- Advertisement -

СОҒЫС ҚАСІРЕТІН КӨП КӨРСЕ ДЕ ҚАСИЕТІНЕН АЙНЫМАҒАН «ШАРУА МӘЛІК»

76

- Advertisement -

Осыдан сексен бір жыл бұрын адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды алапат қырғын марғау жатқан күллі Европаны дүр сілкіндірді. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4-тен 15 минут өткенде неміс фашистері тұтқиылдан шекараны бұзып өтіп, Кеңес Одағына мұздай қаруланған әскери техникасымен басып кірді. Мың жарым тәулікке созылған, 30 миллионға жуық бейбіт халықтың өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының қаралы қоңырауы бейқам жатқан елді күңірентіп жіберді, ауыр күйзеліске ұшыратты.

Соғыс… осы бір денеңді дір еткізер суық сөзде қаншама талқаны шыққан тағдырлардың көз-жасы, мұң-шері, запыранды зары жатыр десеңізші.

Атың өшкір сұм соғыстың қанқұйлы зардабы біздің аталарымызды – Сарысу ауданының азаматтарын да айналып өткен жоқ. Әрбір шаңыраққа өлшеусіз жазылмастай жара салып кетті. Соғысқа кеткендердің үштен бірі ғана елге оралды. Оның өзінде көпшілігі ауыр психикалық контузияның, дене жарақатының зәрлі уытын көріп өмірден өтті. Ал сол аталарымыздың майдан даласындағы бастан кешкен қисапсыз қиындықтарын, ерлік істерін еске алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу әрбір саналы азаматтың парызы.

Ауылда Болат Садуақасов атты ар-намысын биік ұстап жүрген айтулы азамат бар. Еліне, кіндік қаны тамған туған жеріне жасап жүрген жанашырлығы, жақсылығы ұшан-теңіз. Мұны жергілікті қарапайым халық айтады. Он-он бес жыл бұрын ұйықтап қалған әруақты оятып, «Ысты Тілік Баба» мемориалдық кешенін тұрғызды, дұға дастарқанын жайып, ас берді. Республиканың түкпір-түкпірінен 2000 ға жуық ұрпақтары жиналып, баба рухына тәу етті, өткенге салауат тіледі. Сауапты іске мұрындық болған Болат Мәлікайдарұлына риза көңілдерін білдірді. Сондай-ақ атпал азамат дағдарып жүрген ауыл жұрты имандылыққа, тазалыққа жүгінсін деп Ұйым елді мекенінен мұнаралы мешітті де салды. Әрине, тірнектеп, маңдай терін сорғалатып жиған жеке қаражаты есебінен. Қазіргі таңда аудандағы елді мекендерге ауыз су жеткізу мәселесімен айналысып жүр. Барлық ой-санасы, мақсаты қарапайым халықтың мұң-мұқтажына жарасам деген ниет.

Етене жақын тонның ішкі бауындай аралас-құраласымыз жоқ болса да, ауылдың ертеңгі тағдыры, рухани құндылықтар төңірегінде аракідік әңгімелесіп тұратынымыз бар. Әсіресе Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып келсе де, саналы ғұмырын Байқадам совхозының қалыптасуына, экономикалық өсуіне үлес қосқан әкесі туралы сағынышпен жиі еске алады.

– Әкем Мәлікайдар Садуақасұлы 1967 жылы бар болғаны 44 жасында соғыс салған ауыр жарақатының қасіретінен жарық дүниеден озыпты. Мен төрт айлық іште қалыппын. Жан әкешімнің аялы алақанын сезбей, жан жадыратар жылы сөздерін естімей ержеттім. Әкемнің болмыс бітімін, мінезін, жүріс-тұрысын анам мен әпкелерімнің айтуымен санама сіңіріп өстім. Ол кісі 1942 жылы соғысқа өзі сұранып аттанған екен. Әйтпесе, броньмен елде қалуға да мүмкіндігі болыпты. Содан қан майдан ұрыс даласының бел ортасында, Сталинградтың алапат сойқанында, Курск доғасында алғы шептің қиян-кескі шайқасында болыпты. Соғыс туралы көп айтпайды екен, дегенмен ауыр жараланып, тозақ отынан қалайша аман шыққаны жөнінде анама айтып кетіпті.

