- Advertisement -

1922 – 2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

30

- Advertisement -

Жалғасы. Басы өткен сандарда.

1943

Газетке осы жылдың ақпан айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің қаулысы бойынша «Социалистік Қазақстан» газетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып істеген Ғайса Сармурзин ( 1904- 1987 ж) бас редактор болып тағайындалды.

1 қаңтар. №1 (970).

Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетовтың «Желбірет, көтер туыңды» өлеңімен ашылған жаңа жылдық нөмірдегі «Жамбылдықтар майдан үшін, жеңіс үшін не істеді?» деген жалпы тақырыппен берілген арнаулы бет сол күндердің тынысын жеткізеді. Қордай ауданындағы «Кеңес» ұжымшарының төрағасы Барманқұлов танк жасау қорына 10 мың сом өткізген. Жамбыл ауданындағы Крупская атындағы ұжымшардың комсомол-жастары Қанат Есеева 7 қой-ешкі, Ырызбай Еспенбетов 5 қой-ешкі, 1 тай, 1 бұзау берген. Аудан бойынша 115 қой-ешкі жиналған.

Газет майданға көмек тақырыбын кейінгі сандарында да кеңінен жазып отырды.

12 қаңтар. №9 (979). Қазақстан К(б) П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцевтың Талас ауданындағы «Ынтымақ» ұжымшарының төрағасы Қаңтарбаевқа алғыс айтқан жеделхаты жарияланды. Ол Қызыл Армияны қолдау қорына 31 мың сом және 300 пұт астық берген.

16 қаңтар. №13 (983). Жамбылдықтар «Жамбыл колхозшысы» танк колоннасын жасауға 18 миллион сомнан астам қаржы жинады. Шу, Луговой, Свердлов, Талас аудандары үлгі етілген.

30 қаңтар. №24 (994)

Шу ауданындағы «Еңбек» ұжымшарының жастарының Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының барлық колхозшыларына арналған, жауды тезірек жеңуге мол үлес қосуға шақырған Хаты шықты. Осы санында газет Шу ауданы «Көктөбе» ұжымшарының төрағасы Асамбек Жұрымбаевтың Бас Қолбасшы И.Сталинге жіберген жеделхатының мәтінін берді. Ұжымшар мүшелері танк колоннасы үшін 60 000 сом беріп, 1200 пұт астық тапсырған. Бұған қоса «Советтік Қазақстан» авиақұрамасы үшін тағы да 45 мың сом қаржы, 60 пұт астық тапсырған. Ал ұжымшар төрағасының жеке өзі 25 мың сом, 102 пұт астық бергені де үлгі етілген.

17 сәуір. №80 (1050).

Бас Қолбасшы И.Ст а линнің Та лас ауданындағы «Кеңестөбе» ұжымшарының төрағасы Байкелді Кейкиевке Қызыл Армияға көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтқан жеделхаты газеттің бірінші бетінде көрнекті етіліп жарияланды. Осындай жеделхатты Талас ауданы Карл Маркс ауылдық кеңесінің төрағасы Жабатай Абдырамбаев пен «Бостандық» ұжымшарының төрағасы Іргебай Түгеловтер де алғаны хабарланды.

22 маусым. №126 (1096).

Майданда шайқасып жүрген Жамбыл МТС-інің бұрынғы тракторшысы Ыбырайым Сүлейменов 239 фашистің көзін жойды. Газет осы хабарды «Жамбылдықтар Отан соғысының майдандарында» деген жалпы тақырыппен берілген бетте елге жеткізді. Қордай ауданының Молотов ұжымшарынан майданға аттанған Дүйсенбай Ыдырысовтың ерліктері, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталғаны туралы мақала берілді.

21 қыркүйек. №192 (1162).

Облыстық қазақ драма театрында Кенен Әзірбаев қала жұртшылығымен жүздесті. Оның өз шығармаларын орындаған концерті аяқталар тұста радио арқылы Қызыл Армияның Донбасты, Сталино қаласын азат еткені жайлы хабар жетті. Ақын сол заматта шаршы жұрт алдында «Қуанышты күн» деген өлеңін суырып салып айтты. Газет осы жайлы хабарды және өлеңнің мәтінін қатар жариялады.

«СТАЛИНДІК ЖОЛ»

(7 қазан, 1944 жыл – 1 қаңтар 1958 жыл)

8 қазан. №200 (1563).

«Аса-Талас каналы құрылысын салу – бүкіл халықтық іс» деген ортақ тақырыппен мақалалар жарияланды. Осы канал құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Арыстан Өтеулиннің мақаласы да бар.

21 қазан. №209 (1572). Облыстық қазақ театрында М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» қойылымының премьерасы өтті. Газет негізгі рөлді Шәріпбай Сәкиев орындайтынын, театрдың осы қойылымға қоса көрермендеріне әзірбайжанның «Аршын мал алан» музыкалық комедиясын, Г.Мұстафиннің «От ішінде», Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермейді» пьесаларын дайындап жатқандықтарын хабарлады. Көркемөнер істері жөніндегі Одақтық Комитеттің қаулысымен театр республикаға қарасты театрдың екінші тобына көшірілгенін, бұл жоғары баға екенін де жазып, оқырмандарын қуантты.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support