- Advertisement -

Ата-ана баласын неге ақылы қосымша сабақтарға беруге мәжбүр?

43

- Advertisement -

Елімізге белгілі әзілкеш актер Туканың (Нұржан Төлендиев) «Алдараспан» әзіл-ысқақ театрының кезекті бір көрсетілімінде зілдей сөмкесін белін қайыстырып әзер арқалаған бастауыш сынып оқушысының образын сомдап, сабақтың қиындығынан қажыған баланың «Мен өзі университетте оқимын ба, мектепте оқимын ба» деп жыларман кейіпте әзілдейтіні естеріңізде шығар. Бұл көріністің көрерменге жеңіл күлкі сыйлағанымен, астарында ауыр зіл жатқаны анық. 

Еліміздің білім берудің жаңартылған мазмұндағы жүйесіне көшкеніне біршама уақыт болды. Оның қиындығы, кейде оқулықтарда балалардың ойына салмақ түсіретін қисынсыз тапсырмалардың жүретіні жайлы талай мәрте жазылып, айтылып келеді. Жаңартылған бағдарламаны балалардың барлығы дерлік тез игеріп кетіп жүр деп те айта алмаймыз.

Сыныпта берілетін небәрі 45 минутта ол мүмкін де емес. Мұғалім оқушыларға тек бағыт беріп жібереді де, негізгі күш баланың өзі мен ата-анаға түсетіні рас. Үйде баланың сабағын қадағалауға да көпшілік ата-ананың қолы тие бермейді. Уақыт тапқан күннің өзінде де бірқатары қазіргі білім беру жүйесінің жаңа бағдарламасын онша түсініңкіремейтінін жоққа шығармайды. Сөйтеді де сабақтан тыс уақытта баласын үлгермеген пәндері бойынша қосымша оқу орталықтары мен жекеменшік білім мекемелеріне тасып немесе жеке репетиторлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Бұрын бастауыш сыныпта дәріс беретін апайларымыз сабақ үлгерімі нашар баланы «мектепте алып қалам» деп қорқытса, қазір үйге ерте қайтқан баладан қорқатын болдық. Бірде ұлым оқитын «3 Д сыныбы» деген ватсап желісіндегі ортақ чатқа, сынып жетекшісінен үй тапсырмасын орындамай келген балаларды бұрышқа тұрғызып қойған фото келді. Осындай «жазалау» бұрышына баласы екінші мәрте іліккен бір ананың сонда ұяла отырып: «Үйде оқытып-ақ жатырмыз. Өзім кейбір тапсырмасын түсінбей қалатын болғандықтан, үлкен әпкесі көмектеседі, енді не істейтінімді білмеймін бұл баланы, репетитор жалдаймыз ба» деп қынжыла жауап бергені есте. Жалпы мұндай көрініс бүгінде барлық отбасына ортақ жағдай екені анық. Бұл тұрғыда қай-қайсымыз болсын бірінші кезекте білім беру жүйесін кінәлаймыз. Бәлкім, бір сәт балаға да уақыт беріп, ойлануына мүмкіндік жасау да керек шығар.

Жуырда еліміздің Білім және ғылым вице министрі Шолпан Қаринова журналистерге берген сұхбатында балаларды сабақтан тыс уақытта қосымша білім беру орталықтарына оқыту турасында мынадай пікір білдіріпті. «Бұл мәселені тікелей білім жүйесінің әлсіздігі деуге болмайды. Сабақтан тыс қосымша оқу орталықтарына немесе репетитордың қызметіне жүгінетіндердің басым көпшілігі бастауыш сынып оқушылары және 10-11-сынып оқушылары. Бастауыш сыныптағы оқушылар білім алуда ересектердің көмегіне сүйенеді. Ата-аналардың баланың сабағын үнемі бақылауға мүмкіндігі болмағандықтан және кейбір пәндерден бағдарламаны түсінбегендіктен қосымша оқытушыға жүгінуі мүмкін. Ал 10-11-сынып оқушылары ЖОО-на түсуге дайындықты күшейту үшін қосымша оқу орындарына барады», – дейді Шолпан Қаринова.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 2021-2022 оқу жылында облыстағы 444 мектепте (оның ішінде: 50 – бастауыш, 33 – негізгі, 36 – орта мектеп) 238 713 оқушы оқиды екен. Соның ішінде 123 шағын жинақталған мектепте 11031 оқушы, 27 жекеменшік мектепте 6391 оқушы (11 – қазақ тілді, 2 – орыс тілді, 14 – екі тілде) білім алуда. Тереңдетіп білім берумен қатар балаларды сабақтан тыс уақытта түрлі өнерге баулып, тәрбиесін шыңдайтын мектептен тыс мекемелер де жұмыс істейді.

Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Гүлзира Лесбайқызының айтуынша, облыстың 76 мектептен тыс мекемелерінде қосымша білім берумен 67796 бала қамтылған. Оның ішінде музыка мектептері – 10, балалар көркемөнер мектептері – 2, өнер мектептері – 15, техникалық шығармашылық орталықтары – 6, экологиялық – 2, Аула клубтары – 8, туризм орталықтары –2, балалар-жасөспірімдер орталықтары – 20. Бұдан бөлек, облыстағы 36 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 25126 бала түрлі спорт секцияларымен қамтылған. Жалпы білім беретін мектептерде 132044 оқушы өз қызығушылықтары бойынша үйірмелердің әр түрімен шұғылданады. Биылғы 2021-2022 оқу жылында облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрлерімен қамтылған оқушылардың үлесі 83,7 пайызды құрайды.

– Мектептен тыс мекемелердің облыста тәрбие беру саласында атқарып отырған қызметі көп десем артық айтпаймын. Себебі пандемия болған екі жылдай уақытта балалар мектепке бармай жүрген кездерде мектептен тыс білім беру мекемелері қарқынды жұмыс жасап, балалардың үй тапсырмасын сапалы орындауына, уақыттарын тиімді өткізіп, өнер мен спортпен шұғылдануына жағдай жасады. Мектептен тыс мекемелер балаларды жан-жақты қырынан дамытып келеді. Республикалық деңгейде түрлі байқаулар ұйымдастырып, талантты балалардың жолын ашуға ұйытқы болып жүр. Бүгінде баласының жарқын болашағын ойлаған әрбір ата-ана балаларды мектептен тыс уақытта қосымша білім беру мекемелеріне алып барудың қаншалықты маңызды екендігін жете түсінеді, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Лесбайқызы.

Қазіргі таңда елімізде «Мұғалім мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданған, мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Мұның барлығы мұғалімдерге жүктелер міндеттің де салмағы бұрынғыдан көп екенін көрсетері анық. Осы орайда тараздық Оразкүл Өмірбекқызы есімді ата-ана ойын былай сабақтады. «Менің балаларымның мектеп бітіріп кеткеніне біраз уақыт болды. Дегенмен қазіргі таңда туыстарымнан «баламның математикадан үлгерімі нашарлап кетті, қазақ тілінен қосымшаға бару керек болды» деген сөздерді жиі естимін. Олардан сонда мектепте мұғалімдер не оқытады, бала бағдарламаны партада отырып меңгере алмаса мектептің не керегі бар деп сұраймын. Оған әрине, мардымды жауап жоқ. Бұрынғы ұстаздар қандай еді, шіркін. Менің анам да бастауыш сыныптарға сабақ беретін. Сол кезде жұмысына адал берілгені соншалық, әріп танымай, жазуы нашар болған балаларды сабақтан тыс уақытта алып қалып, қасында отырып, бірге жазып, бірге оқып әбден оқу үлгерімі жақсарғанша сол шәкіртімен жұмыс істейтіні есімде. Ал қазіргі таңда көпшілік мектептерде бастауыш сынып мұғалімдері егер ата-анасы тарапынан сұраныс болса, сағатына қосымша ақша төлесе ғана ол шәкіртімен жеке жұмыс істейтін көрінеді. Міне кереғар құбылыс. Ол мұғалімге балаларды оқытқаны үшін мемлекет айлық төлеп отырған жоқ па? Осы мәселе мені қатты толғандырады. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Мұғалімдердің арасында да шәкірті үшін шыр-пыр болып, жанын салып еңбек ететіндер де жоқ емес», – деді Оразкүл Өмірбекқызы.

