- Advertisement -

ЕЛДІ БӨЛГЕН ЕКІ, ЖЕРДІ БӨЛГЕН ЖЕТІ ӨЛЕДІ

109

- Advertisement -

Кез келген ел, ру, тайпа, тіпті, ауылдың көшін бастайтын көсемі, сөзін сөйлейтін шешені болуы – заңдылық. Қаратаудың теріскейінен Төменгі Шуға дейінгі аймақты жайлап жатқан Ошақты болысында он тоғызыншы ғасырдың орта тұсынан жиырмасыншы ғасырдың басы аралығында өмір сүріп, билік құрған Сапақ Жаншуақұлы сондай танымал тұлға болғаны тарихтан белгілі. Қазақ елінің Оңтүстік өңіріне Қоқан хандығы билік жүргізген тұста датқа мәртебесіне ие болған бұл тарихи тұлға елін сыртқы жаудан қорғауда мәмілегерлік саясат ұстанып, ішкі дауды ел жақсыларымен ақылдасып шешіп отырған.

Күші басым Қоқан билеушісі Құдияр хан айдауына жүргісі келмеген Байзақ датқаны зеңбіректің аузына байлап атып, Шоқай датқаны ердің таралғысына у жағып өлтіріп, қазақтарға қатты сес көрсеткені де тарихтан мәлім. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» заманда елінің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған Сапақ датқа сұңғыла саясаткер, ақылды мәмілегерлікпен елдің бейбіт, тыныш өмір сүруін қамтамасыз етті. Бірақ елін жаудың езгісіне беріп қойған жоқ. Тиісті жерінде жауға желкесін күжірейткен кездері де болған.

Текті адам тегін болмайды. Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ жоңғар-қалмақ шапқыншылығына ұшыраған он сегізінші ғасырдың басында Сапақтың өз атасы Дәнен бауырлары Саңырық, Сарымерген батырлармен бірігіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қазақ елін, жерін қорғаған. Әсіресе «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған сол заманда Сыр бойына дейін босқан елін жасақты жаудан қорғауда Саңырықтың көрсеткен ерлігі ерен. Ол туралы Қожаберген жыраудың «Елім-айында», қазақтың қабырғалы қаламгерлері Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында, Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», Софы Сматаевтың «Елім-ай» романдарында жақсы баяндалған. Сапақ датқа сол Саңырық батырға шөбере туыс болып келеді.

Ел аузында «Сапақ датқа айтыпты» деген даналық сөздер, «Сапақ датқа осылай істепті» деген ізгілікті істер аңызға айналыпты.

Сапақ датқа өз елінде ғана емес, орта жүзге де, көрші қырғыз еліне де танымал тұлға болған екен. Әкесі Жаншуақ руласы Наурызбай датқаның араласуымен орта жүздің тобықты руымен құдандалы болып, 13 жасар Сапаққа сол елден қыз әперген. Сол некеден дүниеге келген Бапақты кейбіреулер «Сапақтың інісі» деп шатастырып жүр. Шындығында Бапақ – Сапақтың тұңғыш баласы. Бірақ оны інісіндей көргені рас.

Сапақ датқаның «Мен өмірімде үш рет көзіме жас алдым. Біріншісі – Бапақ дүниеден озғанда, екіншісі – қырғыз Жантай манаптың асына оның ұлы Шабданның шақыруымен барып, бәйгеге шапқан баланың сөреден бірінші болып «Сапақ! Сапақ!» деп ұрандап өткенінде, үшіншісі – Жалаңбас батырдың қайғылы қазасын естігенде» дегені осыған дәлел. Бұл бауырмал, елдің жайын ойлаған, елінің арда азаматын құрметтеген тұлғаның ғана бойынан табылатын қасиет.

Бапақтың өлімінде көзіне жас алғаны – бауырмалдық белгісі. Ал Жантай манаптың асында көзіне жас алуы – ел намысын жоғары қоюының белгісі. Жалаңбастың қазасын естігенде жылағаны да елдің қамын жегенінің белгісі. Өйткені Байзақ датқаның ұлы Ақмолданың қызына үйленген Жалаңбас батыр ағайындарын отырықшылыққа баулып, сол кезде Әулиеата аталған, қазіргі Тараз қаласының іргесіндегі Дөңгелек сазға қоныстандырғаны тарихтан мәлім. Көрші қырғыз елімен және қазақтың басқа руларымен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуды көксеген Жалаңбас батырдың қолға алған істерін аяқтай алмағанына өкініш білдірген Сапақ датқа көреген кісі еді. Ол елінің мүддесін жеке бас араздығынан жоғары қойған. Жалаңбас батыр қазасында жүрегі қан жылап, көзіне жас алғаны да сондықтан еді.

