- Advertisement -

Совет Әлімқұловтың атына берілген көше қалай жоқ болып кетті?

629

- Advertisement -

Совет Әлімқұловпен таныстығымыз 1977 жылы басталды да, сыйластығымыз қызметтес болған 1978 жылдан ол кісі дүниеден өткенге дейін үзілген емес. Жай ғана сыйластық дегенім берісі ғой, Сәкең – менің журналистік қалыптасуыма да зор ықпал жасаған шығармашылық тұлға. Мен бұл сөздерді үлкен ризашылық, алғыс сезімімен айтамын. Бір сөзбен айтқанда, ол кісіден үйренгендерім көп.

Совет Әлімқұловты мен балалар ақыны ретінде бағалаймын. Мен ол кісіні солай танығанмын. Сол ойдамын қашанда. Әрине, Сәкеңнің лирикалық, патриоттық тақырыптағы өлеңдері де көп. Олардың көркемдік сипаты да жақсы. Бәрібір маған ақын Совет Әлімқұловтың балаларға арналған өлеңдері өзгеше.
…1977 жылы облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеті редакциясына дипломалды тәжірибеден өтуге келген кезім. Редакция жанында әдеби бірлестік жұмыс істейтін. Айына бір рет болуы керек, бірлестік отырысы өткізіліп тұратын. Онда жас талапкерлердің, ішінде жасамыстары да бар, шығармалары талданып, танымал қаламгерлер өз бағаларын береді. Сонда балалар әдебиетінің проза жанры бойынша Әлдихан аға Қалдыбаев тізгін ұстайтын да, поэзия жанрында Совет аға Әлімқұлов пікір білдіретін көпшілігінде.
Саңқылдап сөйлеп, таңқылдап күлетін істік мұрын, бүйрек бет Совет ағаның шығармаларын талдауға ұсынған жас талапкерлердің балаларға арналған өлеңдерін түкке алғысыз жарамсыз етіп тастаған кездерін көрмеппін әдеби бірлестік отырысында. Кейбіреулерге жалпақшешейлік сияқты көрінген де шығар, ал мен жас талапкерлерге шынайы қамқорлықты аңғардым. «Ешкімнің көңілі қалмасын» деген періште пейілді, бала мінезді еді ғой, жарықтық. Өмірден сол қалпында өтті.
Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Тәрбие – талбесіктен. Бала жанына отаншылдық, ұлтжандылықтың ұрығын себуде балалар әдебиетінің орны бөлек. «Баланы – жастан», «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деп мақалдатқан қазақ жас ұрпақ жайын ерте бастан ойлау керек екендігін ескертеді. Адамдар, ата-ана, мұғалімдерге мерейлі міндет жүктейді осы қағидалар арқылы. Оны жүзеге асыруда балаларға арналған шығармалардың үлкен рөл атқаратыны даусыз. Осы орайда, балалар ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұлов шығармаларын насихаттаудың, мектептерде Әлімқұлов сағаттарын, кітапханаларда оқырмандар конференцияларын өткізудің, ақын шығармаларына арналған әдеби кештер ұйымдастырудың сәті туып тұр.
Айтылмаса, сөз – жетім. Осы жерде орайы келіп тұрған тағы бір мәселе бар. Ол – ақын атын ардақтау, мәңгілік есте қалдыру мәселесі.
Биыл – Совет Әлімқұловтың дүниеден озғанына – 30 жыл. Келер жылы туғанына 85 жыл толады.
Ақын қайтыс болғаннан кейін оның замандасы, әріптес досы Базар Қилыбаев жүгіріп жүріп ол 20 жылдай тұрған, қызмет атқарған Аса ауылында бір көшеге аты берілуіне қол жеткізген. Арғы шеті мен бергі шеті таяқ тастам сол «шолақ» көше бүгінде жоқ болып кеткен. Ақын атына көше берілгені туралы ономастикалық комиссия ұсынысы мен аудандық мәслихат шешімін де ешкім тауып бере алмасы анық.
Ендеше, ескіні қопарып жатпай-ақ, Аса ауылында саяси мәні жоғалған немесе жаңадан бой түзеген көшелердің біріне КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ұзақ жылдар Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарған Совет Әлімқұловтың атын беруді ойластырған дұрыс болар еді. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда» дегендей, бұл облыстық ономастикалық комиссия мүшелерінің де құлағына таққан «алтын сырғамыз» болсын.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support