Бұл тұрғыда білім беру жүйесінің қым-қуыт тірлігі мен ыстық-суығына төзіп жүрген ұстаздар қауымының да өз уәжі бар. Осыған орай жоғары санатты, бастауыш сынып мұғалімі Анар Атабаеваны сөзге тартқан едік.

– Қазіргі білім беру мазмұны бойынша жасалған бағдарламаның қиын, балаға түсініксіздеу екені рас. Осы бағдарлама талабы бойынша тағы бір мәселе мұғалім мұнда тек бағыт беруші болып саналады да, көп нәрсені баланың өзінің ізденуіне, оқып, үйренуіне тура келеді. Сондықтан мектеп бағдарламасын әр бала еркін меңгеріп, алып кете алмайды. Салдарынан ата-аналар балаларын қосымша оқытуға мәжбүр болады. Екінші жағынан ата-аналардың көпшілігі таңнан кешке дейін жұмыста, баласының сабағын оқытып қадағалайтын уақыты жоқ. Сөйтіп, баласы қатарынан қалмасын деп қосымшада оқытады амалсыз. Ал кейбір ата-аналар шын мәнісінде баласына жаны ашып, оның болашағын ойлап, білім игерсін, қиын бағдарламаны түсінсін деп қосымшаға өз қызығушылығымен жетелейді. Педагогтың оқытқанын одан әрі педагог жалғастырсын дейтіндер бар. Көбіне үлкен кісілер қазіргі бағдарламаны түсінбейміз деп жатады. Шындап келген жаңашылдық білім беру жүйесін осындай жағдайларға әкеліп отыр, – дейді Анар Алтынбекқызы.

Біз Тараздағы «Інжу» балаларды дамыту жекеменшік орталығының жетекшісі Жансая Ертайқызымен де тілдесіп, қай пән бойынша орталық қызметіне жүгінетіндердің қатары көп деген сауалды қойған едік.

– Біздің орталық ашылғалы бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Ата-аналар көп жағдайда баласын жылдам оқуға машықтандыру, көркем жазуға үйретуімізді сұрап келеді. Одан кейін бастауыш сынып оқушылары арасында «продлёнкаға» келетіндер көп. Пандемия кезінде үй тапсырмасын орындауға қатысты келгендердің саны артты. Ал үйірмелер бойынша шахмат пен биге сұраныс басым. Өзімде ата-анамын. Балалардың үй тапсырмасын орындау кезінде көптеген қиындықтарға тап келдім. Содан осындай орталық ашып, жүргізуді қолға алдым, – деді Жансая ханым.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қарап отырсақ, қазіргі заманның талабы басқа. Білімге қойылып отырған жаңашыл жүйенің әдістері бұдан әрі күрделенбесе, жеңілдемесі анық. Сондықтан әрбір ата-ана мен бала білектің күшімен емес, біліммен бәсекелесетін кезеңнің келгенін жете түсінген сыңайлы. Алайда балаларды бірден қосымша білім беру мен жекеменшік мектептерге алып барып, олардың қызметіне қырауар ақшаңызды құртпай, алдымен баланың өз мүмкіндігін көрсетіп, еркін ойлануын, біліктілік деңгейін өз бетінше дамытуына күш салған дұрыс сынды. Бұл тұрғыда Білім және ғылым вице-министрі де негізінен, бастауыш сыныпта оқушының өздігінен оқуына ықпал етуіміз керектігін айтады.

«Бастауыш сынып оқушысын репетиторға беру арқылы оны өздігінен әрекет ету дағдысынан айырамыз. Бала тапсырманы орындау барысында қателеседі, қатесін өзі түзетеді. Бұл жағдайда мұғалімнің қолдауы, түзетуге мүмкіндік беруі өте маңызды. Бірінші сыныптан қосымша оқытушы арқылы оқып үйренген бала жоғары сыныпта да ересек адамның қолдауын күтетін болады. Дегенмен әрбір мұғалім өзі беретін пән бойынша қанша оқушы қосымша оқу орталығына баратынына талдау жасап, қажетті білімді сабақ арқылы беруі және сабақтан тыс уақытта оқушыны дамытуы тиіс», – дейді Шолпан Қаринова. Бүгінгі сөздің түйіні де осыған саяды.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support