- Advertisement -

Емдеу орындарындағы ұзын-сонар кезек қашан жойылады?

51

- Advertisement -

Кері байланыс

Газетіміздің өткен сандарында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің газет бетінде өңір тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жауап беретінін хабарлаған болатынбыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осыны басшылыққа алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің халыққа ашық болуы керектігін басты міндет етіп қойған еді. Міне, «Aq jol» газеті басқармалар мен бұқара арасындағы кері байланысты жандандырып, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев «Сауал –сізден, жауап – бізден» айдары аясында халықтан түскен сұрақтарға жауап берді. Сол тұрғындардан түскен сұрақ пен басқарма басшысының жауабын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Әбденбай Бегімұлы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылының тұрғыны:
– Ауылда және ауданда интернет желісінің дұрыс жұмыс істемеуінен емханаға уақтылы барып қарала алмаймыз. Медициналық пункттердегі компьютерлерде интернет желісінің жылдамдығы төмен. Медбикелер осының салдарынан бір адамды емханаға сағаттап отырып әзер тіркейді. Интернет жылдамдығын арттырып, медициналық пункттерді жаңа компьютермен қамту жоспарыңызда бар ма?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Ауылдық жерлердегі интернет желісі республика бойынша үлкен проблема, дегенмен де бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда, нақты Жуалы ауданы бойынша: аудандық денсаулық сақтау саласын интернет байланыс жүйесімен қамтамасыз ететін, мемлекеттік сатып алу бойынша «Fast Telecom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып анықталып, келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда интернет желісінің жылдамдығын ұлғайтуға байланысты мердігермен келіссөздер жүргізілуде. Жуалы аудандық орталық ауруханасына 2022 жылы 15 компьютер жиынтығын алу жоспарлануда. Мемелекеттік сатып алу рәсімдері атқарылғаннан кейін, компьютермен қамтамасыз етіледі.

Ержан Əбен, Сарыкемер ауылының тұрғыны, Байзақ ауданы:
– Биыл Сарыкемер ауылында заманауи жаңа емхана салынады деп естідік. Бұл нысан биыл пайдалануға беріледі ме, ол ғимаратқа қаражат қайдан қарастырылған?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған емхана ғимаратының құрылысы республикалық бюджет қаражат есебінен салынуда. «ТАРАЗСТРОЙ — 2004» ЖШС 4 430 950,78 мың теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының басталған уақтысы – 20 сәуір, 20 желтоқсанда аяқтауы тиіс.

Жолдыбай Дәметов, Мойынқұм ауылының тұрғыны, Мойынқұм ауданы:
– «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауданға жүзден аса маман келді. Бірақ онымен маман тапшылығы шешілген жоқ. Шалғай ауылдарда дәрігер жетіспейді. Ол тұрмақ аудан орталығында хирург, терапевтер тапшы. Медпункттердің көбі ескі. Аталған мәселелерді қалай шешуге болады?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Облыста жыл басына дәрігерлер тапшылығы 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе төмендегенмен дефицит сақталуда, есепті кезеңде 150 бірлік (84 – қала, 66 – ауыл) болды. Оның ішінде ауылды жерлерде 66 дәрігер қажет, тапшы дәрігерлердің басым бөлігі 12 жалпы практикалық дәрігер, 5 анестезиолог-реаниматолог, 2 психиатр, 6 сәулелі диагностика, 3 неонатолог, 5 педиатр, 2 хирург, 4 травматолог-ортопед, 4 терапевт, 3 инфекционист, 3 кардиолог, 1 онколог, 4 фтизиатр және тағы басқа терең білімді мамандар қажет.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік білім беру тапсырмасы негізінде оқыған түлектерді үйлестіру комиссиясымен өңірге жұмысқа бөлінетін жас мамандардың есебінен және жергілікті бюджет есебінен, оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 (бес) жыл жұмыс істеу міндеттемесімен оқыған дәрігерлермен тапшылықты жабу жоспарлануда.
Атап айтқанда, биыл өңірге жұмысқа бөлу комиссиясымен 80 жас маман келеді, жергілікті атқарушы органның грантымен резидентурада оқып, бітірген 16 дәрігер жұмысқа келеді, оның ішінде 2019 жылы оқуға түскен 8 акушер-гинеколог, 4 анестезиолог-реаниматолог, 2020 жылы оқуға түскен 2 неонатолог, 2 невропатолог дәрігер бар.
Дәрігерлер қажеттілікке қарай аудандарға жұмысқа жолданады.
Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында барлығы 283 медицина қызметкерлері бар, оның ішінде 51 дәрігер, 232 орта медицина қызметкер. Аудан бойынша дәрігерлер тапшылығы 9 бірлік. Жоғарыда атап өткендей, үйлестіру комиссиясымен өңірге жұмысқа бөлінетін жас мамандардың есебінен тапшылықты жабу жоспарлануда.

