арғынбай Бекбосынұлы ағамыз келді. Әрине, өзіміз бірге қызмет атқарған, талантты аға журналистің басшылыққа келуін шығармашылық ұжым жақсы қабылдады.
Бұйығы, бірқалыпты шығармашылық өмірге үйренген біздерді, ол кезде газет аптасына 5 рет шығатын, жаңа редакторымыз шын мәнінде, ұйқысынан оятқандай болды. Кіл таланттылар шоғырланған шығармашылық ұжымымыз Арекеңнің келуімен дүр сілкінді. Өзгерістерді, қимыл-қозғалыстарды, жаңалықтарды күтіп келген қоғамымызға Арекең облыстық газет арқылы жаңа леп әкелгендей болды. Тәуелсіздік туралы сол кезде айту түгілі ойлаудың, қиялдаудың өзі бос сандырақ дер едім. Бірақ облыстық басылымның Арғынбай Бекбосынұлының келуімен өзгеруін, өзгеру деген жай сөз, мазмұнының, алған бағытының астарынан қазақ деген елдің іштей ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздікке деген бұлқынысын байқауға әбден болар еді. Әрине, бүгінгі күннің биігінен. Арекеңнің сол қызметте жүргендегі журналистік, қайраткерлік және азаматтық ерлігіне ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтан, қазақтың қайтпас қайсар қайраткері Асанбай Асқаровтан бастап белгілі тұлғалары әділ, әділетті және жоғары бағасын берді. Сол жылдары біздер, облыстық газеттің қызметкерлері, Арғынбай Бекбосынұлының басшылығымен өзіміз де өзгердік, газетіміз де өзгерді, қоғам да өзгеріп жатты.
Жалпы облыстық газет – сол аймақтың жылнамасы, шежіресі. Ал облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы қалай берілуі керек, қандай форматта көрсетілуі тиіс, жарияланған материалдар өз оқырмандарына қалай тартымды жетуі тиіс, осының бәрінде редактор Арғынбай Бекбосынұлының қолтаңбасы жатты. Журналистердің бейімін, шеберлігін, қарым-қабілетін тиімділікпен, көрегенділікпен пайдалана алды. Өз басымнан өткен мына бір оқиғаны осы орайда айта кетуді жөн көріп отырмын. Бақытяр Әбілдаұлы ағамыз жиырма жылдан астам газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне басшылық етіп келген. Облыс – ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аймақ. Газет күн сайын шығады. Ал бұл бөлімде жұмыс қауырт. Бүгін астық жинау науқаны басталып жатса, іле күздік жырту, мал қыстату, мал төлдету, қой қырқу, қызылша жинау сияқты толып жатқан науқандық жұмыстар тізбектеліп бірінен соң бірі келіп жатады. Міне, осы шаруалардың барлығын ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырады. Редакцияның басқа бөлімдерінде екі-үш қызметкер болса, ауыл шаруашылығы бөлімінде бес-алты адам жұмыс істейді. Сөздің қысқасы, Бақытяр ағамыз «Мен шаршадым, жеңілдеу бір бөлімге барайын» деп сұраныпты бас редактордан. Содан редакцияның ең ұтқыр, ең жедел, ең өнімді жазатын журналисі партия тұрмысы бөліміне ауысты. Сол ұжымдағы сақа журналистер ауыл шаруашылығы бөліміне кім меңгеруші болар екен деп, әрқайсымыз өзімізше болжам жасап жүрдік. Тәжірибелі, талантты деген журналистерді біразының аты аталып қалады, бірақ олардың арасында мен жоқпын. Өйткені бөлім меңгерушілерінің ішіндегі ең жасы менмін. Содан не керек, күнде Ар-ағаң қасына екі орынбасарын шақырып алып, сағаттап ақылдасып жатады. Ақылдасқандарына екі аптадай уақыт өтті- ау деймін. Бір күні түскі үзіліске шығып, жұмысқа бес-он минуттай кештеу келсем, бас редактордың алдында редакцияның алқа мүшелері түгел жиналып отыр екен. Қабылдау бөлмесіндегі қыз «Сізді күтіп отыр, тез кіре қойыңыз» деді сыпайы ғана.
Ыңғайсыздау болса да, жиналғандардан кешіккенім үшін кешірім сұрап өз орныма отыра қалдым.
Әңгімені бас редакторымыз бастады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің жағдайы, жұмыс ауқымы, оған лайықты журналисті таңдаудың оңай болмағандығы жайлы біраз әңгіме айтылды. Ақырында келіп әңгіменің төркінін маған тіреді.
