Ауылдағы өмір қалаға қарағанда әлдеқайда жақсы

5

Сортөбе ауылдық округінде мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып, кәсіпкерлік дамуда. Сонымен қатар округте егін және көкөніс шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Бұл жағынан қарағанда ауыл халқы еңбекқор.

Үй іргесіндегі жер телімдері де мақсатты пайдаланылуда. Ауыл халқы негізінен диқаншылықпен айналысады. «Идыбо Санху» шаруа қожалығының жетекшісі Ихар Цешанло 1,5 гектар алқапқа картоп, жүгері және сарымсақ орналастырған. Қазіргі таңда алқапта сарымсақ жинау басталған. Оны өзегі тұқым салмай жинап алу қамына кіріскен. Жиналған өнімді Алматы қаласына өткермек. Шаруа оны жинау үшін 20 адамды жұмысқа тартқан.
– Жақсы өнім алу үшін тер төгіп еңбек ету керек. Ол үшін дұрыс тұқым таңдап, талапқа сай отырғызып, күтіп-баптау маңызды. Ауа райы мен ылғалдандыру жұмыстары да өнімнің жақсы болуына әсер етеді. Өнімнің жақсы болуы еңбекпен тығыз байланысты, – дейді Ихар.
Бақша салумен айналысатын шаруаның бірі – Саровтар отбасы. Оның сызғышпен сызғандай бақшасының қасынан жай ғана өтіп кете алмайсың. Бақшада қызанақ пен қияр, асжапырақ, райхан, одан басқа да салат жапырақтары өсірілуде. Оны Муса Саров отбасымен күтіп-баптауда. Оның бұл шаруаны жүргізудегі басты көмекшісі – ұлы Мүбәрак.
– Әкеме қолғанат бола жүріп, бақша салуды, көкөніс баптаудың қыры мен сырын үйрендім. Ең бастысы, жалқаулыққа салынбау. Еңбектенсең ауылдағы өмір қалаға қарағанда әлдеқайда жақсы. Ол үшін тер төгіп, таңнан тұрып күн батқанша аянбай жұмыс істеу керек. Ал оған әрбір адам шыдай бермейді, – дейді ол.
Шаруа қыс айларында да қарап отырмай, үй іргесінде тұрғызылған жылыжайда түрлі бақша өнімдерін өсірумен де айналысады. Бүгінде ол жапырақты көкөністерді өсіруге ден қойған. «Бұл табысты бизнес. Бір маусымда 3-4 рет өнім жиналады, барлығы өсімдіктердің өсу кезеңіне байланысты. Кейбір түрлерден өнімді 30-40 күн ішінде алуға болады. Жер телімінің бір бөлігіне ерте отырғызылған картоп та жиналып, базарға өткеріліпті.
Мүбәрак егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да қатар алып келеді. Қазір бордақылауда он мүйізді ірі қара тұр екен. «Мен сөзімді әсемдеп жеткізе алмаймын. Бар білетінім, отбасымның несібесінің артуы, көрші-қолаң ортасында мәртебесі биік, құрметті болуы үшін еңбек етіп жатырмын. Алдыға қойған арманым да, мақсатым да баршылық. Сол мақсатқа жету үшін аянып қалмақ емеспін, – дейді Мүбәрак Саров.

Ләйлім Досымбекова,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.