Нұрғаным Рахымбекқызы, Тараз қаласының тұрғыны:
– Тараз қаласы мен аудандардағы қайсыбір емханаға барсаң да ұзын-сонар кезекке тап келесің. Узи, рентген аппаратына да кезекке тұрасың. Бұл кезекті қалай жоюға болады? Содан кейін емханаларда дәрігерлер жиі ауысып жатады, бірі қойған диагнозды екіншісі қоя алмайды, дәрігерлер неге тұрақтамайды?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Бүгінгі таңда емдеу орындарындағы кезек мәселесін шешу үшін дәрігердің қабылдауына немесе медициналық қызметке кез келген күні және белгілі бір уақытта жазыла алатын Ақпараттық жүйелер құрылып іске асырылуда. Облыс бойынша қымбат тұратын аппараттар жылдан жылға көбейіп, іске қосылуда, мәселен, КТ – 18, МРТ – 9 бар. 2021 жылы мемлекеттік міндеттемелерсіз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында «Мейірім» Медициналық орталығымен Талас және Қордай аудандық орталық ауруханаларына қымбат тұратын КТ аппараты қойылды. Облыс бойынша аппараттары жоқ аудандар келісімшартқа отыру арқылы қызмет түрін ала алады. КТ және МРТ кестесі басқарманың және медициналық ұйымдардың сайтында көрсетілген (МҰ атауы, мекенжайы, сағаты, кеңесші маман байланыс нөмірі).
Емханаларда дәрігерлер жиі ауысу мәселесі де бар. Есепті кезеңде 150 бірлік, оның ішінде 73 маман аудандарға қажет. Аудандарға келген 26 жас маман (2021 ж. – 4, 2020 жылы – 11, 2019 ж. – 11) республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 ЕАК-тен аспайтын сомада бюджеттік кредитпен қамтамасыз етілді.
Кадрлар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Атап айтқанда, ЖАО грантымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 32 білімгер, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 50 дәрігер резидентурада оқиды. Қалаға жұмысқа келген мамандарды тұрақтандыру мақсатында медициналық ұйымдар қолдау шараларын қарастырған.

Мейірбек Асан, Тараз қаласының тұрғыны:
– Жүрек, қан қысымы бар сырқаттар ауруханаға дер кезінде жатып ем қабылдай алмайды. Көп аурухана портал кезегіңіз келген жоқ деп шығарып салумен келеді. Ол кезек келгенше сырқат ауруына дауа таба алмай бұл дүниеден өтіп кеткен жағдайлар ел ішінде аз емес. «Жедел жәрдеммен» барғанның өзінде портал кезегі келген жоқ деп қайтарып жіберіп, үйіне келген соң о дүниелік болған бір азаматты жақсы білемін. Емхананың жіберген анықтамасымен қабылдамайтын ауруханалар да бар. Орын жоқ деп сылтау айтады. Бірақ ауруханаға жатып ем алып шыққандардан бос орынның көп екенін естиміз. Созылмалы сырқаты бар адам портал күте алмайды, қалай порталсыз жатып, емделуге болады?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Жоспарлы емдеуге жатқызу – бұл дәрігердің созылмалы аурулардың көрсетілімдері (анықталған жағдайда) және шұғыл дәрігерлік араласуды талап етпейтін, өмірге қауіпсіз жай-күйлер болған кезде пациентті стационарға емдеуге жолдауы. Жоспарлы емдеуге жатқызу емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы пациенттің медициналық ұйымды таңдауына байланысты бірнеше күн ішінде жүзеге асырылады. Дәрігер науқас деректерін емдеуге жатқызу бюросының порталына енгізеді және қолына «жоспарлы емдеуге жатқызуға талонды» береді, оны да сайттан алуға болады www.bg.eisz.kz, жоспарлы емдеуге жатқызуға өз кезегін қадағалауға, сондай-ақ стационарда бос төсектердің болуы туралы ақпаратты қарауға болады.
Шұғыл емдеуге жатқызу – бұл жедел жәрдем дәрігері, учаскелік дәрігер немесе қабылдау бөлімшесінің дәрігері айқындайтын шұғыл жағдай болған кезде пациентті стационар жағдайында емдеуге жіберу. Шұғыл емдеуге жатқызу науқасты қысқа мерзімде бейінді стационарға дейін тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
Шұғыл емдеуге жатқызу кенеттен болған жіті жай-күйлер және өміріне немесе айналасындағылардың денсаулығына қауіп төндіретін аурулар, жазатайым оқиғалар, уланулар, жарақаттар, босану және шұғыл жай-күйлер туындаған кезде жүргізіледі, жүктілік кезеңінде пациент шұғыл тәртіппен емдеуге жатқызылады.
Дәрігер (жедел жәрдем, емхана) шұғыл емдеуге жатқызуға көрсеткіштердің болуын анықтап, зерттеу нәтижелері мен клиникалық диагностикалық хаттамаларға сәйкес тиісті бейіндегі стационарға жолдама арқылы стационарлық емге жолданады. Сонымен қатар көрсеткіштерге сай күндізгі стационар, үй жағдайында көрсетілетін емдер қарастырылған.

