- Advertisement -

Шеберлiк ұстаханасы

354

- Advertisement -

Таразға жолым түссе, Төле би көшесінің ең бір көрікті жерінде орналасқан «Баспасөз үйіне» соғып, әріптестеріммен кездесіп, өткен күндерді еске түсіріп, бір арқа-жарқа болып қаламын. Кейде ұшып түсіп жатқан күзгі сап-сары жапырақтар сияқты тұла бойымды сағыныш билеп, ақ тұмандай мұңға бататыным да бар. Өйткені сол кездегі облыстық «Еңбек туы» газетінің табалдырығын имене аттағанымда қамқорлық жасап, демеу болған, қанаттандырған аға әріптестерімнің, қатарлас замандастарымның көбісі дүниеден озды, бұл фәниде жоқ.

1970 жылдардың ортасында қазіргі Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет атқардым. Бір аудандық басылым ғана емес, облыстық, республикалық газеттерге мақала, суреттеме, очерктерім жиі-жиі жарияланып, журналист ретінде кәдімгідей танылып қалған шағым. Аудан орталығы – Михайловка селосы мен облыс орталығы – Жамбыл қаласының арасы әрі кетсе 12 шақырымдай. «Еңбек туында» жақын достарым Мұсабек Рахманбердиев пен Болат Мәуленов қызмет атқарады, соларды жиі-жиі іздеп барамын. Екі достың арқасында Кеңес Рахметуллаев, Әбдуәлі Әлиев, Ахмет Қазыбеков, Срайыл Керімбаев, Қасықбай Асаубаев, Насыр Қоссейітов, Бақытяр Әбілдаұлы, Қыстаубай Байтуов ағаларыммен етене араласып кеттім. Ол кезде облыстық «Еңбек туы» газетінің дүркіреп тұрған кезі, аптасына бес рет шығады. Бас редакторы – Баттал Жаңабаев облыстағы аса беделді тұлғалардың бірі. Бас редактордың орынбасарлары: Мейірхан Қуанышбаев, Анарбек Айтбаев, Әлдихан Қалдыбаев сол кездердің өзінде үш-төрт кітабы жарық көрген танымал жазушылар. Мен, әсіресе Анарбек және Әлдихан ағаларымның жақсылығын көп көрдім. «Менің атым озғанша, көршімнің тайы озсын» дейтін кең пейіл, тамаша жандар еді.
Ол кезде тоталитарлық заманның қылышынан қан тамып тұрған кез. Басылым – облыстық партия комитетінің органы, цензуралық бақылау басым. Соған қарамастан, ұлтымыздың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі туралы құнды дүниелер облыстық газетте жарияланатын.
Әртүрлі жанрдағы дүниелерім облыстық басылымға жиі шығып тұрды. Алатын қаламақым да әжептәуір, қалтам қалыңдау кездерде ағаларыма, достарыма соғып, «жуып» кетемін. Әріптестерім де мәз, мен де мәзбін.
Әлі есімде, 1977 жылдың сәуір айының соңы болатын. Ойламаған жерден мені «Еңбек туына» қызметке шақырғанда қуанышымда шек болмады. Әдебиет, өнер тақырыбына жақындау болсам да, газеттің өнеркәсіп-транспорт және құрылыс бөліміне тап болдым. Сол уақытта Қаратау – Жамбыл аймақтық өндірістік кешені дүрілдеп тұрған шақ. Жамбыл қаласының бір өзінде Бүкілодақтық маңызы бар үш ірі-ірі химия зауыттары түтінін будақтатып, күні-түні жұмыс істеп жатады. Қаратау және Жаңатас қалаларындағы бай фосфор кен көздерін игеру – басты міндеттердің бірі болатын. Жамбыл аяқ киім фабрикасында екі ауысым бойынша бес мыңнан астам адам жұмыс істейтін. 1970 жылдардың аяғында Жамбыл облысы үлкен құрылыс алаңына айналды. Автотранспорт, темір жол саласы да республика бойынша алда болды. Сондықтан да белгілі журналист Кеңес Рахметуллаев басқаратын бөлім облыстық газетте жетекші орын алды.
Алғашқыда күрделі тақырыптарға «тісім батпай», кәдімгідей қиналып жүрдім. Бөлімге көбінесе орыс тілінде жазылған анықтамалар түседі. Күні бойы шұқшиып, солардан мақала дайындаймын. Көп техникалық терминдерді түсіне бермеймін, қолымнан қазақ-орыс сөздігі түспейді. Осындай қиын сәттерде Кеңес Рахметуллаев ағамның көмегі көп болды, ол өзін тәжірибелі, парасатты, адамгершілігі мол журналист ретінде көрсете білді. Жаны жәннатта болсын, үлкен азаматты әрдайым ризалық сезіммен еске аламын. Ол кісі ешқашан қабақ шытпай, тақырыпты қалай игеруді, мәселе көтеруді, талдай білуді үйретуден бір жалыққан емес. Осының арқасы болса керек, бір жылдың ішінде үлкен бөлімнің тіс қаққан тілшісі болып, мақтауға іліге бастадым. Кеңес ағам екі жылдан соң жауапты хатшы болып тағайындалды да, оның орнына Жаңабай Миллионов келді. Жас та болса, өмірден түйгені, көргені мол білікті журналиспен бес жыл бойы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек еттім. Біз әріптестер ғана емес, жолдас, дос болып кеттік. Оның парасаттылығына, тектілігіне, адам жанын түсіне білетіндігіне, адамгершілігіне таңғалатынмын.