1943 жылы қақаған қыстың ызғары қайтып, көктемнің алғашқы жаңбырлы айлары болса керек. Украинадағы бір қаланың маңында өте қатты ұрыс кезінде алғы шептегі адам шығыны еселеп артады. Жау жағының тегеурінді шабуылы бір толастамайды. Полк командирі мотоатқыштар батальонына жаудың екпінін үш тәулік ұстап тұруға бұйрық береді. Арасында Мәлікайдар да бар. Жауынгерлер алғы шептегі қасапханада көзсіз ерлік көрсетіп, әлденеше рет жаудың бетін қайтарады. Бір адым артқа шегінбейді. Арттарынан көмекке танк корпусы жеткенде бір батальон боздақтан Мәлікайдар мен взвод командирі ғана ауыр жараланып аман қалады. Қол-аяғынан сау тамтығы қалмаған, білегі салбырап траншеядан өз еркімен шығуға әл-дәрмені жоқ әкеме командирі «Сен осында күте тұр, мен барып жәрдемге адам алып келейін» деп әрең сүйретіліп кетеді. Окоптан шыға алмай қансыраған Мәлікайдар ауық-ауық есінен тана береді. Командирден хабар жоқ. Жыламсыраған жаңбыр да толассыз сіркіреп тұрады. Бір есін жиғанда окопта жиналған су белден асып, кеудесіне алқымдағанын сезеді. Содан кейін біржола есін жоғалтады. Енді бір өзіне өзі келгенде жан-жағы аппақ әскери лазаретте жатқанын түйсінеді. Кейіннен белгілі болғандай, ұрыс даласынан мәйіттерді жинап жүргендер белуарынан суға батып траншеяға тастай жабысып жатқан әкемді тауып алған екен. Ал командирі болса жол-жөнекей қанғыған оққа ұшыпты. Белінен, жамбасы мен қол-аяғының бұлшық еттерінен сау-тамтығы қалмаған әкем төрт-бес ай әскери госпитальда емделіп шығады да соғыстың соңғы жылын Прибалтикада, Польшада аяқтайды.

– Ел қайда, Еділ қайда, мұра қайда,
Еш пенде ахуалыңды сұрамайды.
Осы жерде ажал жетіп өліп кетсем,
Ешбір жан, ой бауырым! деп жыламайды, – деп даңқты Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, әкеміз Мәлікайдар Садуақасұлы майданнан 1945 жылы елге ажал құрығынан аман оралады. Келісімен бухгалтерлік курсты оқып алып, аудандық қаржы бөлімінде кейін Байқадам совхозында есепші, бас бухгалтер қызметін атқарады. 1946 жылы анамыз Гүлмаржанмен отау көтереді. Әкеміздің өте сауаттылығын ол кісіден тәлім-тәрбие алған қариялар кешегі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Әсіресе әкемнің қасында ұзақ жыл бірге қызметтес болып, есеп-қисаптың қисынын көп үйренген Аман Данияров ақсақал ұстазының имандылығын, ізгілігін, тазалығын, сондай-ақ қиналған жанға қашанда қол ұшын беретін жанашырлығын жиі еске алатын.

Әпкелерімнің айтуынша, әкеміз үйде болсын, түзде болсын отырып тұрғанда қатты қиналады екен. Отырғанда таяныш іздеп қабырғаға сүйеніп зорға тізе бүксе, тұрғанда да ауырлап қабырғаға жабысып, жармасып жатып әрең бой түзейтін көрінеді. Бір білегі салбырап, үш-төрт саусақтары да қырқылған, оның үстіне қайрат беретін бұлшық еттері де жұлым-жұлым мардымсыз болыпты. Басымыздан өтпегесін сезінбейміз ғой. Әйтпесе, тән азабынан қанша қасірет шексе де, жұмыстан бөлек үй шаруасына да өте ыждағатты болуының өзі өмірге деген құштарлығы, қайсарлығы емес пе? Қазір зерделей қарасам, әкемнің әрбір күні ерлікпен пара-пар екен. Ауылдастары ол кісіні «шаруа Мәлік» деп атап, айдар тағып кетіпті. Неге десеңіз, бір ауылда Мәлік аттас үш кісі болыпты. Әкеміз қызметіне ерте шығады екен. Сондықтан таң алакеуімнен тұрып, ең алдымен үйдің алдын жинап, тазалап, бау-бақшаны да жүйелеп, реттеп қоятын көрінеді. Бақшадағы әрбір жеміс талдары тәртіппен орналасқан, арықтары суаруға қолайлы. Әрбір талды балаша күтіп, дәрілеп, керексіз бұтақтарын күзеп-түзеп, қыста жылылап көміп, көктемде қайта аршып, арам шөпті өсірмей үнемі қадағалау үшін қаншама төзімділік керек десеңізші. Мұның өзі әкеміздің шыдамдылығын, табандылығын көрсетсе керек. Сол жеміс ағаштар мен ержеткенше төгілдіріп жемістерін беріп отырды. Алма, жидек, өрік, жүзімдерінен аталарының Тәшкеннен салған базарлығындай немерелері де күні кешеге дейін сүйсіне дәм тататын. Мен өзім кейбір сәттерде ойға шомылып, әкемнің тән жарақатына қарамай ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білгеніне сүйсінемін, сабақ аламын. Әкем үшін мақтанамын. Перзенттік қуанышқа бөленемін. Себебі әкеміз ауыл көркейсе, қисайған шаруашылық түзелсе деп, үкімет, мемлекет саясатына жеке іскерлігімен үлес қосудан шаршамады. Менің де сол әкем салған сара жолмен жүргім келеді, мүмкіндігінше жүзеге асырып та жатырмын.