Қанат Аманқұл, Жамбыл ауданының тұрғыны:
– Жедел жәрдем шақырсаң уақтылы жетпейді. Қоңырау шалып мекенжайыңды айтқан соң сырқаттың жасын сұрап, уақытты созып тұрып алады немесе тым кешігіп келеді. Қашан жедел жәрдем жүйесі қалыпқа келтіріледі?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Халыққа жедел медициналық жәрдем көрсету ҚР ДСМ-ң 30.11.2020 ж. № ҚР ДСМ-225/2020 «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Халықтан түскен барлық шақыртулар Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының «103» пультіне келіп түседі және облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Call-орталығында тіркеледі. CALL-орталығында өңделіп, бригадаларға орындауға жолданады. Шақыртуларды қабылдау ҚР ДСМ-нің 30.11.2020 ж. № ҚР ДСМ-225/2020 «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 2-ші қосымшасына сәйкес жүргізіледі. 2-ші қосымшаға сәйкес шақыртуды қабылдау барысында мына деректер анықталады:
— шақыртудың нақты мекенжайы және байланыс телефоны;
— көшедегі пациентке шақырылған жағдайда жалпыға белгілі бағдарлары (көшелер қиылысы, әкімшілік ғимараттар) анықталады;
— пациенттің жай-күйі және ауру жағдайлары немесе жазатайым оқиға жағдайлары туралы қысқаша деректер;
— егер шақырушыға пациенттің немесе зардап шегушінің төлқұжат деректері белгісіз болса, оның жынысы, шамамен жасы, шақырту себебі айқындалады.
ЖМЖС диспетчері шақыртуды алған сәттен бастап оны өңдеу уақыты бес минутты құрайды, осы уақыт ішінде шақырудың жеделділік санаты бойынша іріктеу жүргізіледі. Барлық түскен шақыртулар 4 жеделдік санатына бөлінеді, 1,2,3 жеделдік санатын Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының (бұдан әрі-ЖОМЖЖС) бригадалары, ал 4 жеделдік санатын алғашқы медициналық — санитарлық көмек ұйымы жанындағы жедел медициналық жәрдем бригадалары (бұдан әрі-БМСК жанындағы ЖМК бригадасы) орындайды. Фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың ЖМЖС диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету уақыты: 1-жеделділік санаты – он минутқа дейінгі; 2-жеделділік санаты – он бес минутқа дейінгі; 3-жеделділік санаты — отыз минутқа дейінгі; 4-жеделділік санаты – алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.
Яғни, шақыртуды қабылдау барысында деректерді неғұрлым дұрыс анықтау, шақыртуға қажетті бригаданы жолдауға мүмкіндік береді. Ал шақырту орнына жету уақыты шақыртудың шұғылдық санатына байланысты болады. Ағымдағы жылы қосымша 12 санитарлық автокөлік алынады, қосымша бригадалар ашылады. Нәтижесінде кешігу және шақыртуларға жүктеме төмендейді.