– Саған сенім артып отырмыз. Осы қызметті өзің атқаратын боласың, – деп түйді Арекең.
Мен күмілжіп бердеме айта бастап едім, «Жассың, істейсің» деп бір-ақ түйді. Сонымен біз үшін бұған дейін басқа журналистің қолынан келмейді деп есептеліп келген Бақытяр ағамыздың орнына ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым…
Көз алдымызда сол жылдары облыстық газет түрленіп, құлпырып, мазмұны жағынан, көтерер мәселелердің ауқымы, тереңдігі, дәлдігі жағынан, көркемделуі жағынан құлпырып жүре берді. Бәрін бірдей еске түсіру қиындау болар, газет бетінде «Журналист мәселе көтереді», «Нөмірге репортаж», «Сендіруге рұқсат етіңіздер…», т.б. тың айдарлар пайда болды. Ең бастысы – Арекең журналистерге еркіндік жоқ заманда еркіндік берді және олардың жылт еткен жаңалықтарын барынша көтермелеп, қолдау көрсетіп отырды. «Сендіруге рұқсат етіңіздер…» деп аталатын айдармен берілген мақалалар сериялары түсіне білген кісіге күллі жүйеге, кеңестік-партиялық қатып қалған сең-тоңға көзсіз қарсылық болатын. Бәрімізде сол заманда қызмет атқардық қой, кез келген деңгейдегі басшы кез келген биік мінберден баяндамасын немесе сөзін «Сендіруге рұқсат етіңіздер…» деген жалынды ұранмен аяқтайтын. Арекең сол «Сендірудің» нәтижесін журналистерін арнайы жіберіп, терең талдатты, облыс жұртшылығына жария түрде біз сеніп жүрген басшылардың көзбояушылығын әшкерелетті. Және бұл мақалалардың барлығы үлкен қоғамдық пікір тудырды. Тағы бір баса айтатын жағдай – Бекбосынұлының редакторлығы кезінде облыстың бірінші басшысы облыстық газеттің әр нөміріндегі өткір проблемалық және сыни мақалаларға газеттің бетінде қара сиялы қаламсаппен бадырайтып тұрып бұрыштамасын қойып, нұсқаулығымен шара қолдану үшін тиісті лауазымды тұлғаларға жолдайтын.
Бұл – бір ғана мысал. Сол заманда жабық тақырып болып келген қазақ тілінің мүшкіл хәлі туралы өткір проблемалық мақалалар жариялауы, ұлтымыздың ары мен абыройының символына айналған Дінмұхамед Қонаевтың тағдырына араша түсуі, қазақтың біртуар перзенті, қабырғалы қайраткері Асанбай Асқаровтың Бішкектегі әділетсіз соты туралы ашына жазуы Арғынбай Бекбосынұлының биік азаматтық ұстанымын білдірмей ма?! Міне, осылайша облыстық газеттің танымалдығы өз аймағымыздан асып, республика көлемінде күрт артты. Мәселен, жылдар бойы 26 мыңның деңгейінде тұрақталған газет таралымы бірер жылдың ішінде 55 мың данаға дейін көтерілді.
Бір сөзбен айтқанда, Арғынбай Бекбосынұлы облыстық газетіміздің атын да, затын да өзгертті, журналистердің қаламының ұшталуына, қанатының қомдалуына аянбай еңбек сіңірді. Біздер, сол кісінің қамқорлығын, тәрбиесін көрген шәкірттері ұстазымызды мақтан етеміз, ол кісімен бірге қызмет атқарған, тәлімін, тәрбиесін көрген жасампаз жылдарымызды әркез қанағат сезіммен еске аламыз.

ӘЛДЕКЕҢНІҢ ӘДЕМІ ӘЛЕМІ

Әлдихан Қалдыбайұлы – жүз жылдық тарихы бар облыстық газет қабырғасында қызмет атқарған шығармашыл қауымның арасындағы мінезге бай, адамшылығы жоғары қадыр-қасиеті мол азаматтың бірі болды. Ол кісінің дене бітімі қандай мол пішілсе, мінезі де ақжарқын, пайым-парасаты да кең-мол еді. Жата беріс қулық-сұмдықтан, іштарлық, көреалмаушылық сияқты қасиеттерден ада нағыз шығармашылық адамы болатын. Ол кісімен бала кезімізден таныспыз, журналистік жолда сол азаматтың жетегінде жүріп жемісті де табысты еңбек еттік. Жоғарыда да айттым, 1974 жылы 22 жастағы бала жігіт жасымда осы облыстық газеттің табалдырығын аттауыма ақ ниетімен бата бергендердің бірі – осы Әлдихан Қалдыбайұлы.
