1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

14

1 қаңтар. №1 (2821).  1950

«Облыс еңбекшілері жаңа жылға немен келді?» – көлемі де, таралымы да бұрынғы күйінде қалған газеттің жылашар санында осындай тақырыппен өңір тыныс-тіршілігін жеткізетін жарияланымдар жарық көрді.

10 қаңтар. №7 (2827). КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы тағайындалғанына орай оған газет көп орын бере бастады. Жергілікті жерлерден келіп түскен хабарлар да жарияланып жатты. Бұл санында бірінші бетіне Меркі ауданынан Ә.Айнақұловтың «Баспасөз тарату жұмысын ойдағыдай аяқтады» деген хабарын берді.

25 ақпан. №42 (2862). Газет Социалистік Еңбек Ері Шу МТС-інің директоры Галина Андреевна Адаменконың №16 Жамбыл сайлау округінен Ұлттар Советіне кандидаттыққа ұсынылғанын жазды. Үш жасында Украинаның Полтава облысынан Қазақстанға отбасымен келген оның еңбек жолын да таныстырды.

13 наурыз. №54 (2874). КСРО Жоғарғы Советінің сайлауы зор саяси өрлеумен өтті. Газет осындай тақырыппен берген бетінде өзге де мақалалармен қоса Талас ауданы Ойық сайлау округінен 100 жастағы қария Бегәлі Қуандықов, Жамбыл ауданынан 86 жастағы Шайхасым Шайхысламовтардың дауыс беруге отбасыларымен түгел келіп қатысқандарын хабарлады. Ал Свердлов ауданындағы Суханбаев атындағы колхоздан Ақәділ Сухамбаевтың 72 жастағы анасы Тойтан да сайлау участігіне келіп «ақ сүтімді беріп, аялап өсірген Ақәділім төсін тосып қорғаған Отанымыздың мерейі үстем болсын» деген тілегін айтқан.

1 мамыр. №89 (2909). Мерекелік санында газет облыс еңбекшілерінің еңбек тартулары жөнінде топтамалар беріп, халық ақыны Жақсыбай Жантөбетовтың толғау өлеңін ұсынды. Газет тілшісі С.Әбдірахмановтың «Түгіскен» қой совхозында» деген суреттемесінде Еңбек Қызыл Ту орденді аға шопан Мергенбай Төлепбергенов, ферма бастығы Жұматай Әбітаев пен зоотехник Мәулен Туғанбаевтар жайында жақсы пікірлер айтылады.

30 мамыр. №109 (2929). «Көктерек ауданындағы игі істер» деген тақырыппен берілген топтамада қазіргі Мойынқұм ауданының сол кезгі тыныс-тіршілігі көрініс тапқан. Сол хабарлардың бірінде «Айдарлы» колхозының қой фермасында, Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың отарында бір қаракөл қойы бірден бес қозы тапқаны, оның үшеуі елтіріге сойылып, екеуі жақсы бағымға алынғаны суреттеледі.

20 тамыз. №164 (2984). Халық ақыны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Омар Шипиннің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Наужан Дидарбековаға арнаған «Ардақты Наужан» толғауын газет көрнекі етіп берді.

7 қараша. №219 (3039). Мерекелік санда газет бас редакторының орынбасары Төленді Оңғарбаевтың «Дариха Жантоқова – елдің ері» деген очеркі жарияланды.

18 қараша. №225 (3095). Қазақ КСР-інің құрылғанына 30 жыл толуы мерекесіне орай газет үлкен форматпен, төрт бет болып шықты. Облыс еңбекшілерінің мерекеге тартуларына көп орын берілген. Жас ақындардың жырдан шашқан шашуы да топтама арқауы болды. Сол өлеңдердің ішінде Жамбыл қаласынан студент қыз Айша Көпжасарованың «Отыз жылдың мерейі» аталатын балауса жыры да бар.

(1951 жыл)

1 қаңтар. №1 (3076). Жаңа жылда жаңа табыстарға жетуге шақырған бас мақаламен шыққан газеттің көлемі, таралымы алдындағы жылдан өзгерген жоқ.

27 сәуір. №82 (3157). Газет «Жуалы – облысымыздағы жаңа аудан» деген тақырыппен арнайы бет берді. Оңтүстік Қазақстан облысынан қосылған ауданның 20 колхозында еңбек етіп жатқан озаттардың сөздері жарияланды. ҚЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы Т.Өтенов, «Қайрат» колхозының комсомол мүшелері Жарылқасынов, Саяқовтың есімдері аталады.

19 мамыр. №96 (3171). Республиканың сол кезгі басшысы Ж.Шаяхметов қатысып, сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кеңесі өтті. Оңтүстік Қазақстан облысын социалистік жарысқа шақырған еңбеккерлер Социалистік міндеттеме және Сталинге құттықтау хат қабылдады. Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов кеңеске қатысушыларға өлең арнады, ол газетте «Ел дәулеті өркендеп өсе берсін» деген тақырыппен жарық көрді.

15 маусым. №116 (3191). Облыстық төртінші партия конференциясы. Онда облыстық «Сталиндік жол» газетінің бас редакторлығына Ғайса Сармурзин, орыс тіліндегі «Коммунист» газетінің бас редакторлығына А.Ф.Филиппов бекітілді. Конференция туралы хабардың астына, бірінші бетке Шона Смаханұлының «Біздің тіл» өлеңі берілді. Онда «Жер жүзінде жетілген, Бірінші тіл – біздің тіл» деген жолдар бар. Сол кезде мұндай пікір айту да көзсіз ерлік еді.

7 қыркүйек. №176 (3341). Көрші Қырғызстан Республикасының Талас облысының малшылары делегациясы облысымызға келіп 30 колхозда, 2 совхозда, 2 МТС-та және қыстық мал жайылымдарында болып, жағдаймен танысты, тәжірибе алмасты. Газет осы оқиғаға арнап «Қоғамдық мал шаруашылығын өркендетудегі жарыста алда болайық» деген жалпы тақырыппен бет берді, қазақ пен қырғыз ақындарының өлеңдерін де жариялады.

9 желтоқсан. №241 (3405). Сталинді ұлы көсем деп дәріптеген жарияланымдармен қатар газеттің бұл санында Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны» поэмасы басылды. Тәуелсіздік алған жылдары ғана кейінгі ұрпаққа жеткен бұл шығарманың сол кезде жариялануы да ерлік еді.

Дайындаған

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.