Нұржігіт Маратұлы, ардагер:
– Дәрігерлерге айтылып жатқан сын көп. Күнделікті өмірде сырқаттардың көбі тамыр-таныс арқылы емделеді. Пара беріп қаралатындар да жеткілікті. «Жедел жәрдеммен» ауыр халде жеткізілген сырқаттан да дәмететіндер жоқ емес. Дәрігерлер арасындағы бұл алалау халықтың жиі наразылығын тудырып жатады, осындай әрекеттерден денсаулық саласын арылту бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Мұндай жағдайлар тіркелген жоқ, аталған деректер болса басқармаға тікелей хабарласуды сұраймын, сонымен қатар арнайы білікті мамандар зерделеу жүргізеді. Бірақ аталған жайттарды болдырмау үшін барлық медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметі (Ішкі аудит қызметі) жұмыс атқаруда. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 35-бабының 1, 2, 3, 4, 5-баптарына сәйкес пациенттерді қолдау және ішкі бақылау (аудит) қызметі жұмыс істеуде.

Нұрбол Қуанышбек, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны:
– Құрметті Әсет Әскерұлы, менің сауалым ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің сапасына қатысты. Т.Рысқұлов ауданының шалғай елді мекендеріндегі жұртшылық осы мәселе төңірегінде біраз шағымдарын айтып жүр. Атап айтқанда, Тереңөзек ауылдық округі тұрғындары жедел жәрдем қызметінің сапасына наразы.Тұрғындардың айтуынша, соңғы кездері аймақта өлім-жітім саны да осы есептен артқан.
Еске сала кетсек, Тереңөзек ауылдық округі географиялық орналасуы жөнінен Байзақ ауданымен шектесіп жатыр. Аудан орталығы мен Тараз қаласынан бірдей қашықтықта орналасқан. Аса ауыр жағдайдағы науқастар бірінші аудандағы орталық ауруханаға жеткізіліп барып, жолдама арқылы облыстық ауруханаларға жіберіледі. Міне, бұл мәселе науқастарға қиын тиюде. Осы мәселеге баса назар аударсаңыз.

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– ҚР ДСМ-нің 30.11.2020 ж. № ҚР ДСМ-225/2020 «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 2-ші тарауының 21-ші тармағына сәйкес пациенттің өміріне қауіп төнген жағдайда (жіті жүрек-тамыр және тыныс алу функцияларының жеткіліксіздігі) оны тасымалдау шұғыл стационарлық медициналық көмек көрсететін жақын жердегі медициналық ұйымның қабылдау бөлімшесінде жүзеге асырылады. Аудандық ауруханаларда барлық шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Науқастың жалпы жағдайы тұрақтанған соң бейінді сала бойынша ауруханаға ауыстырылады. Әр тұлға өз денсаулығына салғырт қарамай скринингтік тексерулерден профилактикалық және динамикалық тексерулерден уақтылы тексеріліп тұрғаны жөн.
Сондай-ақ бейінді мамандарға баруға мүмкіндігі жоқ шалғай ауылдар мен кенттердің тұрғындары үшін жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) жұмыс істейді. Облыс бойынша 322 елді мекенді қамту жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 3 айында 102 елді мекен қамтылды. Медициналық көмек немесе қызмет алған адамдар саны – 71 274, оның ішінде 17 953 бала бар. Диагностикалық және зертханалық зерттеулер де жүргізіледі.

Досболат Туғанбаев, Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Талас ауданы:
– Ақкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына қарасты жедел жәрдем көлігі ескірген. «Жигулиі» жүрмей тұр. «УАЗ» автокөлігінің жүргенінен тұрғаны көп. «Жедел жәрдем» шақырсақ көлік ескі болғандықтан кешігіп жетеді. Бұрын Ақкөлден Қаратауға сырқатты жеткізу қиын болатын. Жолда көлік ішінде босанып қалғандары да бар. Қазір Қаратау мен Ақкөл арасындағы жол жақсарды. Бізге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған «жедел жәрдем» көлігі керек. Әсет Әскерұлы, өзіңізге де осы туралы бірнеше рет айтқанбыз, бұл мәселенің шешімі қашан болар екен?

Әсет Қалиев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– 2021-2022 жылдардағы арнайы автокөлікке қажеттілікке сай Ақкөл ауылына УАЗ 3962 сұраныс берілді. Аталған сұранысқа сай автокөлік бөлінген жағдайда Ақкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына беріледі.

Материалды дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support