- Advertisement -

Қадір түнін күтсең, Раббыңа қадірлі боласың

29

- Advertisement -

Жаратушы Алла бәрін білуші, көруші. Әлемдердің әміршісінде қателесу жоқ. Дін өкілдерінің қасиетті Құран сөзіне сүйене отырып айтуынша, Раббымыз пенделерін шексіз жақсы көреді және кейбір нәрселерді жасырып қояды. Мәселен, қасиетті жұма күнінде тілеген тілегіңіз тоқтаусыз қабыл болатын бір сағат бар екен. Бірақ қай сағат екенін білмейміз. Сол секілді қасиетті Қадір түнін де Алла Рамазан айының соңғы тақ күндеріне жасырып қойды. Оның да нығметі, қайыры бар. Егер Жаратушы «Қадір түні мына түн» деп көрсетіп қойса, пенделер басқа кезде қамсыз болып, дәл сол күні құлшылық жасаймын деп бейқам болар еді. Жұмадағы ерекше сағаттың жасырынуы да пенденің құлшылығы арта түсуі үшін жасалса керек.

Дегенмен еліміздің Бас муфтиінің бекітуімен 27 сәуір Қадір түні деп белгіленгенін білеміз. Осынау қасиетті түн біздің өңірдегі мешіттерде де ерекше құлшылық, Жаратушыдан дұға-тілек сұраумен, өзінің талаптарына сәйкес өтті. Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде: «Анығында біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», – деп анық айтылған.

Сәрсенбінің кешінде еліміздің барлық аймақтарындағыдай облысымыздың бүкіл мешіттерінде Қадір түнін қарсы алу,құрметтеуге қатысты іс-шаралар өтті. Біз де қасиетті түнгі іс-шара, жақсы амалдардың барысын білу үшін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіне барған едік.

Осында 500-ге жуық жамағатқа шағындап ауызашар дәмі таратылып, көпшілікпен бірге ақшам намазы оқылды. Мұнан соң еркін құлшылыққа уақыт беріліп, кейіннен көпшілік облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтқан уағыз-насихатқа құлақ түрді. Оның айтуынша, көптеген дін ғалымдарының пікірі Қадір түнінің оразаның 27-түні екеніне сәйкес келеді екен. Бірақ анық осы түн деп те нақты ешкім айта алмайды. Анығы Аллаға ғана аян. Мұнан соң дін саласындағы ұстаз Нұралы Бақытұлы бұл түн адамдарға бір жылдық тағдыр жазылатын түн екенін айтып, уағыз-насихатқа ерік берді. Келесі сәтте мыңдаған адам бір мезгілде сәждеге бас қойып, тарауық намазын оқыды. Ислам дініне өзінің еңбегін ерекше сіңіріп жүрген азамат Ғазиз Ахметов мұсылман адамның шынайылығы, шынайы болуы керектігі туралы уағыз айтты. Әбдіғаппар Әміреев оқыған Құран сөздері де жүректерді шымырлатты. Найб имам Ғалымбек Жәпек айтқан уағыздар да көңілден шықты. Мұнан соң көпшілікпен сұрақ-жауап арқылы кері байланыс жасалды. Жамағаттың көптеген сұрақтарына Нұралы Бақытұлы арнайы жауап берді. Түнде тасбих намазы оқылып, онан соң жамағат үшін еркін құлшылыққа уақыт берілді. Ал сәресі кезінде 1 мың адамға тамақ таратылды. Көпшілік таңға дейін кірпік ілмей Қадір түнін күзетіп, азанғы бамдат намазын оқып, тарқасты. Мың айдан да қадірлі түнді қимай, әрең қоштасты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support