- Advertisement -

Жол бойында қураған ағаш көп

137

- Advertisement -

Ауылшаруашылық саласында еселеп өнім алу үшін егістік алқаптардың көлемін ұлғайтып, көктемгі дала жұмыстарын үйлесімді ұйымдастыру аздық етеді. Сол үшін де шаруалар өскін өнім бергенге дейін арқаны кеңге салмайды. Мысалы, дәл қазір егістік алқаптарында зиянкестерден тазарту жұмыстарын күшейтіп, шығын көлемін азайтуға мықтап күш салу қажет. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында осы мәселе кеңінен қаузалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланыс орнатуы маңызды. Басқосуда алдымен облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы аудан әкімдері орынбасарларының әлеуметтік желідегі парақшасына жүргізілген талдауға тоқталды. Сәйкесінше, тұрғындармен әлеуметтік желіде байланыс орнатуға «жүрдім-бардым» деп қарайтын облыс әкімдерінің орынбасарларын тізіп берді. Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков әлеуметтік желіде қоғам белсенділері көтерген түйіткілді мәселелер жайында айтты. Сол секілді «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» мекемесінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек басшылардың жедел желіге түскен сауалдарға жауап беру көрсеткіші туралы баяндады. Осы ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындардың өтінішіне және БАҚ өкілдерінен түскен сауалдарға уақтылы әрі сапалы жауап беру мәселесін әлі де жүйелеу керектігін ескертіп, соның нәтижесінде кезек күттірмейтін шаруаларды үйлесімді орындаудың маңыздылығын айтты.

Басқосуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қаныш Алиев ерекше қауіпті және зиянды организмдерге қарсы күрес шаралары туралы және алдын алу жұмыстары туралы баяндады.
Өңірдің егістік алқаптарында үйірлі шегірткелердің марокка шегірткесі, итальяндық прус, азиат шегірткесі деген үш түрі кездеседі екен. Бұған қоса саяқ шегірткелердің 20 түрі (ақжолақты саяқ шегіртке, атбасарлық саяқ шегіртке, сібір саяқ шегірткесі, травян фишері) тағы бар. Жалпы алғанда сол шегірткелердің барлығы ауыл шаруашылығы дақылдарына белгілі бір деңгейде залал келтіреді. Сол үшін де биыл 73 310 гектар алқапқа республикалық бюджет есебінен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы 5 500 гектар, итальяндық прусқа 42 710 гектар және азиаттық шегірткеге 25100 гектар аумақ залалсыздандырылмақ. Ал жергілікті бюджеттен саяқ шегірткелерге қарсы 22 199,86 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізу көзделген.

– Алқаптардағы шегірткеден басқа да аса қауіпті зиянды организмдерге барлығы 9830 гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Бұдан бөлек, облысымыздың егістік қорғайтын және автомобиль жолдары бойындағы орман жолақтарының көлемі 25 000 гектар шамасында болса, негізінен онда қарағаш, терек, мамыр гүл ағашы (акация), үйеңкі, тұт, жиде ағаштары көптеп кездеседі. Мысалы, қарағашта – мүр көбелегі, қарағаш жапырақ жемірі, аяққұйрықтар, күйе көбелектер, жапырақ ширатқыштар, қабық жегіштер, жапырақ бізтұмсығы, бүргешіркейлер, ал, теректерде – терек жапырақ жегіші, терек күйе көбелегі сынды зиянкестердің түрі көп. Осы аталған орман жолақтарында соңғы жылдары ағаштар жиі қурайтын болған. Оның көлемі нақ қазір облыс бойынша 396,5 гектарды құрап отыр. Соның ішінде Қордай ауданында 288, Жамбыл ауданында 40,1, Шу ауданында 17 гектар. Зиянкестердің салдарынан зақымдалып, әлсіреген ағаштарға жаз мезгіліндегі қуаңшылықтан ылғал жетіспегеннен, қала берді агротехникалық іс-шаралар жүргізілмеген соң қурауы мүмкін, – деді Қаныш Алиев.

Мәселенің ауаны түсініктірек болу үшін айталық, негізі шаруашылық саласында карантиндік объектілерге ғана республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Қала, аудандардағы тал-дарақтарды, саябақтарды күтіп-баптауға жергілікті атқарушы билік қарайласады. Ал жекелеген шаруашылықтар «Өсімдікті қорғау туралы» заңның шеңберінде зиянкестерден өздері құтылуы тиіс.
Қордаланған мәселелердің мән-жайымен толық танысқан Нұржан Нұржігітов жауапты инспекцияның басшысы Қаныш Алиевке жол жиегіндегі ағаштарды зиянкестерден қорғау бойынша «ҚазАвтоЖол ҰҚ»

АҚ-ның облыс бойынша филиалының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ жауапты компания жол бойында зиянкестер анықталған аумақтарды химиялық өңдеуден бас тартса, инспекция тарапынан айыппұл салуды ұсынды. Мамандардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта зиянкес шегірткелердің бірнеше түрі қанаттанған соң, химиялық өңдеу жұмыстарын қазірден бастаған жөн. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы аудан, қала әкімдерін ерте көктемде және күз айларында агротехникалық жұмыстарды күшейту, ағаштарды күтіп-баптау, түбін қопсытып, қураған бұтақтарын кесу, биіктерін аласарту, әктеу секілді жұмыстарды уақтылы іске асыруға шақырды. Сонымен қатар аудандардың ауыл шаруашылығына жауапты мамандарына егістіктегі зиянкестерден құтылудың жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын арттыруды тапсырды.

Сәндібек Піренов

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support