Сапақ көреген көсемдігімен де, сөз бастай білген шешендігімен де елге бағыт сілтеп, ақыл-кеңес беріп отырған. Оның:

«Бақ орнаса басыңа,
Дос жиналар қасыңа.
Егініңді салысар,
Қырманыңды алысар,
Тандырыңды жабысар,
Шалғыныңды шабысар,

Малдарыңды бағысар,
Қарамай кеткен ағайын
Қайтып келіп табысар.
Бақ кеткенде басыңнан,
Жоқтан бәле жабысар,
Қампайып тұрған қарының,
Аш қалғандай қабысар,
Егініңді от шалар,
Мал-жаныңды дерт шалар» деп толғануын ынтымақ-бірлік пен кері кеткен тірліктің арасын ақылмен айшықтау деп бағалаған жөн-ау. Түсіне білген, тыңдай білген және жөн сөзге жығылған адамға бұдан артық ақыл-кеңес бола ма, сірә.

«Елді бөлген екі, жерді бөлген жеті өледі. Осыны қалың қазақ түсінбей-ақ жүр. Ұтылған кездері де көп. Қазақтың ұлан-байтақ кең даласы кімге жетпейді? Жаман жер қориды, жақсы ел қориды» деген ұлағатты сөз де Сапақтан қалған. Осы сөзге жығылғаны шығар, Әулиеата өңірінің байлары жазда Арқаны жайлап, қыста Арқа қазақтары малын Мойынқұм өңіріне қыстатқан. Бұл жерде малдың амандығы да бар, сондай-ақ, ел мен ел араласып, адамдар тату-тәтті өмір сүрген.

Арқаның айтулы адамы Ерден болыстың жалғыз ұлы қаза болып, оған Сапақ датқаның көңіл айта баруы да тарихта тағылым аларлық үлгілі үрдіс деп бағалауға лайық.

Қайғыдан қан жұтқан Ерден болыс көңіл айта барғандарға басын көтермей, теріс қарап жатып алған екен.Әрине жалғыз ұлдың қайғысы ғой, қабырғасын қайыстырған.

Алты қанат ақ орданың есігінен еңкейіп кірген алпамса Сапақ датқа:

– Уай, Ерден!
Басыңды көтер жерден,
Көңіл айта кеп тұрмын,
Ошақты деген рулы елден,
Талас деген қасиетті жерден.
Мыңды айдаған саңлақ
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны мына шыққыр көз көрген.
Алланың ісіне амал жоқ,
Мықты болсаң суырып алшы көрден, – деп термелей келіп:
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ.
Өлместі Тәңірі жаратпайды,
Тозбасты ұста соқпайды.
Топырағы торқа болсын,
Қалғанға өмір берсін!
Өлгеннің соңынан өлген жоқ,
О дүниеден қайтып келген жоқ.
Сабыр қыл, ерім Ерден,
Адамың аман болса,
Алла тағы да берген,
Басыңды көтер жерден! – деп тоқтағанда, Ерден басын жерден жұлып алып:
– Ошақтыдан, Сапақ, жеткен екенсің ғой қайғымды бөлісуге. Төрлет! – деп төс қағыстырып тұрып.

– Мен Құдайды жеңейін деп жатқан жоқпын Өңшең ездер сен сияқты жігер беріп, батырып айта алмай, жай жұбатумен еңсемді езіп болды. Сөз егесі сен екенсің, Сапақ. Күпіршілігім болса, Құдай кешірсін!

Қайғыдан қан жұтып жатқан болысты қайраттандырып, жігерлендірген Сапақ осылай қатты айтпаса, Ерден жерден басын көтерер ме еді!

Әрине, бұл жерде тауып айтылған орынды сөз қайғыны да жеңіп отыр. Ал Ерден болыс кейін аға сұлтан болғаны, оның ұлы Бұзау болыс әкесінің ісі мен өмірін жалғастырғаны мәлім.

«Сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген ауыр сөз бар есті адамға арналған. Сапақ өзінің алдында өткен ел жақсыларын құрметтеп, олардың істерін ілгері бастыруға, әруақтарына құрмет көрсетуге шақырған кейінгілерді.

