КӨҢІЛ КІРІ ҚАЛАЙ КЕТЕДІ?

1

Бір елде діндар, ұлағатты, өмір көрген данышпан кісі өмір сүріпті. Қай кезде де жарқылдап, көңілді жүреді екен. Сол қасиеттеріне қарай оның шәкірттері де аз болмапты. Бірде сол данышпанға шәкірттерінің біреуі келіп:

– Ұстаз, сіз үнемі көңілді жүресіз. Ешкімге ашуланып, ренжігеніңізді көрген емеспін. Сонда сіздің айналаңыз тек жақсылыққа толып тұра ма? Менің де сіз сияқты сабырлы, көңілді адам болғым келеді. Көмектесе аласыз ба? – деп өтініп сұрайды.

Данышпан шәкіртінің өтінішін қабыл алып, картоп пен қалта әкелуін бұйырыпты. Шәкірті ұстазының айтқан талабын орындайды. Сонда данышпан:

– Егер біреуге ашуланып ренжісең, бір картопты алып, соған ренжіткен адамыңның атын жазып қой, – депті.
– Мұның сыры сол-ақ па? – деп шәкірті көңілі толмағанын байқатыпты.
– Жоқ. Біткен жоқ. Сол қалтаны үнемі өзіңмен бірге алып жүруің керек. Біреуге ренжіген сайын бір картоптан қосып отырасың, – дейді.

Шәкірті келісімін береді.

Біраз күндер өткен соң, қалтасы картопқа толып, өзімен бірге алып жүруі қиындайды. Алғаш салған картобы шіріп, жағымсыз иісі шыға бастайды. Шыдамай кеткен шәкірті ұстазына келіп:

– Ұстазым! Мына қалта ауыр болып кетті. Әрі қарай шіріген картоптың иісіне шыдау мүмкін емес. Ашуланбаудың басқа жолын үйретіңізші, – депті.

Сонда данышпан шәкіртін бауырына тартып:

– Рас, сенің ол қалтаң ауырлай береді. Мұны саған не үшін істеттім? Біреуге ренжіген сайын ішкі жан дүниеңде де осы құбылыс болады. Жүрегің ауырлап, таза ниетің бұзылып, жаман ойларың санаңды жайлай бастайды. Сен оны әуелі байқамауың мүмкін. Бірақ ісің – әдетке, әдетің – мінезге айналады. Сондықтан ренжіген адамыңды кешіре салу – оны ғана емес, өзіңді де артық жүктен арылтады. Біреуге ренжімес бұрын немесе біреуді ренжітпес бұрын өзіңмен бірге артық жүк арқалап жүру керек пе, керек емес пе, ойлан, – депті ұстазы.

Ұстазының даналығынан сабақ алған шәкірті сол күннен бастап, айналасына кешірімшіл болыпты.

Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.