- Advertisement -

Жас таланттардың жұлдызы жанған күн

67

- Advertisement -

Қоғамның қай саласында болса да, алдыңғы толқынмен жастардың шығармашылық байланыста болуы заңдылық. Бұл үрдістің өнер әлеміне де қатысы бар. Өмірін өнермен ұштастырған таланттарды табу, мөлдіреп ағатын бұлақтың көзін ашу – қашанда өзекті. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, таңдай қақтырар таланттардың қай кезде де болатыны, алдағы уақыттарда да бола беретіні анық.

Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2022» облыстық жобасының гала-концерті өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында наурыз-мамыр айы аралығында өткен бұл байқау жанам деген жүрекке от беруді, нағыз жас таланттарды жалпақ жұртқа танытуды көздеді. Әсіресе, вокал, дәстүрлі халықтық ән, аспапта орындаушыларға ерекше мән берілді.

Аталмыш жобаның облыстық кезеңінде аудандық, қалалық деңгейдегі байқауда іріктеуден сүрінбей өткен өнерпаздар қатысты. Олардың дарыны мен қарым-қабілетін анықтау барысында күйші, композитор, ҚР мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов және Республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты Көпшіл Ертаев қазылық етіп, қара қылды қақ жарды. Қазылар алқасының шешімімен 70 өнерпаздың ішінен іріктеу кезеңге 10 ғана қатысушының өтуі – тек нағыз талантқа жол ашылғанын көрсетсе керек.
Үздік деп танылған Т.Рысқұлов ауданының тумасы Алина Тоқтағұл мен Мұхамедали Талғатов, меркілік Азат Қадырбек пен Лаззат Асиратдинова, Мойынқұмнан шыққан Әсел Бөбек, байзақтық Динара Әділ, Қордай ауданынан Шапағат Балтабай мен Тимур Ким, Жамбыл ауданынан Нұрай Әбілда мен Бауыржан Бегалы шығармашылық тәлімгерлерімен бірге өз өнерлерін ортаға салды.

Талабымен тас жарған таланттардың алдында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйлеп, өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беру қашанда маңызды екеніне тоқталды. «Бұл жоба биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Жобаның ауылдық, аудандық, қалалық іріктеу кезеңдеріне барлық қала мен ауылдардың талантты жастары қамтылып, 400-ге жуық үміткер қатысты. Қазір озып шыққан 10 қатысушы – нағыз жүзден жүйріктер», – деді Ерлан Нұрманұлы. Сондай-ақ ол жаңа әндер енген «Жаңа Есім» CD жинағының лентасын қиды.

Жас өнерпаздардың жұлдызын жаққан мерекелік кеште көрермендер әуелеген әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдап, құлақтарының құрышын қандырды. Әсіресе Мұхамедали Талғатов, Асел Бөбек пен Тимур Кимнің орындауындағы күй тартысы көпшіліктің көңілінен шықты. Нұрайлым Әбілданың орындауындағы шетелдік «Lost on you», Азат Қадырбектің орындауындағы «O sole mio» әндері де жұртшылық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Концертте «Ағайша-ау», «Дүние-ай» секілді халық әндері, қазақ композиторларының ел арасына кең тараған әдемі туындылары да шырқалды.
Жас өнерпаздарды Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның танымал әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Оңал Азаматова, Назима Үсенова, Азиз Кушаков, Айгүл Есекеева, Құрмаш Қуанышбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаты, пианист Азиз Кушаков марапаттап, өрендердің өнердегі жолына сәттілік тіледі.
Кеш соңында барлық финалистер сөзін жас ақын Елдар Боранбек жазған сазгер Көпшіл Ертаевтың «Жаңа есім» әнін қосыла шырқады. Осылайша, облыстың өнер әлеміне таланттардың тағы бір шоғыры келіп қосылды. Өнерлері өрісті болғай!

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support