- Advertisement -

«Айналайын» деген сөзін аямайтын

38

- Advertisement -

Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп қолға диплом алған шақтың жөні бір бөлек. Өмірге жолдама алып, журналист деп аталатын мамандықтың тізгінін ұстап, жаман жазбауға үйреткен тәлімгер ұстаздардың, бүкіл қаламдастар үмітін ақтауға бел буғаным күні кеше сияқты. Ақпарат кеңістігінде қоғамның тамыршысы екендігіңді қалам қайратымен дәлелдеп, баспасөз деп аталатын құдіретті құралдың жауынгері болу мақсаты алдағы күндеріме асықтырды.

Курстастарым Қазақстанның әр түкпіріне аттанғанда мен Талдықорғанға жол тарттым. Университет жолдамасымен Кербұлақ аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінде журна листік қабілетімді шыңдадым. Газет редакторы Шұғай Өсіпов ағамыздың шұғыл тапсырмаларын орындап, ой мен қырға шапқылап, қаламның тізгінін босатып, бұрқыратып мақала жазып, Кербұлақтың жұлдызын жарқыратуға азды-көпті үлес қосқан секілдімін.

Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде өндірістік тәжірибеден өткен кездерімде Ахмет Қазыбаев ағамның көмегі аз болмады. Ол ағамның шапағатын бір кісідей көрдім. Ақыл-кеңесін былай қойғанда жүрегінің жылуын беріп, асқан мейірімділік танытты. Демек жаман студент болмаған сияқтымын. Тәжірибе барысында басылымның барлық талабынан шыққан сияқтымын. Жазған дүниелерім үлкен жүректі ағаларымның көңілінен шыққан тәрізді.

Кербұлақ жұлдызын жарқыратып жүрген күндердің бірінде Ахмет ағам маған телефон соқты. Облыстық газетте бір орынның босағанын айтты. Осында келіп жұмыс істеуге қалай қарайтынымды сұрады. «Баттал ағам ала қояр ма, жоқ па?» дегенімде, «Алады, алмаса да мен алдырамын» деп сенімді сөйледі. Мен жұмыстан шығудың жолын тауып, жарты жылдай жұмыс істеген редакцияға, оның басшысы Шұғай ағама рақметімді айтып, Жамбылға келдім. Ахмет ағам сөзінде тұрды. Баттал ағам оны тыңдады. Бұл 1978 жыл болатын. Ақ жарқын, ақ жүректі Ахмет аға тек маған ғана емес, Мұс а Рахманбердиев пен Доқтырхан Тұрлыбековті ауылда жүрген жерлерінен алдырып, облыстық басылымның табалдырығынан аттатқан еді. Адам танитын қасиеті орасан зор еді, адамдарға жақсылық жасаудан жалықпайтын еді. Аталған жігіттердің екеуі де елімізге танылып, қабырғалы қаламгерлер қатарынан көрінді. Газет редакторы мені Ахмет аға Қазыбаев басқаратын «Совет құрылысы» бөліміне жіберді. Осы бөлімде бірнеше ай жұмыс істедім. Асыл ағамның маған артқан үлкен сенімінен шығу үшін тер төктім. Университетте білім берген ұст аздарым мен облыстық газеттегі ұстаздарымды ұятқа қалдырмай, таңдаулы шәкірті болуға тастүйін бекіндім. Ахмет ағамыз өзінің еңбек жолын 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі болып бастаған. 1955 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Aq jol») газетінің шақыруымен туған жеріне оралып, қызметін жалғастырды. Оның арасында 1961-1963 жылдары Шу аудандық «Шу өңірі» газетіне басшылық етті. Қалған ғұмыры тұтастай осы «Ақ жолдың» қабырғасында өтті. Ахаңның қаламгерлік қарымы мен ұйымдастырушылық қабілеті газеттің өнеркәсіп және транспорт, партия тұрмысы бөлімдерін басқарған кезінде кеңінен танылды. Облыстық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы, жаңа құрылыстар с а лудың барысы, көлік пен байланыс салаларын дамытудың жай-күйі басылым беттерінде жүйелі жазылды. Өзінің кәсіби біліктілікпен жазылған, өзекті мәселелерді қозғаған мақалаларымен де оқырмандарының назарына ілігіп жүрді. Кешегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласының өсіп-өркендеуіне, оның сәулеттене түсуіне қалам қуатымен үлес қосқан А.Қазыбайұлына «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Кеңе с Рахметуллаев ағамыздан кейін секретариат тізгінін Ахмет аға қабылдап алды. Ұзақ уақыт жауапты хатшы болып, зейнетке шықты. Баспасөз саласында атқарған қызметі лайықты бағаланып, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», тағы басқа медальдармен марапатталды.

Өмірде сыйлас болған адамдардың баршасына Ахаңның әрдайым иманы мен мейірімі төгіліп тұратын жылы жүзін көру бақыты бұйырған еді. Әрдайым тілеулес, жанашыр лебізін естіп, марқайып қалатын едік. «Айналайын» деген сөзін біз секілді артынан ерген іні-қарындастарына айтып, ақ тілегін жаудырып отыратын. Жомарт жүрегінің лүпілін сезініп, асқан қамқорлығының нышандарын көріп өстік. Күллі ғұмырында тек қана ізгілікпен күн кешкен, Жаратқаным жақсылықпен жаратып, жақсылықпен өмір сүруді бұйырған, өзінің Құдай берген қабілетін журналистика саласына арнаған Ахаңның бар болмыс-бітімі адам қызығарлықтай еді. Жиырма жылға жуық осы «Ақ жолда» өткен аяулы да жарқын жылдарымда мен осы кісіні етене танып, етене жақын тартқанымнан білемін десем артық айтқандық болмас.

Абзал ағамның демеуі мен сүйеуінің арқасында мен де арқаланып, шабыттанып, еселене еңбек еттім. Өмірдің бәйге сінде артта қалып қоймай топ жарып, топтан озуға талпынып, өзімді қамшылаумен болдым. Сонау Кербұлақтан шақыртып алған ардақты ағамның атына кір келтірмей, абыройын асқақтатып, беделін көтеріп, «Мынау менің шәкіртім» деп мақтана алатындай дәрежеге жеткізу керектігін жан дүниеммен түсіндім. Түсіндім де ақ қағаз бетінде жорғалаған қаламды қолдан түсірмей, ел жүрегіне жететін әрі жағатын дүниелер тудыруға шабыттана кірістім. Бұл талпынысым табыссыз болмаған секілді. Қатардағы тілшіден жауапты хатшының орынбасарлығына дейін көтерілдім.

Ағалардың аялы алақанын сезініп, ыстық ықыласына бөленген шақт ар әсте ұмытылмақ емес.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support