1922-2022: Шежірелі жылдар

22

«Ақ жол»

3 ақпан. №16 (15.494). «Оқырман лебізі» айдарымен берілген топтамада газет оқырмандарының «Атпал – «Ақ жолдың» алғашқы санынан алған әсерлері туралы хаттары жарияланды. Олардың ортақ түйіні «Атпал – «Ақ жолдың» көңілдерінен шыққандығына келіп саяды.

17 ақпан. №22-24 (15.502). Газет жағымды жаңалықты бірінші бетінде хабарлады. Облыс тұрғындарының саны жыл соңына қарай 1 миллионға жетеді. «Атпал – «Ақжолдың» осы санындағы «Тіршілік» беті, Баймаханбет Ахметтің «Жатақханалар жоқ, жатақ бар», Лесбек Сайлаубековтің «Қаңғыбастар мен қайыршылар кімдер?» проблемалық мақалалары жарияланды.

27 сәуір. № 58 (15.522). Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев облысымыздағы іссапары барысында «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің бас редакторлары Мақұлбек Рысдәулет пен Людмила Перекольскаяға, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының аға редакторы Жасұлан Әбдіқалықовқа сұхбат беріп, ол газеттің осы санында «Қарқынды бәсеңдетпей, қарқындай алға баса беруіміз керек» деген тақырыппен берілді. Елбасының Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында өткізген кездесулері де жедел әрі кеңінен жазылды.

21 мамыр. №71 (15.535). «Ақ жол» газетінің шығармашылық тобы Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында оқырмандармен кездесу өткізді. Оларға газеттің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет Елбасының Жолдауы туралы, басылымның жоспарлары жайлы айтып берді.

11 маусым. №80 (15.544). «Ақ жол» журналистері Мойынқұм ауданында оқырмандарымен кездесулер өткізді.

28 маусым. №88 (15.552). Баспасөз күніне арналған «Журналист – өмір шежірешісі» беті берілді. «Бас редактор мінбері» айдарымен шыққан «Қалам ұстаған қайраткер» мақаласында БАҚ-тың хал-жағдайы ашық айтылды.

23 шілде. №102 (15.556). «Ақ жолдың» жаңа айдары «Әкім есеп берді. Нәтиже қандай?» тұсауын кесті.

23 тамыз. №119 (15.570). «Елбасы Жолдауы – Елдіктің арқауы» тақырыбымен Таразда екі күнге созылған республикалық ақындар айтысы өтті. Бас бәйге Бекарыс Шойбековке, бірінші бәйге Күміс Сәрсенбаеваға берілді. Екеуі де жеңіл автокөлік кілтін алды. Газеттің осы санында «Әкімияттарда, әкімияттарда…» айдары ашылды. Дулат Шалқарбаевтың «Әкесі 63 жылдан кейін Голландиядан табылды» мақаласы сарысулық Садуақас Ахметовтың әке қабірін қалай тапқаны туралы.

6 қазан. №144 (15.608). Көкшетауда Балуан Шолаққа ескерткіш орнатылды. Оның ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары Ө.Байгелді, халық жазушысы сенатор Ә.Кекілбаев Жамбыл, Ақмола облыстарының әкімдері Б.Жексембин. М.Есенбаев басқа да республикаға танымал азаматтар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері қатысты. Қоғам қайраткері жазушысы-журналист Арғынбай Бекбосын, Мемлекеттік сыйлық иегері жазушы этнограф Ақселеу Сейдімбеков баяндамалар жасады. Барша қазаққа ортақ тұлғаның ескерткіші тұрғызылуына жамбылдықтар ұйытқы болған еді. Салтанаттан есеп «Атажұрт ардатады марқасқасын» деген тақырыппен берілді. Авторы – Тұрсынхан Толқынбайұлы.

15 қазан. №148-149 (15.613). Танымал журналист Мейрамбек Төлепбергеннің «Сарқылмас жыр бұлағы» көлемді мақаласы қазақ айтыс өнерінің XIX ғасырдағы дүлдүлі Ұлбике Жанкелдіқызының өшпес ұлағаты туралы.

21 желтоқсан. №183-185 (15.649). «Атпал – «Ақ жолдың» кезекті санында да қызықты жарияланымдар мол болды. «Саясат» бетінде экс-сенатор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жандар Кәрібаевтың «Мақұлшыл именшек болып жүре береміз бе?» мақаласы өзекті мәселені қозғаған. Газеттің осы санында белгілі журналист, Президент сыйлығының иегері Мейрамбек Төлепбергеннің ұйымдастырып, демеуші таба білуімен Қаратау қаласында өткен Ұлбике Жанкелдіқызының туғанына 180 жыл толуына арналған облысаралық ақындар айтысынан есеп жарияланды. Бас бәйге Ақмарал Леубаеваға, бірінші орын қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваға берілген.

24 желтоқсан. № 186 (15.650). Облыста Бауыржан Момышұлының туғанына 95 жыл толуы кеңінен салтанатты аталып өтілді. Газеттің осы санында да жарияланымдар топтамасы берілді. Мақұлбек Рысдәулеттің «Ғабит Мүсіреповке жазған хат жолдарындағы ой толқындары», Көкіш Рысбаевтың «Әскери ғылым саласындағы тұңғыш қазақ профессоры» мақалалары тақырыптарынан көрініп тұрғандай батырдың танылмаған қырлары туралы.

(2006 жыл)

5 қаңтар. № 1 (15.656). Газет таралымы өсіп 19251 данаға жетті. Осыған орай «Жыл ашар сөз» айдарымен «Ақ жол» өзіңмен бірге, оқырман» мақаласы берілді. Осы санындағы Баймаханбет Ахметтің «Туған тілге деген көзқарас өзгерсе, іс жүріп кеткелі тұр» мақаласы өзекті тақырыпқа жазылған. Ол «Ойтолғақ» деген айдармен шықты.

10 қаңтар. №3 (15.658). Газет Жүсіп Баласағұнның «Билей алсаң – ақыл, білім, жүректі, орындадым де қасиетті тілекті» деген қанатты сөзін ұран етіп алды.

2 ақпан. №18 (16.193). Республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 31 қаңтардағы санында «Егеменге» еліктеген басылым» деген шағын шолу жариялаған еді. Онда осы газеттің бұрынғы меншікті  тілшісі, белгілі журналист Мақұлбек Рысдәулет облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалғалы бері басылымның ажары ашылып, мазмұны байығаны, таралымы да өскені айтылған. Ол «Аға басылым – «Ақ жол» туралы» деген айдармен газеттің осы санында көшіріліп басылды.

23 ақпан. №30-32 (16.209). «Жылдың ең үздік әкімі» айдарының тұсауы кесілді. Меркі ауданындағы Жамбыл ауылдық аймағының әкімі Медербек Өзбеков туралы шағын суреттеме суретімен бірінші бетте жарияланды. Келесі сандарында газет өзге аудандардың да ең үздік ауыл әкімдері туралы да кезекпен суреттемелер жариялады.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.