Бұрынғы «Еңбек туы», бүгінгі «Aq jol» газеті 1982 жылдың басына дейін қазіргі Төле би көшесінің шығыс бетіне орналасқан «Жамбылқұрылыс» тресінің бесінші қабатына орналасқан. Тамыз айының қарға миын айналдыратын ыстық күндерінің бірі еді. Өзі тар әрі қапырық бөлменің ішінде аузын ашқан балықтай болып әріптесім Толымбек Әлімбеков екеуміз әрең отырмыз. «Шіркін-ай, осындайда бір-екі саптыаяқ тобылғы түстес сыра болар ма еді?» деп жанымда отырған серігім тамсанып-тамсанып қояды.
Редактордың кабинетінен оралған бөлім меңгерушіміз Жаңабай Миллионов стол үстінде шашылып жатқан қағаздарын жинастырып, қол сағатына бір көз жүгіртіп өтіп, сонан соң маған қарады.
– Доқтырхан, мен облыстық жолдар басқармасына кеттім. Кешкі планеркаға үлгермеуім де мүмкін. Оған өзің міндетті түрде қатыс, Бас редактор мені сұрай қалса, қайда кеткенімді айтарсың, – деп кабинеттен шыға берді.
– Бастығымыз соңғы кезде жол басқармасына жиі барғыштап кетті. Проблемалық мақала жазғалы жүр-ау шамасы, – деді әріптесім саусағымен столды тырсылдатып. Сонан соң мойнын созып қойып, маған керемет бір идея айтты.
– Доқа, бір-екі күрішкі сыра ішіп келсек қатып кетер еді, ә!
– Толымбек-ау, ондай күн қайда? Оның үстіне жұмысты қайтеміз? Жақаң болса кетіп қалды, – дедім мен орнымда тыпыршып.
– Бір сағаттың ішінде бөлмемізді топан су алып кетпес, кешкі планеркаға үлгерсек болды емес пе? – деді Толымбек алған бетінен қайтпай.
– Түу, болмадың ғой, бір аяғымыз анда, бір аяғымыз мында дегендей, тез барып келейік, – деп мен де көне кеттім.
«Тюльпан» мейрамханасының жанындағы сырахананың іші нағыз доданың өзі болып шықты. Қолымызға бір-бір кружка ұстап, екеуміз сол көкпарға атойлап кіріп кеттік.
– Соңы кім екен? – дедік екеуміз ентіге жарыса сөйлеп.
– Мен…
Маңғаз, бірақ тым таныс дауысты естіп, күнде қатар отыратын бөлім меңгерушісін көргенімізде екеуміз де тілден айырылдық…
– Әй, батырлар, суатқа сендер де келіп қалдыңдар ма? – деп Жаңабай еңкілдеп күліп жіберді.
Біраз шөлімізді басқан соң, үшеуміз бөлек-бөлек үш жолмен жүріп, көп ұзамай жұмыс кабинетінде отырдық. Сол күні кешкі планеркаға өнеркәсіп-транспорт және құрылыс бөлімінің меңгерушісі Жаңабай Миллионовтың өзі қатысты. Бір ғажабы бізге ұрысқан да, ақыл айтқан да жоқ.
– Биыл күн ыстық болып тұр. Шөлдегенде сыра жарықтық керемет қой! Алдағы уақытта үшеуміз бірдей кетіп қалып жүрмейік, кезек-кезек барып тұрайық, – деп Толымбек екеумізді мақтамен бауыздағандай болды.
Осы оқиғадан соң, бастығымыздың кеңдігіне, адамгершілігіне бас иіп, жақсы көріп кеттік. Жұмысымыз жүріп жатты. Жақаң бізге сенді, біз оған арқа сүйедік.
Содан бері талай-талай уақыт, зуылдап күндер өтті. Бүгінде Толымбек екеуміз Алматыда тұрамыз, ел аузына іліккен жазушымыз, сатира жанрына жарыса қалам тартып жүрміз. Кездесіп, бас қосқанда жалындаған жастық шағымызды, «Еңбек туындағы» өткен күндерді, бастығымыз Жаңабай Миллионовты еске алып, сағынышпен әңгіме қозғаймыз.
Жаңабай бүгінде облыстық ардагерлерге арналған «Ғұмыр-дария» қоғамдық саяси газетінің Бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері. Бұдан 43 жыл бұрын басталған достығымыз осы күнге дейін үзілген емес.