Әкем туралы естеліктерде оның жетім-жесірге, тұрмысы төмен отбасыларға барынша қолдан келер жәрдемін беріп тұрғаны айтылады.

Жағдайы жүдеу ағайынға қолдау білдіріп, ас-тойын атқарысып, сүрінгенге сүйеніш, жылағанға жұбаныш болғанын көзкөргендер жиі еске алады. Жас та болса, бір қауым елге бас бола біліпті. Өкініштісі сол, соғыстың зардабынан қылшылдаған қырық жастан аса бере мәңгілікке кете барыпты. Ең бастысы, артындағы сегіз ұл-қызынан тараған немере- шөберелері бір үлкен әулеттің бұтағы болып, тамырланып отыр қазір. Осы күнде ел арасында ол кісі жайында «Ол Таласқа аты шыққан атымтай жомарт Садуақас байдың тұяғы ғой, арғы аталарынан елшіл бола білген азамат қой» деген сөз ілесіп келеді. Шүкір, тәубе дейміз.

Қазір ойлансам, әкеміз сұм соғыстың тән жарасын 22 жыл бойы қинала көтеріп жүріпті-ау. Ешкімге жан сауға айтпай үнсіз шыдапты. Қызметінен қалмаған, отбасын құрып ұрпақ қалдырған. Үй салып, шаңырағын кеңейткен, бау-бақша күтіп баптаған. Бізді сүйемелдеген. Кейінгі жылдары әкеміз балдаққа сүйеніп қалғанын әпкелерім айтатын. Тізеден төмен, шынтақтан жоғары қырым ет болмау не деген сұмдық! Белі мен жамбасының жарақаты тағы бар. Екінің бірі төзе ме осындай ауыр азапқа. Соның бәрін білдірмей жүрудің өзі ерлік емей немене!

Бөкең әкесі туралы таң атырып айтуға бар. Әке рухы перзенттік парызды өтеуге көп демеу беретінін түсіндік. Иә, бүгінгі ұрпақ шат-шадыман, қуанышты күндері үшін ата ұрпаққа мәңгілік қарыздар. Лайым, елімізді бейбіт өмірден, тыныштықтан айырмасын дейік.

Ал енді көптен көкейде кептеліп жүрген өзекті мәселені осы ұлық мерекенің алдында айта кетуді жөн көріп отырмыз. Біз жыл сайын Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухтарына бас иіп, тағзым етеміз. Еліне, туған жеріне жаны да, тәні де ауыр жараланып оралып, сол азапты арқалап жүріп, еліне сіңірген еңбектерін бұлдамай қаншама майдангерлер өмірден ерте өтті. «Елі барда ерлер есімі мәңгі өшпеуі тиіс» деп жиі айтамыз. Шын мәнінде солай ма? Ақиқатын айту керек, сонау тоқсаныншы жылдары елең-алаңда елді мекендердегі көше атаулары бей-берекет үлеске салынғаны жасырын емес. Мәселен, Саудакент ауылында соғыс майдангерлеріне берілген көше атаулары саусақпен санарлық. Және бір көшенің өзі екі-үш бөлікке бөлініп кеткен. Онамастика комиссиясы мәселенің осы тұсына назарын аударып, жете зерделесе деген ұсыныс айтқымыз келеді.

Мақаламыздың кейіпкері Мәлікайдар Садуақасұлы биыл тірі болғанда 100 жасқа толар еді. 1922 жылы осы өңірде Қаракөл болысы қазіргі Жаңаталап ауылында дүниеге келіпті. Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосып, соғыстан кейінгі ауданның қалыптасу кезеңіне де айтулы еңбегі сіңген. Ендеше, сұрапыл соғыстағы от пен оқтың, өмір мен өлімнің арасындағы жанқияр шайқасты басынан өткізген қаһарман азаматқа бір көшенің атауы берілсе, қилы тағдыры туралы естелік кітабы жарық көрсе, келешек ұрпаққа тағылымды тәрбие болмай ма?

Берік СӘДУАҚАСОВ,
журналист.
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support