- Advertisement -

Қазақ атамыздың «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» деген сөзінде терең мән бар

108

- Advertisement -

Еліміздегі тосын жағдай адамдардың мемлекетке, ұлтқа деген көзқарасына үлкен өзгерістер алып келді. Бейбіт өмір сүріп отырып табан астында осындай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Егемендігіміздің отыз жылдығын атап өтіп отырғанда бұл жағдай елдің еңсесін түсіріп жіберді. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Жиырма жас ерлік жасайтын уақыт. Осы жиырма жасқа абай болыңдар» деп айтқаны бар. Шеруде шоғырланған топтың көбісі жастар екенін естіп, біліп, көңіліміз құлазып отыр. Əркім өз болашағын жасауға құқылы. Бірақ соған дұрыс бағыт-бағдар болуы тиіс. Түрлі теріс пиғылды топтар солардың бағытын өзгертіп жіберген секілді. Ақыры осындай жағдайға тап болдық.
Енді содан сабақ алуымыз қажет. Өзім де ата-ана ретінде айтарым, ең бірінші отбасы тəрбиесін дұрыстауға басымдық беруіміз керек. Қазақ атамыздың «əй дейтін əже, қой дейтін қожа» деген сөзінде терең мəн бар. Əр отбасында ұлттық құндылықтардың қадірі, тыныш өмірдің, бейбітшіліктің маңыздылығы үнемі айтылып отырса мұндай жағдай болмас еді. Жастарымыздың санасында да бөгде көзқарас қалыптаспайтын еді. Осы ретте əр отбасының үй иесі болып отырған əкелерді, аналарды бала тəрбиесіне басымдық беруге шақырамын. Үнемі негативті естіп өскен бала да сондай əрекеттерге барады. Бос ыдысқа құм толтырсаң құм, сүт құйсаң сүт, су құйсаң ішіне су толады. Ал жастарға дұрыс тəрбие беру үшін өзіміз дұрыс жүруіміз керек. «Балам, түзу жүр» дегенде «Əке, мен сенің ізіңмен келе жатырмын ғой» деген жағдай болмас үшін тəрбиені өзімізден бастағанымыз абзал. Ата-аналармен жұмысты күшейтуге тиіспіз. Аудандарда да ата-аналар комитеттері бар. Солардың жұмысына да жүйелілік қажет. Оқушылар мен жастардың тəрбиесі сөз болған жиындардың бірінде аптаның бір күнін отбасы күні деп белгілесек, тіпті, сол күннің бір сағатын жəне сол күні отбасындағы тəрбиеге мəн берілсе деген ұсыныс айтқан едім. Елдегі осы жағдай тұрақталып, қалпына келсе, ата-аналармен жұмысты күшейтеміз деп отырмыз. Себебі ата-ана дұрысталмай, бала ешқашан дұрыс жолда жүрмейді.

Ринат Нұрақбаев,
облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support