- Advertisement -

«Aq jol туралы айтылған ақ тілектер

95

- Advertisement -

Дінмұхамед ҚОНАЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:

«Шыншыл жарияланымдары үшін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне және оның редакторы А.Бекбосынұлына ризалығымды мен өзімнің «Заманым туралы» атты кітабымда білдіргенмін. Енді мынадай мерейтой үстінде «Ақ жолға», оның мың-сан оқырмандарына, Жамбылдың жалпы ел-жұртына амандық-саулық, береке, ынтымақ, ақ жол тілеймін. Халықтың сүйікті басылымы қазіргі күрделі кезеңде де әрдайым халықпен бірге болғай».

(1 мамыр, 1992 жыл).

Шерхан МҰРТАЗА,
Қазақстанның Халық жазушысы:

«Ақ жолды» республикадағы ең бір айбынды, халыққа қадірлі газеттердің бірі деп білеміз. Лайым сол абырой аласармасын, қаламгерлерін де, оқырмандарын да қасиетті ата-бабаларымыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін».

(1 мамыр, 1992 жыл).

Темірбек ҚОЖАКЕЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Бала жасымнан облыстық газетті үзбей оқып келе жатқан адаммын, жарылып айтарым – соңғы жылдары «Ақ жолдың» беделі аспандап өсті. Туған жерімнің бірден бір бетке ұстар басылымының ұзақ жолының соңына қарай екпінін үдетіп, аршындай түсуі үлкен қуанышқа бөлейді. Нарықтық қатынастардың қыспағы кезінде газет таралымының кемімеуі – оқырмандардың оған деген ыстық ықыласы. Сол ықылас суымасын. Мен бұл жайлы жуырда жарық көрген «Жыл құстары» деген кітабымда да егжей-тегжейлі жазған едім. Ұжым мүшелеріне шығармашылық табыс, баянды бақыт тілеймін».

(1 мамыр, 1992 жыл).

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«Ақша десе әкесін де, арын да аттап жүре беретіндердің заманында «Ақ жол» халқымыздың ұғымындағы ақылгөй ақсақалдай, қара қылды қақ жарар өзінің адалдық сапарын тоқтатпаған. Қара қылды қақ жаратындар – адалдар. Ал адалдық ылғи үлде мен бүлдеге оранып, биліктегілердің қолына
су құйып күн кешпейді. Керісінше, сүйкімсіздеу, бірде жетіп, бірде жетпейтін ғұмыр кешеді. «Ақ жолдың» әріп терушісінен бастап, белді журналистерінің баршасына халықтың ықыласы, тілеулестігі қуат берсін».

(1 мамыр, 1992 жыл).

Асанбай АСҚАРОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:

«Ақпарат құралдарында қаншама әңгіме қозғады дегенде мына жайды ерекше атап айтқан мақұл ғой деп ойлаймын. Ел арасында менің тағдырыма жаны ашыған, қабырғасы қайысқан сөздер көп болғанымен, сол ортада құмығып, кең көлемде қанат жайып кете алмай жатқаны да аңғарылатын. Осындай көпшілік іштей күйзеліп, дағдарып, тығырыққа тірелгендей қамыққан шақта Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті (редакторы А.Бекбосынұлы) оқырмандарының өтініші бойынша «А.Асқаровтың ісі» сот жүріп жатыр» деген мақала жариялап, тұңғыш рет ресми тұрғыда сөз бастап, арашаға ұмтылған еді. Бұған дейін орталықтың ақпарат құралдары оқта-текте теріс пиғылдағы, көрінеу
қоғамдық қайшы пікір туғызу мақсатындағы жазбаларды ғана жариялап, күйзелтіп жатқанда мынандай жаны ашыған сөздің шығуы үлкен адамгершіліктің, батылдықтың, шын жариялылықтың туындай боп желбірей жөнелген. Ата-бабамыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой, мен осы уақытқа дейін газет редакторы А.Бекбосынұлына, мақала авторы Ж.Сәтібековке, осы облыс үнінің жалпы ұжымына үлкен ризашалық үстіндемін».

(1992 жыл).

Өмірбек БАЙГЕЛДИ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:

«Ұрпақтар сабақтастығына, халық мұратына негізделген шығармашылық үрдіс қазір де жалғасын табуда. Осы газет редакциясында ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері еңбек етіп, қоғамдағы саяси, рухани және мәдени ахуалға үлкен ықпалын тигізді. Олар салған сара жолды бүгінде сіздер абыроймен жалғастырып келесіздер. «Ақ жолдың» әр кезеңдердегі сандарында жарияланған материалдар да тәуелсіз мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы жайындағы дүниелердің дені пайым-парасатқа, талдаусарапқа орнықты тұжырымдарға құрылып, көпшілік көңілінен шығып отырғандығы шындық. Облыс жұртшылығының үні іспетті «Ақ жол» газетін әрқашанда сүйіп оқитын әрі рухани сусындайтын оқырмандар қатарында мен де бармын. Бала кезде қолға алған газетпен бірге есейдім, әлі де ажыраған емеспін. Сіздердің қаламгерлік қызметтеріңіз ел бірлігіне, тәуелсіз Қазақстанның Туын биік көтеруге, замана шындығын жазуға, демократиялық үрдістерді дамытуға жұмсала береді деп сенемін».

(1 мамыр, 1992 жыл)

Намазалы ОМАШЕВ,
профессор, филология ғылымдарының докторы:

«Aq jol»-дың тағдыры бөлек, өзге облыстық басылымдарға қарағанда тарихы терең. Олай дейтініміз ол әу бастан «Қазақ» газетінің ізін жалғады. Алаш мұратына сәйкес қазақ халқын көркейту, білім беру, мәдениетті көтеру жолында тер төкті. Кеңес үкіметінің мүмкіндіктерін ұлт мүмкіндіктеріне бағындыруды көздеді. Ұлт жоғын кейде астыртын, тұспалдап, кейде ашық көрсетумен болды. Сөзімнің тоқетері «Aq jol» – қазақ баспасөз тарихында ұлттық басылым болып қала береді.

(2022 жыл, сәуір)

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support