- Advertisement -

Хат жаздым аға, сізге, құлағың сал…

307

- Advertisement -

Қазіргі бейбіт өмір кешуімізге үлесін қосқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері ержүрек, батыл ағаларымыз, аталарымыз бен әжелеріміз аз емес. Осындай соғыс ардагерлерінің бірі – ел аузында өзінің ақыл-парасатымен есте қалған, өмірден озғанымен өсиеті қалған абзал жан, есімі таластықтарға тегіс мәлім Тұрар Қуанышбеков.

Тұрар Қуанышбекұлы біздің әулетке аталас туыс болып келеді. Есімізді білгелі аудан орталығы – Ақкөл ауылында тұратын. Ол кісінің еңбектері мен ерліктері қарапайым тұрғындар арасында жыр болып айтылатын.

Соғыс демекші… Сол бір ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен сұрапыл жылдар кімдерге жеңіл болды дейсің. Бір атадан жалғыз Тұрар көкеміз майданда екен. Бір аяғы қара санынан кесілген, жарымжан, ақын Несіпбай көкем ауылда. Екеуінде де – арман. Бірі «Сәт сайын ажал оғын сепкен қан майданнан елге аман жету мүмкін бе екен», деп армандаса, екіншісі «Неге жарымжан күйдемін. Менің қатарластарым майданда батырларша алысып, Отанын қорғап жүр. Солардың қатарында неге болмадым? Аяғым бүтін болса қолыма қару алып, солардың қатарында жүрмес пе едім», деп армандайды.

Сөйтіп жүргенде Тұрар көкемізден ауылға, Несіпбай көкеме өлеңмен жазылған хат келеді. Несіпбай көкем ол хатты әкесі Досалы, анасы Түйметай бастаған ауыл адамдарына көзінен жасы сорғалап отырып оқып береді. Әлгі өлеңмен жазылған хатта:

Хат жаздым аға, сізге, құлағың сал,

Көріскен хат арқылы қолымды ал.

Жасымнан әке-шешем бірдей өлді,

Тілектес сізден жақын маған кім бар?

 

Құдайым әкем менен шешемді алды,

Артында аға, іні, бауыр қалды.

Көп көріп Құдай оны маған қимай,

Ағаны, ініменен тағы да алды

 

Тұрыңдар тілектес боп түбін тоса,

Ер болмас өмір мәнін ұғынбаса.

Бұйырып туған жердің дәмі-тұзы,

Бір Алла әжеп емес басты қосса, — деп жазылыпты. Біз аз ғана шумағын ықшамдап алып отырмыз. Ол хат өте ұзақ жазылған. Ал осы өлеңге Несіпбай Досалыұлы да өлеңмен жауап хат жазған. Сол хаттың қысқаша үзіндісі төмендегіше:

Аман ба айналайын, қалқам,

Тұрар, Осы бір сәлемімді қош көріп ал.

Ел қорғап сен де жүрсің қан майданда,

Жар болсын Жаратушы пәруардігар.

 

Қарағым, хатыңды алдық күзде салған,

Оқысақ өлең екен бізге салған.

Бізді де медеу тұтты шамасы деп,

Ойланып әрдемені қылдық арман.

Жанына аманшылық бере гөр деп,

Сұрадық саулығыңды бір Құдайдан

 

Майданда жүрсің інім мерген болып,

Жаудан да жасқанбайсың төнген келіп.

Отанға оралыңдар аман-есен,

Сазайын фашист жаудың қолмен беріп, – деп толғана жазылған ұзақ өлең. Бұл өлең хаттардың толық нұсқасы бізде бар. Бұл мақалада бәрін айтып өту мүмкін емес. Біз үзінді келтірген осы жолдардан-ақ сұрапыл майдан күндерінің қандай қасіретті, ауыр болғанын көруге болады.

Көптің тілегі қабыл болып Тұрар көкем ауылға аман-есен оралады. Әрине, майданға аттанған әрбір үш азаматтың біреуі ғана оралып жатты. Тіпті кейбір отбасылардан 3-4 азамат майданға алынып, барлығынан да «қара қағаз» келген жағдайлар да кездескен. Сұрапыл соғыс кімді аясын, кімді есіркесін. Бірақ Алла тілеуін беріп Тұрар көкем аман қайтты. Ол кездегі мейірім өте күшті. Тұрекеңнің аман-сау келгеніне барша ауыл қуанған. Несіпбай көкем екеуі ауыл-ауылдарды аралап, үлкен қарияларға сәлем беріп, амандасып шығады. Қасіретті жылдардың артынан осындай шуақты күндер де келген.

Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Тұрар көкеміз 1-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен 2 рет, «Ерлігі үшін», «Будапештті азат еткені үшін», «Белградты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған. Сондай-ақ Бас қолбасшылық берген бірнеше грамотасы да ұрпақтары үшін мақтаныш. 1947 жылдың ақпан айында аудандық №2186-шы жинақ банкінің бастығы қызметіне бекітіліп, бұл қызметті 1956 жылға дейін абыроймен атқарған. 1948 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Қаржы министрлігінің Орталық жинақ касса (Сбербанк) менгерушілерінің 6 айлық курсын, одан кейін 1955 жылы Алматы финанс-кредит техникумын, 1960 жылы Жамбыл зооветеринарлық техникумын бітіріп, тиісінше қаржыгер, зоотехник мамандықтарын алып шыққан.

1956 жылдан бастап «Кеңес», «Тамды» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы, «Ильич», «Ақкөл» кеңшарларында кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық №2186-шы жинақ касс аның (Сбербанк) бастығы, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметтерін ұзақ жыл атқарды. Дүниеден озғанынша еңбек етіп, аудан өмірінің небір қиын кезеңіне куә болған. Сонау 1960 жылдардағы Талас, Сарысу аудандарының бірігіп, кейіннен қайта бөліну жылдарына, жаңа кеңшарлардың құрылуына куә болған. Небір аудан, совхоз, шаруашылық, аудандық мекемелерді басқарған азаматтармен сыйлас, жора-жолдас болды. Әр жылдарда ауданда басшы қызметтерде болған Ә.Досыбаев, А.Ақбозов, Ә.Жүргенов, Р.Асадуллин, Р.Ерс ейтов, Н.Кемелбеков, Ә.Сатыба лдин, Т.Қарт абаев, Е.Дадабаев, Қ.Шилібеков, Т.Сейдуанов, кеңшар директорлары Ә.Тәжімбетов, Ә.Сағынт аев, С.Әбдиев, К.Үрстенов, Б.Исабеков, Б.Тәттібаев, Д.Дүйсенбин, мекеме басшылары С.Қа лмұратов, А.Райымбеков, Т.Бейжанов, С.Көлбаев, К.Жұманқұлов, Ш.Көшербаев т.б. көптеген ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ер азаматтармен сыйластықта, аға-інілік қарым-қатынаста болған. Осы азаматтармен бірге тізе қосып, ауданның гүлденуі жолында тер төкті.

Тұрекең ақсақал асыл жары Сәндіба ла Әбдірайымқызы екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Сәндібала апамыз да өсіп-өнген үлкен әулеттің қызы екен. Ағайынды Әбдірайым, Әбдірасіл, Рәсіл, Ермек Егізбаевтардан тараған ұрпақ бүгінгі күнде бір қауым ел болса, Тұрар көкемізден тараған немере-шөберелер де ормандай көктеп, үлкен ауылға айналды. Тұрар Қуанышбекұлы 1990 жылы өзінің ерекше мерекесі 9 мамыр – Жеңіс күні, 68 жасында өмірден озды. Ал жары Сәндібала Әбдірайымқызы 2001 жылы 69 жасында бақилық болды. Көзі тірі болғанда майдангер, еңбек ардагері Тұрар Қуанышбеков 100 жасқа, асыл жары Сәндібала апа 90 жасқа толар еді. Тұрар атаның перзенттері де қызметке ерте араласып, қоғамға адал еңбектерін сіңірді. Шарапаты ұлағатты ұстаз болса, Қолқанаты есеп саласының үздігі атанды. Қасқарауы кеңшарларда партия комитетінің хатшысы болса, Әбиірбегі Жуалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Әбілек, Аудан, Қайрат, Ләззат, Талғаттар да өз ісінің нағыз шеберлері. Ал немерелердің көпшілігі жоғары білімді, жақсы қызметтер атқарып жүр. «Әкеміз бен анамыз қарапайым, көпшіл, қонақжай кісілер болған. Ол кісілердің көмегін, қамқорлығын көрген адамдар көп болған. Олар қазірде сағынышпен еске алып отырады», дейді перзенті Әбілек Тұрарұлы.

Елден ерек белгілі еді кеңдігің,
Қайыспастан көтергенсің ер жүгін.
Қан майданда қан кешіп ең ел қорғаған,
Дәл өзіңдей ердікі еді төр бүгін.

Елім деген ер ұлының бірі едің,
Соғыста да, еңбекте де ірі едің.
Ұрпағың бар, немерең бар, шөберең,
Дәл өзіңдей туған елін сүйетін,
Әруағына дұға етіп жүретін, – деп ұрпақтары атынан жазылған жыр шумақтарымен мақаланы аяқтағымыз келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болса керек.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support