- Advertisement -

Елдегі реформалар – жаңа дәуірдің бастауы

184

- Advertisement -

Алыс-жақын шетелдегі орын алып жатқан түрлі оқиғалар – елге келер қауіп-қатердің иек астында екенін талай ескерткен еді. Бір сәтке алыстағыны ескермей, жақындағыны қаперге алмаған секілдіміз. Рас, көптің тілек-ниеті бейбіт еді, тек билік ескерсе, естісе деген еді. Осыны пиғылы бұзық топ өз пайдасына жаратты. «Қаралы қаңтардағы» оқиғаларды қайта қайталап, еске түсірудің өзі ауыр. Ал осы сын-сағаттардан біз қандай сабақ алдық?! Алдымен осыған тоқталсақ.
Мемлекеттік мүдде таразы басына түскенде халқымыз билікпен бірігіп, сыртқы соққыға бірлесе төтеп берді. Тәу етер тәуелсіздігімізді таразы басына тартып қарап отырған жоқ. Қиын-қыстау шақта дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтаса білді.
Жасыратыны жоқ, жұрт Парламент Мәжілісі отырысында Президент кесімді шешім, қоғамды түбегейлі өзгертер реформаларды жария етеді деп үлкен үміт артты. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде ауыл-аймақтарды көп аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын естіп-көріп жүргендіктен, қордаланған проблемалардың түйінін тарқатар үлкен бетбұрысты өзім де қатты күттім. Мемлекет басшысы өз сөзінде барлық салаға серпін әкелер өзгерістерге жеке-жеке тоқталды.
Көптеген салалармен қатар, елдегі басқару жүйесіне өзгеріс қажет екендігі айқындала бастағалы да біршама уақыт болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Уақыт ағымының өзі түбегейлі бетбұрыстарға сұранып тұрған. Әсіресе құқық қорғау саласының осал тұстары оқтын-оқтын өз белгісін беріп қалып отырды. Қателікті кешіре де білетін және кем-кетікті де қалт жібермейтін сыншы халық оны айтып та жүрді. Міне, енді сол олқылықтарды түзетіп, елде үлкен реформалар жасайтын шақ туды. Мемлекет басшысының ел мен заман сұранысын тап басып ұсынған шешімдері – осы бетбұрыс арқылы тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталғанын аңғартты.
Құқықтық реформалар, күштік құрылымдардың әлеуетін арттыру туралы шешімдерді айтып өттім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптің көкейіндегісін тап басқан тағы бір тапсырмасы – өңірлерді тең дамытуға басымдық бергені. Мемлекет басшысының аймақаралық сәйкессіздіктерді жоюдың жүйесін нақтылап бергені көңілімнен шықты. Енді Үкімет өңірлер үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және басқа да бағдарламалар шеңберінде жекелеген бағыттар әзірлейтін болады. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалау да назардан тыс қалмады.
Әлеуметтік, еңбек теңсіздігі мәселелері де ескерілген. Білім саласына да уақыттың өзі талап еткен серпіліс қажет. Бұл басқа емес, маман даярлау ісіне қажетті талаптар. Мен бұған дейін де кәсіптік білімі бар білікті кадрларға деген сұраныстың күннен-күнге артып келе жатқанын айтып келдім. Алысты шолмай-ақ өзім ашқан кәсіпорынға керекті мамандардың жас пропорциясында теңгерімсіздік туындап отырғанын айтсам да жеткілікті. Сондықтан дәл қазір техникалық, кәсіптік білім беру ісіне түбегейлі серпіліс қажет.
Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру қажеттігіне баса мән беріп отырғаны да бекер емес. Енді бұл бағыттағы нақты бастамалар сарапшылармен және қоғаммен жан-жақты пысықталатын болады. Ал оның нақты жүйесі осы жылдың қыркүйегінде көпшілікке таныстырылады.
Жалпы Президент ұсынған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие екеніне баса мән берген жөн. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы түбегейлі өзгертетініне сенім мол. Ал бұл қадам азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын зор сеніммен айта кету керек. Бұл – тұтас мемлекеттік басқару жүйесін меритократия, әділеттілік және ашықтық қағидаларының негізінде қайта құру кезеңі.

Сәуле Рысбаева,
облыстық мәслихаттың депутаты,
«Рысбаева және Ко» ЖШС-ның директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support