- Advertisement -

«Тәкаппар боп көргем жоқ »

145

- Advertisement -

Тараздық Болат Ақтанұлы редакцияға келіп, бір топ өлеңдерін және жарық көрген кітабын сыйлады. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей, оның бұл қадамын құптадық. Болат Ақтанұлы әдебиетші емес, мүлдем басқа саланың маманы. Біз аталған ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Тағдыр

Тағдыр дейміз, тағдырға біз сенеміз,
Алдына сап, айдаса да көнеміз.
Біреулердің мейірімін мақұлдап,
Біреулердің жауыздығын көреміз.

Тағдыр дейміз, осы өмірге келгенде,
Дүниені елмен қатар көргенде.
Ойнап жүріп тікен кіріп табанға,
Қараша үйге кешке бір-ақ енгенде.

Тағдыр дейміз, жүрсек жақсы күн аңсап,
Кейде кейіп, кейбір кезде қуансақ.
Тайғақ жерде тайып кетіп табаның,
Омақаса құлап барып, жұбансақ.

Тағдыр дейміз, кемтар жанды көргенде,
Жаназа боп, жақыныңды көмгенде.
Жылдар бойы төсек тартып сал болып,
Жаратқанның жазуына көнгенде.

Тағдыр дейміз, биік шыңға шықсақ та,
Шыңға шықпас жандар барын ұқсақ та.
Қос жанарсыз зағиптардың қасында,
Шүкір айтып, өзімізді ұстап та.

Тағдыр дейміз, тағдыр деген сан сұрау,
Біреулердің бағы жанып жарқырау.
Біреулердің жолы болмай қансырау,
Мойындадым, бір ғажайып барсың-ау!
Кешкі дала әсері

О, жарықтық! Күн батты арайланып,
Қызыл арай шашырап маңайға анық.
Тағы бір күн өтті деп ойланамын,
Күнбатысқа көз алмай қарай қалып.

Ай да туып келеді қиғаштанып,
Түндегі сол тамаша күй басталып.
Қазбауыр бұлт қорқытып тастаған ба,
Жұлдыз шіркін, әр жерде тұр жасқанып.

Түн түндігі қалды ма көтерілмей,
Далам жатыр түнеріп, ойнап күлмей.
Қара бұлтты қуатын самал жел жоқ,
Ол байғұс та, жатыр ма ерінгендей.

Мына дала тып-тыныш, тынып қалған,
Тамылжыған түн сырын біліп қалғам.
Естіледі дыбысы тау суының,
Бұлақ басы, айсыз түн, сүйікті арман.

Далам жатыр тып-тыныш тұңжыраған,
Бар тіршілік ұйқыда, түн тұр аман.
Аппақ таңнан ақ ұлпа арман іздеп,
Ақын отыр көз ілмей жыр құраған.

Жоқ менің қас адамым

Бұл өмірде жоқ менің қас адамым,
Арымды аттап, әлсіздік жасамадым.
Арсыздықпен айқаста өзгелерді,
Өз кеудеммен қорғаштап тасаладым.
Тасаладым жан салып, дауылдадым,
Көргенім жоқ шағынып қауымға мұң.
Көкірегімді кек кернеп тұрса-дағы,
Көрсетпедім жанымның ауырғанын.

Күн көргем жоқ біреудің арқасында,
Тығылғам жоқ мықтының қалқасына.
Қоңыр үйдің салқоңыр күйін шертіп,
Көз салғам жоқ байлықтың қалтасына.

Тәкаппар боп көргем жоқ кердең қағып,
Адалдықты сүйгенмін зердемде анық.
Сүйер болсам берілдім бар жаныммен,
Күйінгенде күйредім аң-таң қалып.

Опасыздық жасады талай пенде,
Тайталасып келгенде жеме-жемге.
Шалғандар да аяқтан аз болған жоқ,
Бар болды қуат беріп демеген де.

Бірақ мен пендешілік жасамадым,
Ойладым ел-жұртымның бас аманын.
Арсыздықпен айқаста әлсіздерді,
Өр кеудеммен қорғадым, тасаладым.

Міне осылай бауырлар, қуып келем,
Өмір деген жүйріктің «қашағанын».
Мен ешкімге жамандық жасамадым,
Сондықтан да жоқ шығар қас адамым.

Болат Ақтанұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support