- Advertisement -

Мәдениет майталманына арналған экспозиция

72

- Advertisement -

Әлібек Әмзеұлының есімі елімізге кеңінен танымал. Ол облыс мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ғажайып драмаларымен қатар басшылық қызметте де іскерлігімен ерекшеленген қадірлі тұлға. Оның өңір театрының өркендеуіне де сіңірген еңбегі өте мол. А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының музейінде ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Әлібек Әмзеұлына арналған экспозицияның ашылуы да мәдениет қайраткеріне лайықты жасалған құрмет екені анық.

Іс-шараны жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Елен Әлімжан құттықтау сөзімен ашып берді. Одан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай игі бастаманың жемісті жалғасуына тілектестігін білдірді.

«Осында жиналған біраз азаматтар көзі тірісінде Әлібек Әмзеұлымен қызметтес болды. Ол кісінің дәл осы театрдағы музейдің ашылып, жұмысының жандануына қосқан үлесі ерекше. Сол себепті Әлібек Әмзеұлына арналған экспозицияның театрдағы музей қабырғасында бой көтеруі де өзіндік мәнге ие, аса маңызды. Шын мәнінде, Әлібек Әмзеұлы – өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған көпқырлы тұлға. Оны әрмен қарай насихаттау, кейінгі ұрпаққа жеткізу сіздер мен біздің еншімізде» деді ол. Сондай-ақ Ә.Әмзеұлымен қызметтес, әріптес болған кісілерді осы театр қабырғасындағы экспозицияны толықтыруға шақырды.

Экспозицияның ашылуына Ә.Әмзеұлының жары Әсия (Несіпкүл) Әбілова арнайы қатысып, өзінің ризашылығын білдірді. «Көзден кетсе көңілден болады ұмыт, демей, Әлекеңе жасаған құрметтеріңізге толқып тұрмын», – деді ол. Іс-шара барысында сөз алған қазақстандық салалық мәдениет, спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Әлібек Әмзеұлының жарына орамал жауып, құрмет көрсетті. Әлібек Әмзеұлы туралы Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова естеліктер айтты. Ал экспозиция лентасын жазушы Елен Әлімжан мен Әсия Әбілова қиды. А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков іс-шараға қатысушыларға экспозицияға қойылған заттарды таныстырды.
Тұлғаның өмірдерегі мен еңбек жолынан сыр шертетін музей бұрышында Әлібек Әмзеұлы өмірінің соңғы жылдары жазып кеткен «Менің заманым мен замандастарым», «Менің сырым мен шыным» сынды кітаптарымен қатар, алған марапаттары және фотосуреттері, медальдары, театрда қызмет еткен жылдары сомдаған рөлдерін айқындайтын суреттері, облыстық мәдениет басқармасын басқарған жылдары көрсеткен жемісті марапаттары топтастырылған.

Ғалия Абылай,
облыс әкімдігінің мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support