«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» демекші, осыдан біраз жыл бұрын дүниеден озған Сраиыл Керімбаев ағамды сағынышпен еске аламын. Ұлы Отан соғысының ардагері, екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері атанған ағамыз облыстық газеттің белді қызметкерлерінің бірі еді. Мәскеуде өткен Жеңіс парадына екі рет қатысқан жауынгер-журналисті бәріміз жақсы көретінбіз. Жасы алпысқа таяп қалса да бала сияқты жаны жаңа жауған қардай тап-таза, адам баласына жақсылық жасауға асығып жүретін. Ол кісінің жанының кіршіксіз тазалығын, кейде Қожанасыр сияқты әпенділігін есіме алып, жүрегім жылып сала береді. 1980 жылдардың басында «Спорт-лото» пайда болып, ақ көңіл ағамыз соған кәдімгідей әуестеніп жүрді.
Жаңабай Миллионов жетекшілік ететін бөлімде Тоба Момынәлиев, Толымбек Әлімбеков, Әбілда Сәрсенбиев бірге қызмет атқарамыз.
Бірде Сраиыл ағамыз есікті айқара ашып, қуана кірді.
– Жақсы көретін інілерім түгел осында екенсіңдер ғой, – деді ол шаттана үн қатып. – Мені құттықтауларыңа болады. Мына жаман ағаларың «Спорт-лотоның» жеңімпазы атанды!
– О, аға, тамаша жаңалық екен! Құтты болсын! – деп бәріміз орнымыздан ұшып тұрып, Сырағаны кезек-кезек құттықтай бастадық.
Сол күні жұмыстан соң ағамыздың жеңімпаз болғанын шұғыл түрде «жуып» тастадық. Қаржылай демеуші – Срайыл ағаның өзі.
Бұдан кейін де Керімбаев көкеміз «Спорт-лото» бойынша бірнеше рет жеңімпаз атанып, оның соңы әдеттегідей «жууға» ұласып жүрді. Кейін білдік, жарықтық әлгі ойыннан бір тиын да ұтпапты. Әрқашан да жақсылыққа бір табан жақын жүретін ағамыз жақсы көретін әріптес інілерімен басқосып, жан сырын ақтару үшін бір себеп-сылтау іздейді екен. Бұл басқосулардың «құпиясын» білген соң, Сырағаны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттік.
Мен «Еңбек туында» бір бөлімде жеті жыл қызмет атқарып, Қазақ теледидарының шақыруымен, Алматыға қызметке ауыстым. Қатардағы редактордан «Қазақтелефильмнің» Бас директорлығына дейін көтерілдім, жазушы-режиссер атандым. Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің Бас жүлдегері атандым. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерімін.
Бұрынғы «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol» газеті – қазақ әдебиеті мен журналистикасының нағыз шеберлік ұстаханасы. Есімі бүкіл қазақ халқына белгілі қаламгерлер: Берік Шаханов, Мұса Рахманбердиев, Елен Әлімжан, Әлдихан Қалдыбаев, Мәдина Көбеева, Толымбек Әлімбекұлы, Тынышбай Рахимов, Мұрат Сыздықов, Несіпбек Дәутайұлы, Асқаржан Сәрсеков, Мақұлбек Рысдәулет, Көсемәлі Сәттібайұлы осы киелі қарашаңырақтың түлектері. Айтулы басылымда есімі республикаға белгілі журналистер Ұзақбай Доспанбетов, Болат Мәуленов, Лесбек Сайлаубеков, Болат Жаппаров, Рахметбек Өзбеков, Сапарғали Әлібаев, Мақұлбек Малдарбеков сияқты журналистер де әр жылдары еңбек етті. Зуһра, Рая, Сейдімкүл, Райхан, Аякөз бастаған қыз-келіншектер шығармашылық ұжымымыздың көркі болатын.
Қазақ жеріне аяғын нық басқан 2022 жылы «Aq jol» газетіне 100 жыл толады. Осы кезең ішінде бір ғасыр бойы өмір сүрген басылым халықтың нағыз үніне айналып, облыстың өткен дәуірін, тарихын, осында тұрып жатқан қазақ халқының, өзге де ұлттар мен ұлыстардың тыныс-тіршілігін, татулығы мен бірлігін, экономикадағы, әлеуметтік жағдайдағы, мәдениеттегі қол жеткен табыстарымызды, жетістіктерімізді, әлі де шешілмеген түйінді мәселелерді үнемі талмай жазып келеді. Бүгінде Қазақстан бойынша өзіндік тарихы, дәстүрі, шығармашылық ізденісі бар «Aq jol» газеті еліміздегі таңдаулы басылымдардың біріне айналды.
Қазақ баспасөзінің қарашаңырағына айналған газеттің қанат қаққан түлегінің бірі ретінде мен мұны мақтан етемін.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы-режиссер,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support