Ол кісі сол жылдары облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы болатын. Қазіргілерге түсінікті болу үшін бұл лауазымның міндеті – облыстағы газеттер мен радио-телевидениенің жұмысын үйлестіріп отыру екендігін айта кетуім керек. Облыстық газетке жұмысқа қабылдануыма Әлдекең тікелей ықпал етті.
Көп ұзамай облыстық газет редакторының орынбасары болып келді. Содан бастап етене жақындастық, пікірлес болдық, ақыл-кеңесін тыңдадық, мол журналистік тәжірибесінен тәлім алдық. Әрине, сол кездің өзінде Әлдихан Қалдыбайұлы республикамызға аса танымал балалар жазушысы еді. Ол кісінің сөйлеу, жазу мәнерінің өзі басқаша болатын. Жазғанда үтір, нүктеге дейін мән беретін. Әңгімелесе қалғанда айтқандарына айызың қанатын. Мыжып, көп сөйлеп, әңгімесінің қадірін кетірмейтін. Қысқа-нұсқа айтатын. Әзілі де жарасып тұратын. Ал енді ол кісінің журналистігі, адамдық асыл қасиеттері туралы көп әңгімелеуге болады. Әлдекең бас редактор болып жүргенде мен «Ақ жол» газетінің Сарысу, Талас аудандарындағы меншікті тілшісі болдым. Тоқсаныншы жылдардың бас кезі ғой. Өмір аласапыран, қиын уақыт еді. Оны ауызбен айтып жеткізу қиын. Кеше ғана қайнап жатқан өмір «пышақ кескендей» тоқтап қалғандай. Осындай өтпелі кезеңде әрі-сәрі күй кешіп қалдық. Оның үстіне жалақы да уақтылы болмайды. Бас редакторымыз осының бәріне түсіністікпен қарайтын, сөзбен демеп, қолдап отыратын.
Әлдихан Қалдыбайұлының басшылығымен жұмыс істеп жүрген 1997 жылдың қыркүйегінде бас редакторымның қолдауымен және аудан басшылығының қалауымен Сарысу аудандық газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Газет деген аты ғана қалған. Шықпағанына екі ай болыпты. Таралымы 200 дананың көлемінде. Аудандық баспаханадан сау-тамтық қалмаған. Қызметкерлерінің айлық жалақыларын алмағандарына да біраз болыпты. Сондай қиын жағдайда тағы да салып-ұрып Әл-ағама келдім. Жағдайды айттым. Ол кезде облыстық газеттің өзі қайбір оңып тұр дейсің. Азаматтық танытып, қолұшын берді. Қазан, қараша, желтоқсан айларында газеттің мақалаларын өзімізде дайындап, жауапты хатшы Марат Ділдебаев деген азаматымыз сөмкесіне салып облыстық газеттің редакциясына келіп, компьютерлік орталығында беттетіп, облыстық баспаханадан басып шығарып жүрдік. Аудан халқы сөйтіп Әлдекеңнің қолұшын беріп, көмектескенінің арқасында төл басылымдарымен қайта қауышты. Меніңше бұл – батылдық. Әлдекеңнің сондай қиын жағдайдың өзінде маған жасаған бұл демеуін ерлік деп бағалаймын. Әлдихан Қалдыбайұлы – облыстық газет тарихынан ғана емес, облыстың тарихынан ойып орын алған қаламгер. Ол қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде өзінің бағасын әлдеқашан алып қойған. Оның драматургиядағы шығармашылығы да біздің есімізде. Қаламгердің «Шаншар атай» пьесасы күні бүгінде дейін сахнадан түскен емес.
Облыс ардагерлеріне арнап осы «Ғұмыр-Дария» газетін шығарып жатқан 2013 жылы да телефон шалып, ағалық ақ лебізін айтқаны бүгінгідей есте. Кең адам – кем болмайды. Әлдихан Қалдыбайұлы біздің есімізде асыл азамат, абыройлы аға, талантты балалар жазушысы, облыс журналистикасының көрнекті өкілі ретінде ұзақ уақыт сақталатындығына сеніміміз зор.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support