- Advertisement -

Көрген-баққан

97

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

***
Мысық май тауып алса, қайда барып жерін білмей жүгіретін. Кей министрліктегі клерктер де сол, таңертеңнен кешке дейін қолдарына екі-үш бет қағазды ұстап алып, әр кабинетке бір кіріп жұмыс күнін аяқтайды.

***
Құтылғанмен застойдан, құтылмадық ас-тойдан.

***
Ертеңгі жер құйрықтан бүгінгі өкпені тәтті көріп жүрміз.

***
Өңкей чиновниктермен, көзін шел басқан байшыкештермен, құл-құтанмен, сұрқай базаршылармен қай қақпаға барып тірелер екенбіз?!

***
Шындықтың да бақыт сияқты кеш келетіні-ай!

***
Табынып та, таңырқап та болдым. Өз еркім өзіме тисін. Рұқсат етіңіздер.

***
Ұстазға табына берсең мәңгүрт боп қалу қиын емес.

***
Ой азаттығын аңсап ем алдым-жар, артым-өрт екен.

***
Ақсақал адам домбырамен нақыл термені төгіп отыр.
– Біріншіде не жаман…
– Екіншіде не жаман…
– Үшіншіде не жаман…
– Қойшы, көке шаршадым, – дедім. – Жүрегім айниды.

***
Мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз.

***
Қазақтың қайғысы қарны тойған жерде қалады.

***
Жолбарыс көрсең құйрығынан ұстап айырылма. Айырылсаң өзіңді жарып тастайды… Жарылып, жайрап қалғандар аз ба?

***
Мені біреулер мінезді дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды.

***
Қазақстанның қорасы ашық-тесік жатыр. Кім көрінген кіріп-шығуда. Даусы жуан бір төбетті байлап қояр ма еді?!

***
1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен. Басты кейіпкерім Айнан мен Емрон. Қақаған қыс іші. Алатаңмен жолға шығып екі селоның ортасында адасады. Шанаға жеккендері жеті ит. Топ бастаушы ақ ит. Әбден тарыққан сәтте төбелерінен самолет ұшады. Бұлар «Құтқар, алып кет» деп айқалап жүгіреді. Қарайды ма? Ақыры Ақ ит өліп, жетек басына Қызыл ит келеді. Ол тіптен адастырады. Айнан мен Емрон төбелесіп жатады…
Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон – халық. Адасып жүр. Ал, көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық Комитеттің Саяси Бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.
Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп: – Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, – деп сәлемін жеткізді. Ішім қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен. Ол кезде аға Қонаевтың қарауында сектор меңгерушісі.
Өзгелер оқымады иә көзге ұрып тұрған саяси жүйеге қарсылықты жәй қарсылық емес-ау, дұшпандық сөзді түсінбеді. Әйтпесе, журналдың бас редакторы Мұхтар Шахановқа да, оны жазған маған да бір сойқан әзір еді. Жай сойқан емес, саяси диссидент боп кете барар ма едім, кім білсін?!

***
«Бас» деген шағын роман жазғанмын. Оқиға жалаугер Махамбет ақынның бас сүйегінен басталады. Ноэль Шаяхметов мүсінін қалыптаймын деп Қаройдағы моладан 1966 жылы қазып алған. Сол бас сүйек 1983 жылға дейін жоғалып, ақыры Фурманов көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылды. Оқиға қоюлана келе үндіс Апачидің тағдырына ұласады. Одан қуалап Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафи, Бен Ладен тіпті Джохар Дудаевтың да шабылған бастары жүйеленеді. Батыс пен Америкаға арнап ащы сөз айтылады. Мұсылманның бас көтерерінің бастарын қанжығаларыңа байлаңдар, ендігі кезекте кім тұр деймін…
Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтейтін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі: – Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі, – деген кесім айтты.
Әзірге «Бастың» тағдыры осы.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support