- Advertisement -

Барлық жұмыс жіті бақылауда

10

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Жұмыс сапарын аудан тұрғындарымен кездесуден бастаған аймақ басшысы халық көкейінде жүрген әлеуметтік мәнге ие түйткілді мәселелерге назар аударды.

Аудан тұрғындары аймақта орталық аурухананың жай-күйінің сапасы сын көтермейтіндігін, кәріз жүйесі мен инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде дамымағандығын айтты. Ал, Аса ауылының тұрғыны Гүлсім Саурықова ауданда кәмелеттік жастан асқан әлеуметтік осал топ мүшелеріне жеткілікті түрде жағдай жасалмайтындығын жеткізді. Екі мүмкіндігі шектеулі жанның күтушісі атанып отырған тұрғынның айтуынша, 18 жастан асқан ерекше жандар аймақта мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмай келеді.

– Аудан орталығында бүгінде ерекше жандарға тек кәмелетке толғанша ғана қолдау көрсетіледі. Өйткені, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық жоқ. Олардың күтушілеріне де тек 18 жасқа толғанша ғана өтемақы төленетінін ескерсек, осы жастан асқан соң ерекше жандар қоғамға керексіз болып қалып жатады. Сондықтан ерекше жандардың қарым-қабілетін ескере отырып, оларға арнайы орталық қарастырылса,– деді ауыл тұрғыны Гүлсім Саурықова.

Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында облыс басшысы аймақтың әлеуметтік саласында қордаланған мәселелердің жіті бақылауда екендігін жеткізіп, шынайы пікір мен ашық ой айтқан тұрғындарға алғысын білдірді. Сонымен бірге Ербол Қарашөкеев бірқатар жауапты тұлғаларға арнайы тапсырмалар беріп, шешімін таппаған түйткілді түйіндердің оңтайлы реттелуін назарға алатындығын жеткізді.

– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру ісі қашанда бірінші кезекте тұру керек. Аудан басшылығы мен әр салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары тұрғындар көтерген мәселелерге жіті назар аударып, мәселенің басы-қасынан табылуы тиіс. Бұл бағытта Жамбыл ауданында қадр тапшылығын жою мақсатында жастарды жұмыспен қамту ісіне баса назар аударып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын тиімді жүзеге асыра білу маңызды. Сондай-ақ, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, ауданға инвестиция тарту, «Ауыл аманаты» жобасының өзгерістері бойынша түсіндірме жұмыстарын жеделдетіп жолға қою қажет. Құрылысы басталып кеткен спорт нысандары салынып біткенше, мектеп стадиондары мен алаңшаларын, кешкі уақыттарда халыққа пайдалануға беруді қарастырған жөн. Аталған тапсырмалардың орындалу барысын өз бақылауыма алып, алдағы уақытта аудан орталықтарын бейресми түрде аралап, жеке тексеретін боламын, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі жұмыс сапары барысында аудан жастары мен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы Жамбыл ауданының облыс орталығына ең жақын әрі халық тығыз орналасқан аймақ екенін айтып, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру, инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша үлкен потенциалға ие екендігін айтып өтті.

– Биыл өңірде өздеріңізге белгілі, ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта көктемгі дала жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру, шаруаларды сапалы тұқым мен жанар-жағармаймен, жаңа техникамен қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды екені белгілі. Осы мақсатта аудан басшыларына жалған статистикадан арылып, нақты көрсеткішпен жұмыс істеу керектігі жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, жақында ғана облысымызда Түркі мемлекеттері ұйымының ауыл шаруашылығы форумы өткен болатын. Бұл облысымыздың осы бағытта дамуы жолында мол мүмкіндіктерге жол ашып, тың серпін берері анық, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, облыс басшысы жиында жастарды тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық көлемін азайту мен өз кәсіптерін ашу бойынша аудан көлемінде жұмыстарды жандандыру керектігін атап өтіп, көптің көкейінде жүрген «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы қайта жүзеге асырылатындығын жеткізді.

– Мен үнемі бүгінде өңірлер арасындағы бәсекелестіктің ең үлкені жастар үшін болатындығын айтып келемін. Шынында, жастарды облысымызда тұрақты жұмыспен, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп, олардың қарым-қабілетін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына пайдалана білу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Бұл тұрғыда, әсіресе, олардың тұрғын үй мәселесін оңтайландыру маңызды. Осы бағытта былтыр 140 жастың баспаналы болуына себепкер болған «Әулиеата жастары» бағдарламасы қайта іске асатындығын жеткізгім келеді. Қазіргі таңда «Отбасы банкімен» тараптар арасындағы келіссөздер аяқталып, бюджеттік өтінім қарастырылуда, – деді Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде.

Бұдан бөлек, кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жастарды қолдау ісі алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін жеткізіп, халықтың ең басты проблемасына айналған аудандық орталық аурухананың жай-күйімен танысты.

2004 жылы халық игілігіне берілген 115 стационарлық төсек сыйымдылығын құрайтын аурухананың бүгінде әбден тозығы жеткен. Бұл жайында облыс әкіміне де тұрғындар талай мәрте шағымданып, жеке қабылдауында болған. Құрамы 202 маманды құрайтын мекемеде невропатолог, онколог пен УДЗ дәрігері тапшылығы бар. Сол себепті тұрғындар үнемі жаңа аурухана салу немесе аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтып келеді. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, мекемені күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаралып, сәуір айының соңында сараптамалық экспертиза нәтижесіне сай жұмыстар басталады деп күтілуде. Мән-жайға қанық болған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жөндеу жұмыстарын бекітілген мерзімнен кешіктірмей атқару қажеттігі туралы арнайы тапсырма берді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-де болып, Аса теміржол станциясы арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысымен танысты.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support