- Advertisement -

Таразға кел, Таразды көр ендеше…

141

- Advertisement -

Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төктім қағазға.
Ғасырлардың саусағында нұр шашқан,
Гауһар жүзік секілденген Таразға.

Көне шаһар көз алдыңда көлбесе,
Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе.
Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса,
Таразға кел, Таразды көр ендеше.

Ғашық жүрек жырға ынтық гүлге әсем…
Қожа Хафиз мұңымыз бір, сыйлас ең.
Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың,
Таразымның түйір тасын қимас ем.

Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған,
Нәйдің назы, дутар сазы тараған.
Шайханада қорқор тартып көпестер,
Мәйханада мұңаяды марал ән.

Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген,
Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен.
Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа,
Пәранжасыз пүліш киген сылқыммен.

Серпі уақыт заманалар түнегін,
Тарихыма тартып туған ұл едім.
Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі,
Рүстемнің елжіреткен жүрегін.

Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төгіп қағазға.
Ақтық рет қағылғанда кірпігім,
Бір ұлы көш бетін түзер Таразға.

Маралтай Райымбекұлы,
ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support