- Advertisement -

Туған ауылы Арағаны еске алды

37

- Advertisement -

Есімі елімізге кеңінен белгілі қоғам қайраткері, әдебиеттің алуан жанрында тамаша туындылар жазған көп қырлы қаламгер, Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын ағамыздың артында қалдырған рухани мол мұрасы мен есімі лайықты ардақталып келеді.

Бұл істе өзі бас редактор болған кезінде республикадағы айбынды басылымдар қатарына қосқан облыстық «Aq jol» газетінде еңбек етіп жатқан журналистердің қазіргі жас, ізденгіш, талантты буыны тапқырлық пен жеделдік танытып отыр. Ғасыр жасаған басылымның мерейтойына орай өзгелермен қатар Арғынбай ағамыздың да азаматтық және қаламгерлік ерліктері туралы мазмұнды мақалалар жарияланып, әсері ерекше бейнероликтер беріліп келеді.

Туған ел, өскен жұртының да құрметі еш кеміген жоқ. Осының айғағындай, туып-өскен Байзақ ауданы Қосы батыр ауылында еске алу шарасы өтті. Оған Тараз қаласынан арасында Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев, «Қосы батыр» қоры төрағасының орынбасары, Тараз өңірлік университетінің профессоры Болат Үсенбаев, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Назым Қуанышбаева және басқалар бар сыйлас іні-қарындастары, ағамыздың жары – Дариға жеңгеміз, ұлы Абай мен қызы Жанерке, ағайын-туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Бұл күні «Қосы батыр» мешітінде Арғынбай ағамызға және осы ауылдан шыққан, бақилық болған басқа да елге танымал азаматтардың рухтарына Құран бағышталды. Бұдан кейін барлығы ата-бабаларының қорымындағы қабірі басында болып, ізгілік жасауға үндеп өткен қимас ағаларымен өткен жарқын сәттерді еске алды. Құран оқылды.

Арғынбай Бекбосын туралы естеліктер айтылды. Дастарқан басында Дариға жеңгеміздің қатысуымен өрбіген әңгіме барысында алдағы маусым айында аталып өтілгелі отырған 85 жылдығына әзірлік барысы туралы да сөз болды. Суханбаев ауылдық округінің әкімі Рашид Қойлыбаев, «Қосы батыр» қоры төрағасының орынбасары Болат Үсенбаев Тараз қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату, Қосы батыр ауылындағы өзі салдырған мектепке есімін беруге қол жеткізу, осында мұражайын ашу бойынша жұмыс жүріп жатқаны, басқа да бірқатар шаралар атқару көзделіп отырғаны жайлы айтты. Ағамыздың рухы шат болғай!

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист.
Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support