Талас өңірінде «Төрт ақын» сағанасын соқтыруға Сапақ датқа мұрындық болғаны туралы да тәмсіл бар тарихта. Онда Ошақтының сөз ұстаған, ел басқарған, ел-жұртын еңбекке тартып асыраған Момын, Тоқберген, Кенбай, Байсалбай атты тұлғалары жатыр. Ұлы адамдардың ұрпақ жадында сақталуын ойлаған Сапақ датқаның бұл ісінің де тәрбиелік мәні жоғары. Біз Сапақ датқаның намысы, ру, тайпалар арасындағы өзара түсіністік қатынас жайындағы бірлі-жарым оқиғаларын баян еттік. Айтар болсақ, ондай оқиғалар аз болмаған. Сапақ – соның бәрін ақылмен үйлестіре білген ел қамқоры. Оның бәрін тізе беріп қайтейік.

«Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар» деген қағида бар қазақта. Сапақ датқа – осы қағиданы ұстанған кісі. Ол аға сұлтан Құнанбай қажы, шымырдан шыққан Керімбай болыс, ысты Майкөт, қоңырат Құлыншақ ақындармен, қырғыз манабы Шабданмен аралас-құралас, тұздас-дәмдес болған. Оның өз заманында орны ерекше екеніне осы сыйластықтың өзі жетіп жатыр.

Әйтпесе, қоңырат Құлыншақ ақын:
«Қол созсам, жетпес шынарым,
Бақтиярдан озған пырағым.
Елі үшін туған дарабоз,
Пейіште болғай тұрағың!» – деп жоқтау айтпас еді ғой.

Ел Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін талай тарихи тұлғаларға кесене салынып, ескерткіш белгілер орнатылып жатыр.

Ошақты елінің атақонысы Үшарал ауылында Саңырық батыр кесенесі тұрғызылды. Араға аз уақыт салып, Талас ауданының бұрынғы әкімі Батырбек Құлекеевтің бастамасымен сол ауылда Сапақ датқа кесенесі бой көтерген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» ұстанымындағы ұрпақт ар ұлы бабаларының атт арын ұлықтаудағы ізгі істерін жалғастыруда. Оған Түгіскен ауылында Сапақ датқаға орнатылған ескерткіш дәлел. Енді сол ескерткіштің ашыл салтанаты болғалы жатыр.

Сапақ датқа Жаншуақұлының туғанына 200 жылдан асты. Түгіскенде датқа атында көше бар. Ал мына ескерткіштің тұрғызылуына бастамашыл болып демеушілік жасаған шөпшегі, кәсіпкер, «Сапақ датқа» ЖШС директоры Амангелді Зәуірбекұлының атын алдымен ауызға алсақ, еш артықтығы жоқ.

– Баба әруағын құрмет тұтамын. Бүгінге дейін кәсіпкерлікте қол жеткізген жетістіктерім әруақтың желеп-жебегені деп білемін. Сапақ бабамызға ескерткіш орнату көптен ойда жүрген. Бұл ойым ағайындар тарапынан қолдау тауып, Дәнен баба ұрпақтары тегіс дерлік атсалысып жатыр. Ұлы тұлғаны ұлықтауға қолдау көрсетіп, ескерткіш орнатуға арнайы орын бөлген Сарысу ауданы әкімшілігіне, құжаттарды ресімдеуге көмектескен жергілікті биліктің қызметкерлеріне рақмет!

Қандай игілікті іс болса да, көпшіліктің көмегімен бітеді ғой. Ағайындар аянып жатқан жоқ. Менің мақсатым жүзеге асып, арманым орындалғанына ризамын! – дейді Амангелді. «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» деген көпшіл ұстанымдағы азаматтың ісіне алғыс лайық.

Ескерткішті Қазақстан Суретшілер одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, суретші-мүсінші Болат Құсайынов ұлы Ерболатпен және әріптесі Ербол Елетаев бірлесіп сомдаған. Ескерткіш негізіне
Сапақ датқаның бел баласы, заманында саяткер, шабандоз, құсбегі болған Шардарбек Сапақовтың суреті алынған. Біткен іске сыншы көп, ескерткіш туралы әртүрлі әңгімелер де айтыла жатар. Ең бастысы, ұлы баба әруағы ұлықталды. Ұрпақтары соған риза.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support