- Advertisement -

Оқуға ынтасы бар балаға барлық жағдай жасалған

266

- Advertisement -

Кеше «Шалғай Қарасу» алқабында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елді мекендегі құрылысы аяқталған 600 орындық №26 мектептің ашылу салтанатына қатысып, ұстаздар мен оқушылардың қуанышына ортақтасты.

– Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін ұл-қыздарыңыз №52 және №29 орта мектептеріне қатынап оқыды. Бүгін бұл алқапта 4-ші мектеп ел игілігіне беріліп отыр. Ал соңғы 2 жыл ішінде өңірімізде 44 мектеп бой көтерді. Мұның барлығы мемлекеттің білімді жастарды, жалынды жас ұрпақты қалыптастыруға ерекше мән беріп жатқандығының көрінісі. Әрине, Үкіметіміз қаншама мектеп салып, техникалық базаны күшейтіп қана қоймай, мектептің жаны саналатын ұстаздар қауымының әлеуетін көтеруге де үлкен мән беруде. Сондықтан құрметті ауыл тұрғындары, жаңадан салынған мектеп ғимараты құтты болсын! Жас ұрпақ – болашағымыз десек, сол болашағымыз кемелді болу үшін ұстаздар қауымы осындай заманауи ғимаратта аянбай еңбек етуі керек , – деді Б.Сапарбаев.
Мектептің ішін аралаған аймақ басшысы ғимараттың заманауи құрал-жабдықтармен, инфрақұрылымдармен қамтылғанына куә болды. Мультимедиялық кабинеттерді, мамандандырылған оқу сыныптарын, шеберханалар мен кітапханаларды, әдістемелік, дәрігерлік, психологиялық кабинеттерді, спорт залын көріп, құрылыс сапасына оң баға берді. Құрылысы 2 жыл бұрын басталып, биыл аяқталған білім ошағының жалпы құны 2,1 млрд. теңгені құрайды.

Келесі кезекте аймақ басшысы Байзақ ауданындағы Шахан ауылында бой көтерген 100 орындық мектептің ашылуына қатысты. 100-ге жуық түтін бар ауылдағы оқу ошағында бүгінде 33 ұстаз қызмет етеді. 118 бала білім алуда. Жаңа мектептің ашылғанына ауыл тұрғындары ерекше қуанышты. Әсіресе балаларының бал-бұл жайнаған жүздерін көрген ата-аналар дән риза.
– 2 жыл бұрын ауыл тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Міне, бүгін ауылымызда бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына келіп, бүлдіршіндеріміздің қуанышына ортақтасып отырмыз. Мұнда оқуға ынтасы бар балаға барлық жағдай жасалыпты, – деді ауыл ақсақалы Қырықбай Айнақұлов.
Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектептің ғимаратына жанама спорт залдың және асхананың құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы жауаптыларға кешеннің сыртқы келбетінде бірізділік болуын қадағалауды тапсырды.
Өз кезегінде облыс әкіміне ауылдастары атынан алғысын білдірген ауыл ақсақалы Өмірбек Бүтінбаев жомарт жастардың ықпалымен бой көтерген спорт кешенінде жылудың жоқтығын, сондай-ақ ауыл шетіндегі спорт алаңшасына газон төселмегендігін жеткізіп, әлі күнге дейін түйіні тарқамаған мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады.
Өткен жылы жарылыс салдарынан зардап шеккен ғимараттың бірі – Жібек жолы ауылындағы орта мектеп. 100-ден астам отбасы бар елді мекен тұрғындарының бас уайымы да осы еді. Енді, міне жалпы құны – 729 млн. теңгені құрайтын 150 орындық білім ордасы пайдалануға беріліп отыр. Бар-жоғы 4 айдың ішінде бой көтерген оқу ошағында бүгінде 30 мұғалім қызмет етеді.
Қазіргі таңда «Байзақ» колледжінде 286 студент білім алуда. Бүгінде олардың 89 пайызы жұмыспен қамтылған. Білім ордасының жанама құрылысымен танысқан Бердібек Сапарбаев колледж басшысына білім сапасына мән беруді, сондай-ақ студенттердің пайдалы іспен шұғылдануына барынша жағдай жасау қажеттігін баса айтты.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен жиын өткізді. Басқосуда аймақ басшысы елімізде орын алған «Қаңтардағы қақтығысқа» ерекше тоқталып өтті. Облыс орталықтарында болған тәртіпсіздіктерге байзақтық жастар «белсенділік» танытқанын жеткізген Бердібек Машбекұлы жастар мәселесін жаппай жұмылып қана шеше алатындығымызды баса айтты.
– Өкінішке қарай, жаңа жылдың басында орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің салдарынан шығынға ұшырадық. Материалдық шығыннан бөлек, адам шығыны болды. Тараз қаласында болған заңсыздықтарда Байзақ ауданының жастары «көш бастап» тұр. Сондықтан аудан әкімі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысты жүйелі ұйымдастыруы қажет. Бұл іске ауыл әкімдері, ақсақалдар, абыройлы азаматтар да өз үлестерін қосқаны жөн. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз. Жастарға осыны түсіндіре білуіміз керек, – деді. Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда байзақтықтардан 10 автомат, 7 тапанша мен 2 аңшы мылтығы тәркіленген. 40 адам аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, 4 азамат қамауға алынды. 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support