Біз үшін жобаның сапасы маңызды

13

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Тараз қаласындағы кәріз жүйелерін тазарту мәселесі қаралды. Аймақ басшысы аталған мәселенің өзектілігін, бұл туралы бір апта бұрын өткен жиында жан-жақты қаралғанын, сол кезде берілген тапсырманың орындалу барысын сұрады.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, жоба бойынша екі ұсыныс қаралған. Біріншісі, Тараз қаласы үшін заманауи кәріздік тазарту имаратын салуда уақытты тиімді пайдалану үшін 2019 жылы әзірленген техникалық-экономикалық негіздемесін жаңартып, сараптамадан өткізу шығындарын демеушілер есебінен қарастыру ұсынылуда. Екіншісі – техникалық-экономикалық негіздемені жаңадан әзірлеуге облыстық бюджет есебінен қаржы бөліп, тез арада жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыру.

Бұл үлкен жоба. Мұнда асығыс шешім қабылдауға болмайды, алдын ала жоспарлап, жан-жақты зерделеп алып іске кіріскен дұрыс. Ең бастысы, жасалған жұмыстың игілігін ел көретіндей болуы тиіс. Біз үшін жүзеге асырылған жобаның сапасы маңызды. Осы жағдайлар техникалық шешімдер қабылдауда керек болады, – дей келіп Нұржан Молдиярұлы өзінің тиісті орынбасары мен өзге де жауаптыларға ұсыныстар бойынша жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Жобаға қызығушылық танытқан «Hasanat Group» ЖШС директоры Нұрлан Иманқұлов пен «Ақ Қамыс» ЖШС директоры Аян Темірәлі өз ұсыныстарын айтып, жобаға инвестиция салуға дайын екендерін жеткізді. Одан өзге де жоспарларымен бөлісті.

Облыс әкімі компания өкілдерімен қатар «Жамбыл Су», «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшыларының да пікірін тыңдады.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов нысандағы қазіргі жағдай бойынша қандай шешімдер қабылданып жатқанын сұрады. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС қорытындысын негізге алып және сүзгі алқабында қалдық сулардың шектен тыс көбеюіне байланысты апаттық жағдайдың орын алуы ескеріліп, төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдау мәселесі қаралуда екенін атап өтті.

Бейне байланысқа қосылған Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы осы қалдық су бойынша аудан тұрғындарынан көп арыз-шағым түсіп жатқанын жеткізді.

Бүгінде орын алып отырған экологиялық апаттың алдын алу мақсатында қосымша карталар салуға Жамбыл ауданынан 20 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда механикалық отряд мекемесі тарапынан имараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы кеңес қорытындысында тиісті жұмыстарды тезірек бастау керек екенін айтып, жауапты орынбасары мен басқарма және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.