- Advertisement -

ЕЛ ЕСІНДЕ – ЕР САТТАР (ҮЗІНДІ)

60

- Advertisement -

Гүлдері
Қаптап өссе көз тартар қыр,
Сарбұлақ Шу бойында құлпырып тұр.
Сол жерде Саттар батыр туып — өскен,
Тарихын біліп ұрпақ көңілді бұр.

Әр сайы,
Әр шоқысы толған аңыз,
Қарасақ сары далаға ойланамыз.
Жерінде кіндік қаны тамған ердің,
Өткенін ойға алып толғанамыз.

Өнеге,
Өмір жолы ерлік — дастан,
Жас Саттар ауыр тұрмыс кешіп бастан.
Ауылдың мектебінен алды білім,
Жетімдік көріп өсіп бала жастан.

Артса да,
Тағдыр жүгін аямастан,
Мойымай қиындыққа қарамастан.
Еңбекке араласты үлкендермен,
Өспірім, қабырғасы қатаймастан.

Болмысы
Қатарынан болып өзге,
Келмейтін ақылымен қарсы сөзге.
Әрдайым алғыр ойы, зерделі жас,
Бозбала ерекше боп түсті көзге.

Туған жер
Тірлігіне араласып,
Ел-жұртпен ірге тасын бір қаласып.
Шыңдады Саттар өзін сан сындарда,
Өмірге құштарлықпен қадам басып .

Ауылдың
Төзіп тұрмыс қиынына,
Ұйытқы болып әр іс жиынына.
Жастардың жетекшісі болды Саттар,
Бастауыш комсомолдың ұйымына.

Қырық бір,
Жазы елге ауыр тиді,
Қаншама адамдардың жанын қиды.
Қасірет жетіп бейбіт жерімізге,
О, сұмдық өтті тағдыр небір қилы.

Фашистер
Ойда — жоқта салып ойнақ,
Оранды өртке Ресей, жері, аймақ.
Қызғанып ел бақытын көзін құртып,
Шамасы келгенінше қырып – жоймақ.

Басталды
Қанды соғыс қатал заңы,
Халыққа тыныш жатқан тиіп лаңы.
Кешегі нәубат жылдан өткен елдің,
Түнекке қайта батты атқан таңы.

Күн туған
Ел басына қиын шақта,
Отанға, отты қойған бермей жатқа.
Қорғау үшін аттанды алып қару,
Сұранып өз еркімен майдан жаққа.

Жаудырған
Оқтан толып қорғасынға,
Айналған жердің беті көк жасынға.
Жасқанбай жүрді күн — түн отты кешіп,
Дүние астан-кестен ортасында.

Смоленск
Жерін етуге азат,
Майданда көре жүріп небір азап.
Жас сержант пулемётшілер бөлімшесін,
Басқарды жауға қарсы ұрыс жасап.

Осылай
Сан соғысқа Саттар енген,
Жанған от, атылған оқ көзбен көрген.
Ерлік пен өжеттілік біткен бойға,
Қаймықпай қайсарлықпен соққы берген.

Баяғы
Бабалардай асыл заты,
Саттардың өшпес ерлік қалды аты.
Жауына атылып жай оғындай бір,
Өзі де жазым болып кетті қапы.

Жайлаған
Фашистерге орман ішін,
Соңғы рет жинап бойға қайрат-күшін.
Оқ тиген кеудесімен алға қарай,
Ұмтылды жас жауынгер Отан үшін!

Соғыстан
Елге Саттар оралмады,
Жеңісін Ұлы Отан көре алмады.
Берілген Кеңес Одақ Батырының,
Атағын кеудесіне таға алмады.

Қорғаған
Жас та болса жерді — елді,
Жігіттің Саттар нағыз сұлтаны еді.
Өшпестей артына ер із қалдырып,
Тарихтың қойнауына мәңгі енді.

Бақыт ИСАЕВА,
ҚР Мәдениет және Ұлт қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы.
(ҮЗІНДІ)

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support