Сайлау алдында берілген уәделердің 97 пайызы орындалды

6

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,
«Amanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Жаңғыртудан өткен «Amanat» партиясы бүгінгі таңда жаңаша форматта жұмыс істеуде. Партияның маңызды бағытының бірі – Сайлауда халыққа берген уәделерін орындау. Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша арнайы Жол картасы әзірленген болатын. Соған сәйкес, өткен жылы өңірлік және аумақтық Жол карталарында жоспарланған 914 көрсеткіштің 97 пайызы (888) орындалып, облыстық филиал республикада алғашқы орындардан көрінді.

Атап айтар болсақ, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылған консерві шығару, көкөніс сақтау, сүт өңдеу, темірбетон өнімдерін шығару зауыттары бар 8 кәсіпорын іске қосылды. Денсаулық сақтау саласында, Тараз қаласында 200 орынға арналған облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығы, 150 орынға арналған «Асар» реабилитациялық-сауықтыру кешені, Тараз өңірлік студенттері үшін 516 орынға арналған жатақхана құрылысы жүргізілді.

Бұдан бөлек, 2600 орынға арналған 6 мектеп, 1 балабақша, 1400 орындық 4 спорт кешені, 600 орынға арналған көркем гимнастика мен үстел теннисі спорт орталығы пайдалануға берілді.

Биыл 903 көрсеткішті орындау жоспарланып отыр. Оның ішінде 19 инвестициялық жоба, 33 елді мекенді талшықты-оптикалық интернетпен қамту, 99,75 километрді құрайтын ауылішілік, 112,75 километр аудандық маңыздағы автомобиль жолын жөндеу қаралған. Сонымен бірге 55 ауылдық елді мекенді таза ауыз сумен қамту, 55 ауылды табиғи газға қосу, 6 жаңа мектеп салу, 3 мектепке жапсарлас ғимарат құрылысын жүргізу, 21 мектепті күрделі жөндеуден өткізу белгіленген. Бұдан бөлек, 10 мәдениет үй, 11 спорт орталығы мен 3 медицина нысандарының құрылысын жүргізу, 21 қала көшесі мен 24 ауылдық елді мекенді жарықтандыру, сондай-ақ 460 пәтер беру мәселесі жоспарланған.
Сайлауалдында осындай халыққа берген уәделердің орындалуын бақылау тетігі қалыптастырылды. Оған депутаттар фракциясы, партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестер, белсенді партия мүшелері енген. Өткен жылы осы бағытта 80 фракция отырысы, 108 қоғамдық кеңестер отырысы өткен болатын.
Бүгінгі таңда партия филиалдарындағы қоғамдық кеңестер халықтың өзекті мәселелерін талқылайтын тиімді алаңға айналды. Қазір партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы жаңа сипатта жүргізіліп келеді. Олардың саны ықшамдалып, сапалық құрамы жаңартылды. Жол карталарындағы әрбір тәуекелді көрсеткіш салалар бойынша кеңестердің назарында болады.

Кеңес жұмыстарында қоғамдағы түрлі түйткілді, резонансты мәселелерге жедел көңіл аудару, ашықтық пен кері байланысты жетілдіріп, азаматтық қоғамға өткір, проблемаларды талқылауға арналған сараптамалық және диалогтық алаң қызметін ұсынады.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы проактивті форматқа ауысты. Наурыз айынан бастап облыстық филиалдың ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Мойынқұм аудандарының шалғай елді мекендерінде көшпелі мобильді қоғамдық қабылдаулар өтті. Қабылдау барысында 300-ден астам тұрғынның өтініш-тілектері тыңдалып, партиялық бақылауға алынды.

Партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімі бойынша 2021 жылғы қыркүйек айынан бастап барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рейтингі іске қосылды.
Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІ съезінде мәслихат депутаттарының жария рейтингін енгізу маңыздылығына баса назар аударды. Республика бойынша барлық аймақтарда мәслихат депутаттары ақпараттық жүйеге материалын енгізіп, бүгінгі таңда соның алдын ала қорытындылары шығарылды.

Ақпараттық жүйеде облыстардан 17 модератор жұмыс істейді. Аталған жүйеде депутаттардың өздерімен жүктелген материалдары автоматты түрде жүйемен бағаланып, тиісті ұпайлары қойылады. Депутаттардың алған ұпайлары негізінде рейтингтері қалыптасады. Мамыр айында «Депутаттар рейтингі интернет платформасы» ақпараттық жүйесі көпшілікке қолжетімді болады. Яғни сайлауда дауыс берген тұрғындар жүйеге кіріп депутаттың атқарған жұмысымен танысып және басқа аумақтар мен өңірлердің депутаттарымен салыстыру мүмкіндігіне ие болады.

Жаңа Қазақстанды құру жолында мәслихат депутаттарына артылар жауапкершілік те зор. Қазіргі таңда облыс бойынша партиялық кадрлық резервте 200-ге жуық азамат депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген. Осы негізде, облыстық Саяси кеңес Бюросы рейтингі төмен депутаттардың мандаттарын кері қайтару туралы ұсыныс жасайтын болады.

Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра», «Жастар – Отанға», «Халыққа көмек» жобалары тұрақты іске асырылуда. Партияның бағдарламалық құжаттары өзектендіріліп, жаңа жобалар іске қосылуда.

Бүгінгі партия алаңдарында Партияның Саяси Тұғырнамасы, 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты», 2025 жылға дейінгі партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламаларының жаңа жобалары талқылануда. Сондай-ақ халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеуге бағдарланған «ТазаЛайк», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» жобалары қолға алынатын болады.

 

Comments are closed.